70/30. Қазақ тілі медианарықты өлтіре ме?

Алматыда Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің жанындағы қоғамдық палатаның көшпелі отырысы өтті. Жиында «Масс-медиа» туралы заң жобасы талқыланды.
Ең өзекті болған тақырыптың бірі – қазақ тіліндегі контентті 50-ден 70 пайызға арттыру болды. Елімізде қазақ тіліндегі контенттің артуына қарсылар да бар екен. Олай дейтініміз, дәл осы талқылауда бірқатар БАҚ өкілдері мен басшылары бұл бастаманы қолдамады. Әрине, оларға қарсы уәж айтқандар да табылды. Сөйтіп жиынның арты дауға ұласып кетті.
Қолданыстағы заңның ескіргенін айтып, алғаш рет бұл бастаманы президент 2022 жылы көтерген. Содан бастап БАҚ беттерінде «Масс-медиа туралы» заң жобасы әзірленіп жатқаны жиі айтылып жүр. 1999 жылы қабылданған заңда мемлекеттің тіл мен орыс тілінде хабар тарату 50/50, яғни тең болатын. 24 жыл бойы осы заң қолданылып келді. Бірақ уақыт өткен сайын қазақ тілді аудитория өсті, болашақта да өсе беретіні сөзсіз. Мысалы, биыл еліміздегі халық саны 20 миллионға жетті. Оның 80 пайыздан астамы қазақ тілін меңгерген. Осыны ескергендіктен де алдағы уақытта қазақ тіліндегі контентке басымдық берілейін деп отыр. Жалпы осыған дейін бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға қатысты 20-дан астам талқылау өткізіліпті. Қазан айындағы сондай баспасөз мәслихатының бірінде мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева телерадиохабарлардың қазақ тілінде хабар таратуына қатысты тоқталып, бұл заң жобасы аясында мемлекеттік тілде телерадиоарналарда хабар тарату 50 пайыздан 70 пайызға дейін арттыру ұсынылғанын айтқан еді.

«Қазақстан халқының 80 пайыздан астамы мемлекеттік тілді меңгерген. Осы факторлардың бәрін ескере отырып, мемлекеттік тілдегі телерадио хабарларын тарату көлемін 70 пайызға жеткізу туралы шешім қабылданды. Айта кету керек, көш бірте-бірте түзеледі – 2025 жылдан бастап жыл сайын 5%-ға арттыру көзделген», – деген мәдениет және ақпарат министрі.
Демек, қазақ тіліндегі контентті бірден 70 пайызға арттырып жібермейді. Мұның бәрін кезең-кезеңімен, 2025 жылдан бастап әр жылы 5 пайызға арттырып отыратын болады. Балаеваның пікіріне келер болсақ, ол мұны бірінші рет айтып отырған жоқ. Бұдан екі жыл бұрын, ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тұрған уағында да «халқымыздың 80 пайызы қазақ тілінде ақпарат алуды қалайды» деп мәлімдеген.
Кім не айтса да отандық медианарықта қазақ тілділердің басым екені даусыз. Енді оны статистика бойынша талдап көрейік:
Біріншіден, жоғарыда Қазақстанда халық саны 20 миллионға жетті деп жаздық. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, санақ бойынша 2023 жылы қазақтардың үлесі 70,6 пайыз, орыстардың үлесі 15,1 пайызды құраған;
Екіншіден, биыл ҰБТ тапсыратын мектеп түлектерінің 75 пайызы сынақтан қазақ тілінде өтуге өтініш білдірген. Бұл туралы ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев мәлім етті;
Үшіншіден, оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 1 қыркүйекте 382 мыңға жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады және оның 70 пайызға жуығы мемлекеттік тілді таңдаған.
Статистика қазақ тілділердің саны басым екенін көрсетіп отыр. Қайталап айтайық, халық санының 70 пайыздан астамы қазақтар, сондықтан табиғи түрде мектеп табалдырығын аттаған оқушылардың 70 пайызы қазақ тілін таңдайды, ҰБТ тапсыратын түлектердің де 75 пайызы қазақ тілінде сынақтан өткісі келеді. Статистика бойынша, барлық жерде 70 пайыз қазақ тілі жүреді. Ал бірақ қазақ тіліндегі контенттің санын 50-ден 70 пайызға арттыруға қарсы боламыз. Мойындағымыз келмейді, дұрысы – оны билік мойындамай келеді. Ақпаратты, контентті алдымен орыс тілінде шығарады, кейін қазақ тіліне аударады. Бұл аудармасы қойыртпақ бірдеңе болып шығады. Қанша жылдан бері осы тәсілмен жұмыс істеп келеді.

