Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:42, 21 Сәуір 2022

Ә к е

None
None

«Қанша бас болса, сонша ақыл болады, демек сонша жүрек,

соншама махаббат болады.

..»

Лев Толстой.

          Бұл әңгіме маған сондай ыстық. Балаларға арналған «Оқсыз мылтық» әңгімемнен соң қағазға түскен – екінші  туындым. Оның жазылуына төмендегі оқиға себепші.

          Жоғарғы класта оқып жүргенде әкем екеуміз көрші ауылдағы Сапар деген кісінің үйіне бір шаруамен барғанбыз. Жасы алпыстан асқан аққұбаша әйел қарсы алып, бізді төрге оздырды. Отағасы көрші үйге кетіпті. Көп ұзамай үй иесі де келді. Сапар аға әлдеқайда жас сияқты көрінді. «Ана әйел әпкесі шығар» деп ойладым мен. Сөйтсем осы үйдің бәйбішесі болып шықты. Сапар аға жиырма бір жасында, күйеуі  қайтыс болған өзінен он жас үлкен, екі баласы бар осы әйелге үйленіпті. Екі балаға тағы төрт бала қосылған ақар-шақар, бақытты отбасы екен.

          Ерлі-зайыптылардың тағдыры маған ғажап әсер етті. Ойымнан шықпай қойды. «Әке» — осылай дүниеге келді. Неге екенін білмеймін, мотивировкасын қомсынып, арада қырық жыл өтсе де ешқайда жариялай қоймаппын.

          Қол тигізбей, сол жазылған күйінде, қаз-қалпында ұсынып отырмын.        

Автор.

         

                                                                       ***                                           

  Жүйе-жүйесі босап мәдениет үйінен шыққан орта бойлы қараторы жігітті беймәлім күш аяғын тұсап тастағандай,  торғай адым жер мұң болып тым-тым алыстай сезілді, ілгері басқан қадамы кері кетіп азар келеді.

«Сол ғой, сол!..  Нақ өзі!.. Маржан!..»

Дәл бүгін ұшырасам деп кім ойлаған? Уақыт өткен сайын ұмыта бастағандай еді, олай емес екен. Сүйкімді бейнесі есінде қалыпты. Қалай ұмытар, аққұба өңін, қарақат көздерін! Аялы жанары мұңлы, ойлы; мұны жыға танымаса да, шырамытты. Ол да, жігіттің бас-аяғын шола қарап, үнсіз тұрып қалған.

«Иә, тануы мүмкін!..»

                                                     ***                                                               

    Мөлдір махаббат жайлы кітаптан оқып, үлкендер әңгімесінен естігені болмаса, ол сезімнің не екенін саралап білмейтін; білседағы ұл мен қыздың достығы деп түсінетін бала еді онда. Тоғызыншы класс оқып жүрген. Жаңадан мұғалім келіпті; ол кісі де өзіміздің осы мектепті бұдан бірер жыл бұрын бітірген көрінеді деп жүрді балалар.

          Бүгін тоғызыншы класс оқушылары сол апайларымен бетпе-бет жүздесті. Нұртас та өзге оқушылар сияқты бар ынта-зейінімен үріп ауызға салғандай, нәркес жанары кісіге байыппен қарайтын көрікті қыздың көңіл ұялатар сөзін беріле тыңдап қалған. Аузы ашылып, құлағы қалқайып қозғалмастан отыр. «Солай, балалар! Бүгіннен бастап класс жетекшілерің боламын, сендерді қарамағыма аламын. Екпінділер қатарына қосылу үшін жұмыла жұмыс істейміз, келісесіңдер ме?!», –  деді апайлары. Сол-ақ екен, бүкіл кластың, «Келісеміз апай!..» деген дауыстары жамырай шықты. Кейбір шолжыңдау ұлдар ысқырып та жіберді. Бірақ апайлары  мынауларың ерсі деп ешкімді сөккен жоқ.

