«9 граммның» 9 тонна салмағы бар
Театрға көрермен бармайды деген бос әңгіме. Жақсы спектакль болса, театр таңдамайды қазір халық.
Оны осы аптада Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қойылған поэтикалық драмадан анық көрдік.
Қойылымның аты тартты ма, әлде салмағы ауыр тақырып болған соң ба, залда ине шаншар орын болмады. Қала тұрғындары ғана емес, Алматы облысының жан-жағынан ағылған жұрт қасиетті қара шаңыраққа жан бітіріп жіберді. Тіпті залға сыймай, тік тұрып тамашалаған көрерменге театр басшылары қызыға да, қызғана да қарап «Басқа спектакльдерге неге бұлай жиналмайды?» деп жатқанын құлағымыз шалып қалсын.
Сонымен, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделханның «9 грамм» интеллектуалды поэтикалық драмасының тұсаукесері осылай басталды. Драманы Қарасай ауданының «Қарасай жастары» театры сахналады. Әуезов пен Мүсірепов театрының кәсіби актерлері сияқты ойнамаса да, аудан театрының әртістері драманы әбден пісіріп, бойларына сіңіріп алғаны көрініп тұр.
Ауыр тақырыпты сахналаған режиссер – Жұлдызбек Жұматай болса, дыбыспен көркемдеген сазгер Қанат Ибрагимов. Көпшілік арасында шығарманың тақырыбына таңданыс білдіргендер болды. Ал мұны драманың авторы Бақыт Беделхан: «9 грамм қорғасын оқтың құрбаны болмаған адам жоқ шығар, Алаш арыстарының ішінен. Әлиханнан кешегі Алтынбекке дейінгі арыстар түгел қорғасын оқтың құрбаны. Неге осылардың бәрін тұтас жиынтық образға айналдырып, бүкіл Алаш арыстардың аузымен күллі қазақтың қайғы-қасіретін, мұң-мұқтажын жеткізбеске, арыз-арманын айтпасқа деген ой болды» деп түсіндірді. Жиынтық образ екені анық. Алайда қойылымның өн-бойынан саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевтың бейнесі анық көрініп тұрды.
Бұған дейін Алматы облысының төрт ауданында қойылып, кем-кетігі толықтырылған туынды көрген адамды ойландырмай қоймады. Кейіпкерлері кім болса да, әділдік жолында басын бәйгеге тіккен арыстардың бір тал оққа байланған ауыр тағдыры тұтастай өлеңмен өрілген. Өзегіне от түскендей күй кешсін көрермен. Ауыр туынды, бірақ өзекті тақырып. Бұған дейін сахналанбаған саяси ойындардың там-тұмдап көркем шығармаға арқау болған алғашқы спектаклі деуге де болады.
«Көркемдік шындық сахнада салтанат құрғанда ойландырмай, толғандырмай қоймайды. Қазір елдің рухын көретіп, театрдың деңгейін көтеру үшін драматургиялық тіл керек. Ол қандай тіл? Ол Шекспирдің тілі – ақ өлең. Сахнада қазақтың қасиетті қара өлеңі мен ақ өлеңі салтанат құруы керек. Сол кезде елдің назары ауады, көңілі бұрылады» – деді драманың авторы.
Премьераға өнер жұлдыздары мен қоғам қайраткерлері, саясаткерлер келді. Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімов «Қарасай жастары» театрына алғыс айтып, батасын берді. Қойылым аяқталса да, шөлі қанбай қалған жұрт әр жер – әр жерде шоқ-шоқ болып жиналып, алған әсерлерін айтып жатты. Қоғамның жанды жерін қозғаған тақырыптың өткірлігі сол, автордың:
… Төбе би төрелік айтатын төбеден
Төбет ит үретін заман болды.
Ақ періште – дегенің,
Аузы сасық харам болды.
Аға – деп алға ұстаған адамың
Қара ниетті надан болды.
Тау үгіліп, бор болды.
Нар жығылып, қор болды.
Зордың сөзі – сөз болды.
Көсеу ұстағанның бəрі – көсем,
Көсіле көсіп сөйлегені – шешен,
Құлақтан мүйіз зор болды – деген драмадағы бір шумақпен тарасты жұрт.