61-дегі «АПАЙДАН» ақыл сұрама
«Істелмеген істен бүлінген іс жаман:
өйткені біріншісін әлі атқарып жіберуге
болады, ал екіншісі енді мүлдем
түзелмейді ғой».
Василий Ключевский,
орыс тарихшысы
Бірде, көпшілік бас қосқан алқалы жиында елдің дуалы ауыз қадірлі адамы отырып: «Уа, Құнанбай, Арқада қыс алты ай болушы еді, сеніменен жетеу болды ма?» депті. Сол айтпақшы, біздің үкімет суық қабақ танытып, әйелдердің зейнеткерлік жасын 61 жасқа жіпсіз байлап, жылы жауып қоя салды. Жыласа тағы ұратын түрі бар: алдағы бес жылда ауыз ашпаулары керек екен. Егер ғайыптан тайып, озық отыз елдің ортасына қойып кетсек, әйелдердің зейнет жасын 7О-ке көтеруден де кет әрі емес сияқты. Тауқыметі шаш етектен нәзік жандыларымыз ауыр жүк тиеген арбаға аяусыз жегіліп, бес мүшел жасты артқа тастап барып қана бейнетінің рахатын көретін болды.
Бурят халқының даналығы: «егер сен алыс сапарға аттанар болсаң, жат елдің алдымен әйелдеріне назар аудар. Егер, әйелдері көңілсіз болса, ол елдің от басында қызық жоқ» дейді. Бұл жағынан бізде бәрі «о, кэй!». Кәрі құрлық елдерінен еншімізге бұйырған гендерлік саясат – кеңқолтық қазақтың оң жамбасына келіп, санамызға судай сіңіп, тастай батып, өміріміздің ажырамас бір бөлшегіне айналғандықтан, Құдайға шүкір, елдің әйелдерін көңілсіз деуге келмейді. Той-томалақтың төрінде, мерекелік іс-шараның ажарын ашып, бүкіл елдің назарын өздеріне аударып келеді.
Енді әңгіменің қою көлеңкелі жағына көңіл аударсақ: әйел – мәңгі үзілмей жалғасып келе жатқан тіршіліктің тірегі деп асқақ сезіммен айқайлап айтып жүргеніміз бекер сияқты көрінеді. Өйткені әйелдерді 5О-55 жаста зейнеткерлікке шығарып жіберсек, зейнетақыға кететін шығын онсыз да тәлтіректеп, теңселіп тұрған экономикамызды одан әрі құлдыратып, қаржыны желге шашқандай болады екенбіз. Апыр-ай, ә! Аналардан аяған ақшаны ит жесін деуге батылымыз бармады.
Үкіметтің әй-шайға қарамай қабылдаған бір қайнауы ішінде шикі шешімі: барлық әйелдерге бірдей 61 жасты «құрметпен» үлестіріп бергені болды. Әйелдердің атқарып жүрген жауапты қызметі мен мамандығына сай дифференсациялау – жеке ыңғайда қарау, зерделеу болмады. Әсіресе «Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» – мұғалімдерге, жалпақ тілмен айтқанда мектептің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген «апайларға» обал болды.
Әрбір мамандықтың, әр саланың өзіне тән ескерілуі тиіс ерекшеліктері болады. Барлығын бір деңгейде өлшеп-кесуге болмайды. Айталық, мұғалімдер мен мәдениет қызметкерлерін, дәрігерлер мен салық саласының мамандарын, әкімдіктің шотын шауып жүргендер мен пагон таққандарды, мемқызметкерлерді, т.б. қатар қоя алмайсыз. Бірақ ел адамдарының барлығына заңға сәйкес зейнетке шығу жасы бірдей етіп белгіленген. «Адам аласы ішінде», кейбір зейнет жасына жеткен апаларымыз зейнеткерліктен өлердей қорқады. Жайлы орнын қимай, жылы-жұмсақтан дәме етіп, тырмысып, жағаласып, жармасып, байлықтың базарында, биліктің назарында жүргенді жақсы көреді. Бұл енді бөлек әңгіме.