          Сынап уақыт жылыстап, қылышын сүйреп қыс өтіп, көгілдір көктем жетті. Жыл қорытындысы шығуға таяу. Бұл кез тоғызыншының майталмандары, апайларына әбден бауыр басқан. Еңбектері еш кетпей мектеп көлемінде оқу үлгерімдері жақсылардың қатарына қосылып алға шықты. Апайлары да ақкөңіл, ерекше қамқор. Күн сайын кездесіп, емен-жарқын әңгімелесуге қалайда уақыт табады.

          Нұртас сабақтан шығып үйге қайтып келеді. Жол бойындағы жалғыздығы ойынан шыққан. Бала көңіліне Маржан апайының бейнесі ұялап қалыпты. «Қандай жақсы кісі! Өзі ренжуді білмейтін сияқты. Ашуланғанын көрген емеспін...»

          Күні бойы көп ойлағандықтан ба, сол түні түс көрді. Басына сүрі қар бекіген биік тау екен дейді. Шың басында Маржан апайы тұр. Бұған қарап қол бұлғайды: «Нұртас-с!.. Ау, Нұртас-с бері шықшы! Мен мына жерден түсе алмай тұр-мын-н!..»

«Апай қозғалмаңыз! Мен қа-зі-р ке-ле-мін-н!..» дейді қайыра айқайлап. Құз-жартастар дауысын жаңғыртып, іліп әкетті, ке-ле-ем-мін-н!..»

Міне, ғажап! Ақ жалы төгілген, ай маңдайлы, ақ бақай құлын пайда бола кетті; пайда бола кетті де: «Ау, кішкене адам! Мен сенің досыңмын, кел арқама мін, апайыңа жеткіземін» — деді.

Адам айтса сенгісіз ертегі әлем!  Сеңгір-сеңгір таулар да, жазира дала да сонау-сонау төменде! Неткен сұлулық!.. Неткен үйлесім!.. Жаңа байқады, құлынның қос қанаты бар екен. Көзінен жас парлады-ай! Суық желден қалтырап, тоңды. Соңына бұрылып қараса, Маржан апайы да ақ бақай құлынға мінгесіп алыпты, екеуі ту-ту көз көрмейтін, құлақ естімейтін әлдеқайда, алысқа-а самғай ұшып барады...

Таңғажайып түс бала көңіліне шабыт құйды! Мейманасы тасыды! Жан баласына тіс жармауға бекінген. Асып-төгілген көңілі сабасына түскендей. Өз топшылауында аспанда ұшу — жақсылық!

Оқу жылы аяқталып, әркім бөлек-бөлек, жан-жаққа тарап жатты. Басқаларды қайдам, көңілі құлазып апайын қия алмай аттанды. Бұдан кейін де апайымен түсінде талай «жүздесті».

Жазғы каникулда Нұртастың үй іші басқа ауылға көшті де, Маржан апайымен қайтып кездеспеді...

***

«Маржан! Ендігі жерде сен менің қасымдасың! Иә, қасымдасың!..»

Еш жұмысы болмаса да мәдениет үйіне барғысы келеді. Тәтті қиялға беріліп талай түнді ұйқысыз өткізді.

          Күндер өтіп жатты. Сырттай оқуға түсіп, ауылдық кеңестің хатшысы болып орналасқан Нұртас жаңа ортамен етене араласып кеткен. Маржан жайлы да естіген. Жасы жиырма бесте. Күйеуі бірер жыл бұрын жол апатынан қайтыс болыпты. Екі баласымен енесінің қолында тұрады екен.

          Әдеттегі жұмыс күні болатын. Партия ұйымының хатшысы шақырып жатыр деген соң екінші қабаттағы кабинетіне келді. Қырықтан асқан қызыл шырайлы жігіт ағасы әлдеқайда асығыс жиналып жатыр екен.

          –  Кір, кір жақсы келдің… – Партком хатшысы өзінің ауданға  жиналысқа жүретінін, одан соң қайтар жолда Кіндікқарағай бөлімшесіне соғып, мектептегі жиналысқа қатысатынын, бүгін-ертең уақытының жоқтығын айтты.

          –  Нұртас, қазір пішен дайындаудың қызған кезі ғой. Кеңшар басшылары бір кісідей жұмылып, осы науқанды ұйымшылдықпен аяқтауға ұйытқы болсақ. Оны өзің де жақсы түсінесің. МТМ-дағы №707 ақ «Жигулиге» бүгіннен  бастап ие бол. Праваң бар ма?

