5+1: Блинкен неге келе жатыр?
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен осы жылдың 28 ақпан 3 наурыз аралығында Қазақстан, Өзбекстан және Үндістанға сапарлайды.
28 ақпанда Мемлекеттік хатшы Астанаға келіп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін Қазақстанның ресми тұлғаларымен кездеседі.
Содан кейін ол АҚШ-тың Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігі, егемендігі мен аумақтық тұтастығына және жалпы жаһандық мәселелерді шешу мәселесіне қатысты Орталық Азия бес мемлекеті өкілдерімен C5+1 форматында министрлік деңгейде кездесуге қатысады. Кездесу аясында Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанның жоғары лауазымды мемлекеттік шенеуніктерімен бөлек жолығады. Қазақстаннан кейін Э. Блинкен Ташкентке барады, онда ол бірқатар екіжақты және аймақтық деңгейдегі әріптестікті одан әрі жылжыту мәселелері бойынша Өзбекстанның ресми тұлғаларымен кездесулер өткізеді.
1 наурыз күні Мемлекеттік хатшы G20 елдерінің сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысу үшін Делиге аттанады. Міне, бізге әзірге, белгілі ресми ақпараттар легі осы ғана. Алайда Қазақстан немесе Орталық Азия елдерінің басшылары ғана емес, бұл кездесуге әлемнің алпауыт мемлекеттерінің басшылары мән беріп отыр десек, артық айтқандық емес. Біріншіден, Энтони Блинкен Қазақстанға алғаш рет келе жатыр. «Өзара ынтымақтастық және қауіпсіздік мәселесі сөз болады» деп айтылғанымен, шын мәнінде, кездесуде не қозғалуы мүмкін? Сарапшылардың назар аударып отырғаны да осы мәселе. Қазір Ресей импортына АҚШ және Еуропа елдері тоқтау салды. Бірақ одан тоқтап қалған Ресей жоқ. Өндіріс көлемі баяулағанымен, бәрібір өз өнімдерін нарыққа әртүрлі жолмен шығаруда. Бір қызығы, Орта Азия елдерінің, оның ішінде, Қазақстан да бар, Ресеймен тауар айналымы соңғы жылдары күрт өсіп кеткен. Демек, Ресейдің импортын толтырып, оны басқа нарыққа шығарып отырған Қазақстан санкцияға ілініп кетпей ме? Қалай айтқанда да АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен осы сапарында Қазақстанға ескерту жасауы да мүмкін. Өйткені қазір Қазақстанға тіркеліп алып, әлемнің әр елдерімен сауда қатынасын жасап отырған компаниялар елде көбейіп кетті. Сөйтіп, олар әлемдік тауарларды Қазақстан арқылы Ресейге тасып жатыр. Ресей нарығы тауардан тапшылық көріп отырған жоқ. Әрине, тіркелген компаниялар Қазақстанға, жергілікті билікке салығын төлер. Бірақ олардың бәрі – Ресейдің және өз пайдасы үшін жұмыс істеп жатыр ғой. 2005 жылдан Кондолиза Райстан бастап санағанда, АҚШ мемлекеттік хатшылары Қазақстанға осымен төрт-бес рет келіп кеткен. Жалпы, АҚШ мемлекеттік хатшыларының әлемде геосаяси жағдай күрделенген тұста елге сапарлайтынын ескертсек, бұл кездесуде де кейбір түйткілді мәселелер шешілмек. Шешіле ме, жоқ әлде, көршіміз болғандықтан, Ресейге қатысты бізге ескерту жасала ма, оны уақыт көрсетер. Біздің тарап мұны ашық айтпайтыны белгілі ғой. Осыдан екі жыл бұрын АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео да бізге Қытай мәселесімен келген. Енді, міне, Ресей-Украина соғысы әлемді алаңдатқан тұста Блинкеннің келуінде осындай бір сыр жатыр. Жалпы, АҚШ-тың мақсаты – Ресейді тұқырту, қолынан келсе, тоз-тозын шығарып жіберу. Қазір Украинаға батыс елдері мен АҚШ есепсіз қаржы мен қару беріп жатыр. Күн жылынысымен, украин даласында қан қасап, қиян-кескі ұрыс басталмақ. Әрине, Қазақстанның позициясы белгілі, соғысты қолдамайды. БҰҰ талаптарына сәйкес, территориялық тұтастықтың болғанын қалайды. Бірақ оған көнетін Ресей ме? Сарапшылардың айтуынша, ұрыс ұзаққа созылуы мүмкін.
Жалпы 5+1 форматының құрылуы да бекер емес. Орта Азияның бес мемлекеті және АҚШ 2015 жылы Самарқандта кездескен. Сөйтіп, 5+1 форматы құрылған. 2016 жылы аталған мемлекеттердің сыртқы істер министрлері тағы да Вашингтонда жолыққан. Кезінде бұл кездесулерді кейбір саяси сарапшылар «пиар жоба» деп атағанымен, мұның астарында АҚШ-тың мүддесі бар. Нақты айтқанда, «Үлкен Орталық Азия» жобасы жатыр.
Рас, осы уақытқа дейін Қытай мен Ресейдің Орталық Азия аймағында ықпалы зор болды. Қазір де солай. Ресейдің Еуразиялық экономикалық Одақ, ҰҚШҰ, ал Қытайдың «Бір белдеу — бір жол» жобасының Орталық Азия нарығында үлесі үлкен. Сонымен қатар, Орталық Азия елдерінің Шанхай ынтымақтастық ұйымы арқылы Ресей және Қытаймен нарықтық қатынасы жақсы жолға қойылған. Демек, АҚШ-тың 5+1 жобасының астарында аталған аймақта, әсіресе, Ресейдің ықпалын әлсірету жатыр. Кезінде АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі ДэниелРозенблюм «5+1 форматының астарында нақты нәтижеге жету бар», деп бекер айтқан жоқ. АҚШ саясаттанушысы Ариэль Коэн де «Ресей мен Қытайдың Орталық Азия нарығында саяси-экономикалық ықпалы күшейіп бара жатқан тұста, бізге қол қусырып қарап отыруға болмайды», деп те айтқан. Тіпті, осыдан бес ай бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясы аясында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерінің қатысуымен 5+1 форматында кезекті кездесуі өткен. Кездесудің қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданғаны белгілі. Демек, 5+1 форматын кезекті «пиар-жоба» ретінде қарастыруға болмайды. Бұл болашақта нәтижесін беретін жоба. Ал ашығын айтқанда, бұл кездесу Ресей тарапына ұнап отырған жоқ. Тіпті, Блинкен келіп кеткеннен кейін Мәскеудің саяси жандайшаптары Астанаға қарай сапарлауы да мүмкін.