Біздің айтайын дегеніміз, мұғалімдердің ауыр еңбегін ешкім де жоққа шығара алмайды. Ой еңбегі мен интеллектуалдық қабілетті қажет ететін бұл мамандықтың мазасыз тұстары өте көп. Біреудің еркетотай тәлпіш қызын тәртіпке шақырып, «боқмұрын «баласын бақытты етемін деп басы қатып жүреді. Мұғалімдерге талант пен төзімділік, орасан зор қайрат пен жігер керек. Мұғалім әйелдердің зейнетке шығу жасын 61 жасқа көтергеніміз – білім сапасын арттыруға кері әсерін тигізбей қоймайды. Бұл жасқа жету үшін «апайларымыз» ең кемі 35, әйтпесе 4О жыл мектеп табалдырығын тоздыруы керек. Тақта алдында тік тұрып, 35-4О жыл сабақ берген мұғалімді ауыр ой еңбегі қанша айтқанмен қажытады, қайраты кемиді, шау тартып шаршайды, ойы шашырап, төзімі сарқылып, еріншектік пен енжарлық етек алады. Белі шойырылып, балтыры сыздап, буындары сырқырап, денсаулығы да сыр береді. Ізденіп іс қылуға құлықсыз, жаңалықты жаңы жақтырмайды. Ескі сүрлеумен сүрініп-қабынып, ілініп-салынып жүре береді. Балаларға деген мейірімі азаяды. Былайғы жұрт жасын сыйлап жұмсақ сөйлейді. Ол соған мәз. Одан бөлек, үй тіршілігі тағы бар: немерелерді бағып-қағу, қазан-ошақ, қонақ күту, той-томалақ, көрші-қолаңмен «гәп» ойнау, т.б. Осындай күйбең тірлікпен жүргенде ертеңгі сабаққа дайындыққа уақыт та қалмайды. Бір сөзбен айтқанда, «Не ексең, соны орасың»: елуді еңсеріп, алпысты алқымдап шаршаған «апайлардың» бір қайнауы ішінде, шашыраңқы сабақтарынан оқушы білімінде орасан олқылықтар орын алады. Өкінішті-ақ.
Кеңес өкіметі кезінде мұғалімдердің ерлікке пара-пар ерекше қызметін ескеріп, еңбек өтілі 25 жылға толса зейнеткерлікке шығарып салатын. Мұндай шешімнің екі бірдей игі ықпалы болды: біріншісі – білім сапасы артты; екіншісі – мектеп ұжымдарын кейінгі толқын жастармен дер кезінде толықтырды.
Баяғы заманда ауыл адамдарының кешкі салқында дөн басына шығып әңгіме-дүкен құратын дәстүрі болған ғой. Сондай бір бас қосуда әңгіменің тақырыбы адамның күш-қайраты жайлы өрбіпті. Араларында отырған Қожанасыр салған жерден: «Менің күш-қайратым сол бәз-баяғы қалпында» деп қойып қалыпты. Ауыл адамдарының бірі: «Оу, Қожеке, жасыңыз болса 6О-тан асып барады. Күш-қайратыңыз қалайша бәз-баяғыша болады?», – депті. Сонда жарықтық Қожекең: «Ей, сендер тыңдаңдар! Біздің үйдің ауласында, өздерін көріп жүрсіңдер, бір дәу қара тас жатыр. Сол тасты бала кезімде, жігіт болғанда да көтере алмадым. Қазір де көтере алмаймын. Ендеше, менің күш-қайратым бәз-баяғыша болғаны емес пе?», – деген екен. Сол айтпақшы, күш-қайраты баяғыша деп, 6О жасқа аяқ басқан «апайларды» арбаға жегіп жүргеніміз бір түрлі ақылға қонбайды. Зейнеткерлік жасы: берісі – 5О, арысы 55 жас болса, «апайлардан» бұрын, аналарға деген құрмет болар еді.
Кезінде Ресей ғылым академиясының кілең кеңкелес академиктері жиналып, Ломоносовты академия мүшелігінен шығаруды ұйғарыпты. Мұны естіген ұлы ғалым: «Сендер мені академиядан шығарғанша, академияны менен шығарсаңдаршы» деген екен. Сол айтқандай, оқу ағарту ошағына бауыр басып қалған ұлы мәртебелі мамандық иелерінің көңіліне келмесін, білім сапасына сызат түсірмей, кейінгі толқын сіңлілеріне жол бергені жөн болар еді. Әйтпесе, әзілқой қулар «61-ге келген «апайдан» ақыл сұрама» деп күндердің күнінде күлкіге көміп тастайды.