          – Бар.

          –  Ендеше, не тұрыс. Барлық пішеншілер қосын арала. Елдің береке-бірлігінің, тату тірлігінің арқасында  мәдениет үйі де, кітапхана да, машина-трактор шеберханасы, бәрі-бәрі істеп тұр. Жә, бірді айтып, бірге кетіп барамын. Шөпшілердің жұмыс қарқынын, механизаторлардың хал-жағдайын біл. Қасыңа кітапханашы Маржанды ерт. Жақсы-жақсы кітаптар мен газет-журналдар алыңдар, — деді.

          Нұртастың жүрегі лүпілдеді. Ұзын бойлы бүйрек бет жігіт ағасы бұның ішкі ойын оқығандай қысылды. Біле тұра кітапханашы екеуін оңаша, әдейі жіберіп отырғандай көрінді. «Абдырап не көрінді?» — деді өзіне-өзі сұрақ қойып. Маржан екеуінің иен далада, машинада кетіп бара жатқанын көз алдына елестетіп өтті. «Сәті келді-ау!..»

          –  Алаңдамаңыз! Кітапханашы біле ме?

          –  Біледі, –  деді партком. – Дайын отырған шығар...

Ирелеңдеген қара жол. Күн ұясына тақаған. Нұртас пен Маржанның пішеншілер қосын аралап қайтып келе жатқан беттері.

          Бұлтсыз аспан ашық. Мөлдіреп тұр. Айнала төңіректе қыбыр еткен қарайған көрінбейді. Көптен  жаңбыр жаумағасын ба, жер кенезесі кеуіп шөп бастары сарғая бастаған. Көп ұзамай қоңыр күз келерін еске салғандай, қыстық қорын жиып, түйтің-түйтің түртініп жүрген сарышұнақ тышқандар машина даусын ести сала ініне қарай құйын-перен безіп барады.

          Нұртас Маржанға көз қырын тастады. Екі баланың анасы дегенге қимайсың. Бетіне қызыл арай жүгіріп, нәркес көздері жәудіреп үнсіз отыр. Не ойлап келеді екен?! Білсе ғой...

          Айдала. Қасында арманы болған Маржан. Оңтайлы сәт, баста әңгімеңді дейді әзәзіл бір ой түрткілеп. Жо-жоқ, айта алмайсың, осы қалпын бұзудың өзі қандай әбестік!.. Айтайын, ақтарайын сыр сандығын. Ал айтсын?! Неден бастайды сонда?! Арадағы алты жасты, екі баланы қайда қоясың? Қой, Нұртас, балалыққа салынба! Мен есік көрген жанмын, екеуміздің арамыз жер мен көктей десе қандай жауап қайтарады?!.

          Тақтайдай қара жолмен ызғытып келе жатқан машина жылдамдығы баяулағандай мотор дауысы қырылдап өшіп қалды.

          – Қап, бұзылды-ау!

Нұртас кабинадан шығып, капотты ашып қарады. Бәрі қалпында. Қайыра кілтті қосқан. Жанар майды көрсететін аспап тілі нөлде тұр.

– Қалай байқамағанмын, бензин таусылды, –  деді жігіт. – Кінә менен. Жолда қалатын болдық-ау!..

– Қала қоймаспыз. Ақтүбекке  таядық емес пе?! Сол ауылға барып келсең қайтеді?

– Барсам, барайын, – деп жинала бастаған жігітті келіншек тоқтатты:

– Шынын айтсам, сені жібергім келмей тұр. Ымырт қоюланып келеді, әрі жалғыз қалуға қорқамын.

– Көліктер ағылып жатқан тас жол емес. Біреу-міреу келе қалмаса, қайдам, – деп  Нұртас шарасыздық танытты.

– Уайымдама!.. Бір жөні болар!..

– Отырамыз ба осылай.

– Әңгіме айт… Мен тыңдағанды ұнатам.

–  Сіз мұғалім едіңіз,  мектептен неге кеттіңіз?

– Қазіргі жұмысым ыңғайлы болғасын ауысқам… Балаларым әлі кішкентай...

