5,7 мың жас кәсіпкерге жеңілдетілген несие берілді
Былтыр наурыз айында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мақсатында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жастарға жеңілдетілген шағын несие беру бағдарламасы іске қосылған болатын.
Биыл да бұл жоба жалғасын тауып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздегі жас кәсіпкерді қолдау, олардың бастамаларын жүзеге асыру үшін жылдық пайызы 2,5 мөлшермен шағын несиеге 7,7 мың өтініш келіп түскенін хабарлады.
Конкурс комиссиясы барлық өтініштерді қарай отырып оның ішінен 5,7 мыңға жуық жоба қабылданған. Жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында оған 26,4 млрд теңге бөлінген. Жалпы олардың 35,4 пайызы ауыл тұрғындары.
Бизнес жобасын ұсынған жас кәсіпкерлердің басым бөлігі – мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда және жеңіл өнеркәсіп салаларын қамтиды. Ең көп шағын несиелер Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Астана қаласында берілген.
Жас кәсіпкер шағын несиеге өтініш түсіру үшін оның жасы 21 мен 35 жас аралығында болуы және кәсіпкер ретінде тіркелгеніне бес жылдан аспауы керек. Ал шағын несиенің мөлшері 5 миллион теңгеге дейін болуы мүмкін.
Өтінім беру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына құжаттар топтамасын тапсыру қажет. Келесі өтінімдерді қабылдау 2024 жылдың сәуір айында барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда басталады.
Қажетті құжаттар тізімі:
жеке басын куәландыратын құжат;
жобаның бизнес-жоспары;
қызмет көрсетуші банктен шоттың бар екендігін растайтын анықтама;
несиелік берешегінің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешегінің болуы туралы анықтама (қарыз болған жағдайда);
қатысушының/өтініш берушінің жалақысын және (немесе) өзге де кірісін растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме), егер бар болса;
кепілге берілген мүлікті бағалау туралы есеп;
кепіл беруші мен кепілге қатысты құжаттар.
Шағын несиелер арнайы комиссияның шешімі негізінде беріледі, оның отырысында өтініш берушілер бизнес жобаларын ұсынады.
Аграрлық несие корпорациясы негізінен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты басқа да несиелеу бағдарламаларын жүзеге асыруда. Бұл «Кең дала» бағдарламалары (жылдық 1,5% мөлшерлемемен); «Агробизнес» (жылына 6%), «Іскер» (барлық салалардағы жобаларға жылына 4-6%). Жалпы мәліметтерді мына сілтеме арқылы өтіп таныса аласыздар.