Алматыдағы талқылауда не айтылды, кімдер қарсы шықты?
Бұл талқылауда бірқатар мәселелер көтерілді. Бірақ соның ішіндегі ең өзектісі – қазақша контентті 50 пайыздан 70 пайызға дейін арттыру болды. Кейбір медиа өкілдер қазақша контентке басымдық беру медиа нарықты өлтіреді деп мәлімдеді. Ең алдымен TV Commerce ЖШС департаментінің директоры Ольга Пихинько: «Бұл нарықты өлтіреді. Біз сапалы контенттен айырыламыз, қазір дайын емеспіз», – деді.
Осы жерде айта кету керек, 2022 жылдың мамырында сол кездегі ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (қазіргі мәдениет және ақпарат министрлігі) TiJi және Nickelodeon балалар телеарналарының өкілдерімен байланыс орнатып, олармен қазақ тілінде хабар таратуға лицензиялық келісімдер жасасқан. Содан кейін Nickelodeon HD Alma TV және TV Commerce кабельдік операторларында көрсетіліп жатқаны айтылды. Кейінгісінде Ольга Пихинько жұмыс істейді. Енді келіп ол контентті қазақ тіліне аударуға ақша жұмсау экономикалық тұрғыдан тиімді емес деп отыр. Alash Media Group медиахолдингінің өкілі Салтанат Жүсіпова да әріптесінің бұл пікірін қуаттады. Оның айтуынша, медиа нарықта қазақша контенттің үлесін арттыру экономикалық қиындықтар тудырып, көрермендер мен тыңдармандарды жоғалтуға әкеледі-міс. Business FM радиосының бас директоры Рустам Мақсұтов та осындай пікірде. Оның айтуынша, қазақ тіліндегі әндер радиоға жарамайды. Ол мұнымен де тоқтамай: «Радиостанциялардың, тыңдармандардың өз талғамы бар» деп мемлекеттік тілді кемсітіп, ащы сарказммен бір түйреп өтті. Өз сөзіне риза болған болуы керек, бір жымиып алды да: «Негізі қазақтілді аудиторияға арналған әндер біз ұсынып отырған талаптарға сай бола бермейді. Бұл – мейрамханалар мен кафелерде айтылатын әндер. Сондықтан бұл біздің форматқа келмейді», – деді төбеден түскендей. Қазақ әндерін «тойский» санайтын Мақсұтовтың қазақша әндерді тыңдамайтыны көрініп тұр. Әйтпесе, бұлай айтпайтын еді. Радиодиректордың қазақ әндері той-думанның айналасынан шықпай қалған деп айтуы қазақ тілі – қазан-ошақтың тілі дегенді меңзеп тұр. Бірақ бұл айтыла-айтыла жауыр болған ескі манипуляция, оның заманы баяғыда өткен. Рустам Мақсұтов қазақ әншілерінің айналадағы көрші елдерді қойып, мұхит асып АҚШ-та, оның ішінде Нью-Йорк сияқты қалаларда концерт беріп жүргенін ұмытып кетті ме екен...
Әрине, медиакәсіпкерлердің мұндай сөзі жиында отырғандардың көпшілігінің шамына тиді. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым: «Сіздер айтқан пікірлер 1999 жылы 50/50 заңы қабылданғанда да айтылған, медиа нарық өледі деген еді, міне, 30 жылға жуық уақыт өтті, өлген жоқ», – деді. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов «жыл қорытындысы бойынша тек қазақ тілінде контент ұсынып отырған Qazaqstan Ұлттық телеарнасы ТОП 3-ке еніп отырғанын» айтты.
Айтпақшы, «қазақша контентке сұраныс жоқ» дейтіндер биыл қыркүйек айында 2 апта отандық кинотеатрларда көрсетілген «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмін ұмытпаған болар. Қоғам арасында резонанс тудырған фильм 2 аптадан соң прокаттан алынған еді, көрермен шулап жүріп, уақытын тағы да создырды. Қазір қоғам арасында қазақша контентке сұраныс жоқ емес, қазақша контент болмағандықтан да оған зар болып жүрген халық, сапалы контент пайда болғанда оған жаппай барды. Осы жерде «қазақша контент медиа нарықты өлтіреді, экономикалық жағынан тиімсіз» дегендерге мынаны ескерткіміз келеді: бір ғана Ticketon.kz сайты арқылы «Міржақып. Оян, қазақ!» кинокартинасы кассалық кірісі бойынша бірінші орынға шыққан.
Айтты-айтпады, жыл өткен сайын қазақтардың саны арта беретіні заңды, соған қоса қазақ тілді контентке де сұраныс жоғарылай береді. Brand Analytics шетел сарапшыларының қыркүйек айында Қазақстандағы әлеуметтік желіге жасаған зерттеулері бойынша жыл сайын орыс тілі әлеуметтік желіде құлдырап келеді. Интернетте негізінен жастар отыратынын ескерсек, ол жақта да жыл өткен сайын қазақ тілінің көкжиегі кеңейе беретіні даусыз. Бүгінгі қазақша контентті 50-ден 70 пайызға арттыру қоғамның ғана емес, заманның талабы болып тұр. Мұны бірақ ескі Қазақстанда ескі жолмен жүріп, медиа нарықта кәсібін дөңгелетіп отырғандар түсінбейді. Майлы жіліктен айырылмау үшін, «қазақша контентке сұраныс жоқ» деп ескі әуеніне басып жатқандай.
Тұрсынбек Башар