– Солай деңіз… Сізбен ойда-жоқта жолыққаным қызық болды.

– Тағдыр ғой...

– Сіз тағдырға сенесіз бе?

– Бізді мың жерден «құдай жоқ» деп оқытса да, өз басым Жаратушыға сенем!.. Оған себеп, қазақтың қатпар-қатпар арғы тарихы!.. Содан да болар, тоғызыншы ғасырда карахандықтар тұсында бабаларымыз ислам дінін қабылдады. Сатух Бограхан билік құрған Мәурән-нәһір өлкесі мен Дешті Қыпшақ даласында Шәфиғи мен Ханафи мектебі қатар түлеп тұрған еді. Бабаларымыздың Ханафи мәзһабына ден қоюының бірнеше себебі болды. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы шариғат талаптарымен,  Пайғамбарымыз Мұхамед-Мұстафа ғалейһи саламның сүннетімен қабысып, кірігіп жатқандықтан исламды тез қабылдады.

Кеңес үкіметі асыл дінімізге тосқауыл қойғанымен, түбірімен жоя алмады. ХХ ғасыр басындағы «Қазақтарды шоқындыру» туралы Ресей патшасы шығарған жарлық жаппай кедергіге жолықты. Адамның сенімі нәзік дүние. Онымен ойнауға, зорлық жасауға болмайды.

Әрбір дүниеге келген адамның бойында дінге, рухани тазалыққа, тылсым күшке сену сезімі болады. Бойдағы сол сезім адамды ерте ме, кеш пе әйтеуір бір тылсым күшке сенуге жетелейді.

– Айтқаныңыз қисынды. Жасы жетпістен асқан менің әжем,  баяғыдан намаз оқып, ораза ұстайды. Ескінің адамы болғанмен, сенімі берік.

– Атеистік – жалған дін. Себебі адам өмірі – күрес! Қарашы ана қаракөк аспанға!.. Жұлдыздар неге түнде ғана көрінеді? Күн мен түн неге алмасады? Жыл мезгілдерінің рет-ретімен келуінен қателік көрдің бе? Адам баласы неге өледі? Неге әлсіз? Неге ауырады?

– Қайдан білесіз? Институтта оқытты ма?

– Оқытқан жоқ… Коммунизм  – сандырақ!.. Күн көсем Ленинге табыну – пұтқа табыну!.. 

– Дәлеліңіз қайсы? 

– Институтта оқып жүргенде, КПСС тарихынан дәріс беретін Мұса ағайдың қолынан араб ғалымының орыс тіліндегі «Взгляд на ислам» деген кітабын алып оқығам… Авторы Хаммуда Абдалати. Мұса ағай бұл құнды кітапты қара базардан удай бағаға сатып алыпты.  Арыға бармай-ақ,  Абай атамыз: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп жазды емес пе?! Бұны қалай жоққа шығарамыз?!.

– Әңгімеңіз  қызықты болып барады.

– Ислам – шалқар ғылым!.. Имандылық тұрғыдан қарағанда, менің білімім «самаучко» ғой… Шет пұшпақтап оқығаныма өз әлімше пайым, талдау...

 Көңілін ұйқы-тұйқы әсерге бөлеген, бір кезде өзіне сабақ берген ұстазы Маржан апайы дәл қасында отырғанымен, тағы сұрақ қойып, мазасын алса үркітіп алардай сезімді бастан кешкен қалай?!.

 Аспанда жымыңдаған жұлдыздар  жусап жатыр… Түн түнегін тілгілеп,  бес-алты шақырымдай тұстағы  теміржолдан  пойыз вагондарының дүрсілі естілді...

 Кабинадағы екеу түн ортасы ауа қатты қалжырай шаршап, отырған жерлерінде қалғып кетті.

                                        ***

           Бұл оқиға елге тез тарады. Жеңіл ауыз әйелдер сыпсыңдап:

          – Ибай-ай, не бетімді айтайын!.. Ауылдық кеңеске жақында келген хатшы  жігіт пен Маржан далада түнепті ғой...

          – Екеуі ғана ма?

          – Солай деп естідім...

          – Сен де қайдағы жоқтыны бықсытып...

