5,7 триллион теңге. Экс вице-министр Тоқтабаевқа қандай айып тағылып отыр?
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Тимур Тоқтабаевқа қатысты тергеудің аяқталғанын хабарлады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Тоқтабаев Т.-ға қатысты өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
Оған Қостанай облысындағы қатты пайдалы қазбалардың (никель және кобальт) ірі қоры табылған Шевченков кен орнын барлауды сылтауратып, өзіне байланысы бар тұлғаларға қазба байлықты аукционсыз беріп отырды деген айып тағылды.
Нәтижесінде ол басқаратын компания өндіріске дайын депозит алды. Әлемдегі қорлары бойынша бірегей, никель мен кобальт түріндегі қатты пайдалы қазбалардың 100 миллион тоннасы 5,7 триллион теңгеге бағаланған», — деді Антикор.
Тергеу барысында бұл депозит мемлекетке қайтарылды.
Бас прокуратура айыпталушы Тоқтабаевты сотқа берді.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының ережелеріне сәйкес, өзге ақпараттарды таратуға болмайды.
Еске салайық, Тоқтабаев 2022 жылы 7 қарашада билігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталған болатын. Одан кейін олар Тоқтабаевтың және оның жақын туыстарының қымбат тұратын жылжымалы және жылжымайтын мүліктері: элиталық жеке үйлер, жер телімдері, Cadillac Escalade, Mercedes-Benz Maybach S580 4 Matic маркалы автокөліктері, екі BMW X5 Xdrive40I, Bentley Bentayga V8 маркалы көліктері тәркіленді.
Тимур Тоқтабаев 2016-2019 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде министрдің орынбасары қызметін атқарған. 2019 жылдың 17 желтоқсанында Тоқтабаев ИИДМ қызметінен «өз еркімен» кеткен.