          – Інісіндей жігітпен ұят емес пе?!  

          – Кім айтты?

          – Көрген кісілер бар екен...

          – Ой-Алла-ай!

          – Ұзын құлақтың білмейтіні, естімейтіні жоқ.

          Алып-қашты әңгімелер Маржанның құлағына жетті. Бірақ ешкімге тіс жарған жоқ. Араларында ештеңе болмағаны аян. Кімнің аузына қақпақ боларсың?!

          Маржан келесі  күні Нұртаспен  кеңсе алдында жолығып қалды.

          –  Елдің айтып жүргенін есітіген шығарсың, –  деді даусы дірілдей. –  Құлақ аспа сен… Арымыз таза...

          –  Мен де солай ойлаймын.

          –  Нұртас-с! Айта алмай жүрген сөзім бар… Сөкпессің...

          –  О, не дегеніңіз?

          –  Бірдеңе айтқың келеді… Сен адал жігітсің… Бәрін көзің айтып тұр… Ойлашы, екеуміздің жолымыз екі басқа емес пе?!..  Қабысуы неғайбыл… Осы жайлы ойладың ба?!.

          Маржан кірпігіне ілінген жасты байқатпай, жүзін бұрып әкетті.

                                    

                                                        ***

          Арада алты ай өтті...

          Маржан аудан орталығына қоныс аударған...

Нұртас әскерге жүретін болды...

                                        ***

Түн ортасы ауа бергенде сыртқы есік әлденеше қағылды да, аз уақыт тына қалды. Ұйқыда жатқан Маржан басын көтерді. «Беймезгіл шақта кім болды екен?! Енем мен балалар жоқта келгенін айтпайсың ба?!.. Байқайын әуелі...» Халатын жүре киген келіншек тұра қалды. Нұртас-с!.. Нұртас-с шығар?.. Әскерге жүреді деп естіген. Сонда… тап осы кезде келуі керек пе?! Есік тағы қағылды. Елеңдеген келіншек есік ілгегін ашып жібергенін аңдаған жоқ.

–  Маржан-н!..

–  Нұртас-с!..

Жас жігіт келіншекті құшақтап ерніне сүлікше жабысты. Сағынған жандар ұят, адамгершілік сынды әдеп-ибаны естерінен шығарғандай, бірер секөнт бал шырын татысты.

«Ұят-ай!.. Бұным не?!.. Масқара!..»

Келіншек тез ес жиды. 

–  Қойсаңшы!.. – Қара жыландай нәпсі алпыс екі тамырын балқытып барады… Жігіт ай-шайға қарамай, жанып-өртенген келіншекті жатын бөлмеге қарай жетелей жөнелді...

–  Мен кінәлімін, –  деді жігіт әйелді құшағынан босатпай.

–  Буыршын көзін сүзбесе, бұқа жібін үзе ме?..

–   Мені сабайтын адам жоқ.

 –  Бәрін бүлдіріп болған соң… айыпкерді іздеудің керегі бола қоймас...

–  Дегенмен...

–  Әскерге жүріп барасың ба?

–  Иә.

–  Отан алдындағы азаматтық борышың ғой...

–  Ертең жүрем.

–  Нұртас! Сенен өтініш!.. Мені жадыңнан өшір!.. Арамызда ештеңе болған жоқ деп есепте!  Тіпті танымайсың да!..

–  Танымағаны қалай?!

– Сөзіме қонақ бер… Сенің өмірің енді басталды. Жігіттің сұлтанысың… Көрсеқызар біреу болсаң былтыр екеуміз… оңаша қалған сол түнде-ақ еркектігіңді көрсетер едің… Үй артында адам барын ескеріп… ар-ұяттан, әдептен аспадың… Ол сенің мықтылығың!.. Адамгершілік!.. Менің айтпағым… жолың болсын! Басың жас… Келешегің алда!..

– Кедергі – жас алшақтығы ма?!  Әлде...

–  Уәжіме көзің жетер… Дәл қазір дәнеңе айтпашы, өтінем...

Нұртас қоштасып, шығып жүре берді...

Шығыс жақ ағараң тартып келеді...

Тегтер: