Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:50, 05 Маусым 2024

Абақты эпизодтарындағы ғұмыр

Соңғы үкім
Фотоколлаж: bugin.kz / Ғайнижамал Арыстанбек

Дүние дидарында ұлты үшін қапысыз қызмет қылып, қандай қияпатты тағдыр кешсе де, ұстанымынан айнымаған тұлғалар болады.

 Әлиханша айтқанда, «жалғызбын, азбын демей, біз не қыламыз демей, аспай-саспай, тасымай іс қылған» арыстардың ғұмыры әлі неше толқын қазақ баласына жігер сыйлап, шабыттандырады. Сондай асылдарымыздың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы. Жуырда үлкен экранға Ахмет Байтұрсынұлының қиын да, қилы өмір жолын қамтыған «Соңғы үкім» фильмі шықты. Ахаңның тұтас ғұмырын мейлінше дәйекті, дәл, бейнелі жеткізген туынды қазақ кинематографиясына қосылған олжа болды деп білеміз.

Серік Асылбекұлы

Серік Асылбекұлы, жазушы, драматург: Тағылымы мол тарихи драма

Жуырда Алматыдағы кинотеатрлардың бірінен «Соңғы үкім» атты су жаңа кинофильмді көрудің сәті түсті. Осы арада алғашында әйтеуір не болса да бұл кинотуындыны көруге оның басты кейіпкерінің Ахаң, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы болғаны үшін, сол бір аяулы азаматтың аруағы үшін барғанымды жасырмай-ақ қояйын. Өйткені біздің тарихи драмалардың басым көпшілігінен, мейлі ол театр спектаклі бола ма, не кино туындысы бола ма, бәрібір. Сол шығармалар өмірге келген кездегі заманның саяси идеологиясының исі аңқып тұратын. Ондай драмалардың басты кейіпкерлері шетінен сөзге салсаң суырылған шешен, жауға салсаң аламанға дес бермеген бір жаужүрек батырлар, ал кедейлері қой аузынан шөп алмас бір мүсәпірлер, байлары шетінен шық бермес Шығайбайлар болып келетін. Олардың басты кейіпкерлерінің аузынан кілең бір данагөй уағыздар, арзан ақылдар түспейтін. Сондықтан да ондай дүниелердің авторларының өздерін ұлт тәрбиешілері ретінде сезінетіндігі бесенеден белгілі болып тұратын.

Ал шындығында адам атаулының баршасы – мейлі ол аузына ел қаратқан би, көсем бола ма, шешен бола ма немесе жау қайырған жүрегі түкті батыр бола ма – бәрібір түбі пенде ғой. Сондықтан оған да адам атаулыға тәннің барлығы жат болмауға тиіс қой, сондықтан да емес пе, аталарымыздың «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» дейтіні.

Тарихи тақырыпқа барудың тағы бір қиыншылығы бар, өйткені автор өзі суреттегелі отырған заманда өмір сүрген жоқ, сондықтан да ол шығарманы жазу барысында ол ең алдымен архивтерде сақталған фактілер мен өзінің түйсігіне ғана сүйенеді. Сондықтан да ғой А. С. Пушкиннің «Жазушы не өткенді, не болашақты емес, тек өзі өмір сүрген заманның шындығын бейнелеуі керек» дейтіні. Біздің «Соңғы үкімді» көруге барғандағы екіұдай сезімде болуымыздың тағы бір сыры, міне, осында жатқан болатын.

Соңғы үкім
Соңғы үкім

Алайда әрбір қалыптасқан ереженің осал тұсы болады екен. Біздің күдігіміз көп ұзамай сейіле бастады. «Соңғы үкім» бірте-бірте бізді өзінің шыншылдығымен, тарихқа, оның ащы мен тұщыдан, қым-қиғаш бұрылыстардан тұратын өмірлік фактілеріне деген адалдығымен баурай бастады. Біз фильмнен кейде азаматтығымен қатар пенделік бір сәттік осалдықтарымен де есте қалатын кәдімгі тірі адамдардың қилы-қилы тағдырларымен жолықтық. Біз қауіп еткен кісіні әбден мезі қылатын ақылмандарды, қуыршақ жасанды моралистерді де ұшырата қоймадық фильмнен. Есесіне, Ахмет пен Құдай қосқан қосағы Бәдрисафаның арасындағы жүрек терберлік шынайы махаббатқа жолықтық.

Осы тұрғыдан келгенде, кинофильмнің сценарий авторлары Ғалым Доскен, Тұрсынжан Шапай, Асқар Құмыран, режиссерлер Ерген Тоқмырзин, Ерлан Нұрмұхамбетов пен басты рөлдерді сомдаған Азамат Сатыбалды, Дарья Александрова секілді талантты актерлар бір-бірлерін өзара жақсы түсініп, кемеліне келген оркестрдің бірінің ойын бірі қасы мен қабағынан ұға білетін музыканттар секілді ансамбль құра алған. Сондықтан да біз жоғарыда аттары аталғандары, аталмағандары бар, осы фильмді өмірге алып келуге бір кісідей атсалысқан барлық азаматтарды ерекше табыстарымен құттықтап қоюымызға әбден болады деп ойлаймын.

Жалпы, пассионарлық тұлғалардың өздері өсіп-өніп шыққан жұрттың, халықтың қалыптасуында шешуші рөл атқаратындығы ақбас тарихтың тәжірибесі бұлтартпаспай етіп дәлелдеп берген ақиқат. Тарихтың даму траекториясын айқындап беретін де, соны жүзеге асыратын да осындай тұлғалар. Сондықтан да ұлттың өз арасынан оза шауып шыққан арыстарын тани білуі бір жағынан азаматтық парыз, екінші жағынан тарихи қажеттілік.

Сөз жоқ, ұлт ұстазы Ахмет – ардақты Ахаң – айтулы пассионарлық тұлғаларымыздың бірі, әрі бірегейі. Демек, «Соңғы үкім» кинофильмнің авторлары осындай асыл азаматтың бейнесін шыншыл бейнелеп көрсетулері арқылы халқымызға, оның ішінде жастарға үлкен өнеге көрсетіп отыр. Осы өнеге біздің барша ұрпақтарымызға жұғысты болғай дегіміз келеді сөз соңында. Өйткені жаңбырмен жер көгерсе, өлмейтін өнердің өнегесімен ұлттың рухани әлемі гүлдейді емес пе.

Қанипаш Мәдібаева

Қанипаш Мәдібаева, М.О.Әуезов атындағы ӘӨИ бас ғылыми қызметкері, ф. ғ. д., профессор: Бәдрисафаның жаратылысы тәнті етті

Ғалым Доскеннің «Соңғы үкім» фильмі экранға шықты. Заманынан озық туған тұлғамен екі сағат уақыт бірге болдық. Қазіргінің «тілімін» де, «үнімін» де деп жағаласқан әлеуметтік желіде кім нендей пікір айтқанын, көптің талқысын шет-жағалап естіп те жүрміз.

Бір хабарда қазақ құқын қорғап сөйлеген А.П. Сидельников туралы сенімсіздік те бар екені айтылады. Бұл адамның «Абай» журналында (№8, 1993) «Россия. «Польное географическое описание нашего отечестваның» «Киргизский край» атты бөліміндегі «Распределение населения киргизского края по территории, его этнографический состав, быт и культура» атты, ХVІІІ томнан алынып терілген сипаттамасын қажетінде қарап қойып жүремін.

Қазақтың сөзін сөйлесе, сөйлегені неге жалған болсын. Біздің халықты таныған ілгерішіл тұлғалар бір бұл адам емес. Г. Н. Потанин де қазақ жеріне әскери қызметке келгендердің аяқасты жер баса алмай, байып кететіндері туралы ашына айтқан.

Фильм авторларының шығармашылық мұраты; жанрлық заңдылықтарға ырық берудің шебер шешімдері, адамның идеологиядан, өткінші жер-бақан уақыттың улы делінетін азат жан еркіндігін айғақтау ұстанымы бейтарап қалдырмайды.

Ахмет Байтұрсынұлының бар өмірін, ұзақ ғұмырды абақты эпизодтарына сыйғызу; шегіністер, экранда жылдам ауысып, бағытын өзгертіп отыратын қас-қағым таңбалы, тағдырлы сәттер, естен шықпас шерлі картиналар; жарық пен түнек – айтулы тұлғалар өмірін фильмге түсірудің әлемдік тәжірибесіндегі шығармашылық «қатерлі» тәуекел.

Соңғы үкім
Соңғы үкім

Жаратылыстың жарылқану игілігінде Ахмет Байтұрсынұлы дегеніне жетіп, ойындағысын орнықтырып кеткен армансыз адам.

Жұртына керектің қыр соңынан түсіп, қыруар іс тындырды. Ел мұқтажын түгендеді. Халқы да қадірін біліп, көзі тірісінде басына көтерді. 50 жылдығында Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов берген баға – тарихи баға. Ахмет Байтұрсынұлы – мыңжылдықтарға татитын зор тұлға.

Сценарий авторы Ғалым Доскен мұның барлығын бір кісіден артық білмесе, кем білмейді. Әбден сіңірген, өзегіне түскен тағдыр.

Монархиялық билік жүйесіне қарсы әлемдік жойқын шабуылдың Алаш қозғалысына тиген шарпуы; жалпы осы күрес бағытының түптамыр алғышарттары мен түбегейлі ұстанымдары, жалпақ дүние ауқымындағы саяси ақиқаты әлі де айғақталып болды дей алмас едік.

Осы мәнде бұл фильм қандай да бір идеологияның жетегімен жүруі, іш бұрып, иығы зордың ығына жығылудан азат туынды болып шыққан.

Көп айтылған, көп жазылған, адамды мазақ еткен кеңестік жүйені мансұқтауға екпін түсіруден гөрі шығарма авторлары жеке адамдық сапаға, адам факторына аял жасап отыруды міндет етіпті. Фильмде кездейсоқ, кірікпей тұрған бірде-бір сәт, бірде-бір кейіпкер жоқ. Бәдрисафа анамыздың жаратылысы тәнті етеді.

Өлім сәті таянғандағы жазалы, қаралы топтағы әр «жазықтының» жан азасы, үрей, тоқтамы жантүршіктірердей шешімді түсірілген.

Әр уақыттың кеңістігі, адамдары, айтылған сөз, ашылған көрініс – барлығы толқытады. Татар тілінің нендей жұғымды, жанға майдай жұмсақ екендігін осы фильмде естідім. Тарихи уақыт аясындағы адам мінездері, кісілік, пенделік қалыптар санада таңбаланып қалды.

Адамның әсер құбылыстарын, ниет, пиғылын көзбен жеткізу; табиғат, кезең болмысы жеке оқиғалардың жүректен өтіп, жан суырған көріністері әлемдік деңгейдегі қандай да бір озық үлгілермен лайықты бәске түседі.

Арғы-бергіні білгендей білетін, сөз айтса, жөнімен, дөп жеткізетін алымды, бітімі бүтін Ғалым Доскеннің фильмі – жүйе жүнжіте алмаған тарихи тұлға туралы; адам баласының аяулы өмірі туралы қазақ киносының аса тісі батып, тілі жетіңкіремей жүрген өреде қалып түзген өрісі байтақ өнер туындысы.

Жазира ӘБІЛҚАЙЫР, грим жөніндегі суретші: Бір актерге 8 образ жасалған бірінші жоба

«Соңғы үкім» фильміне мені Азамат Сатыбалды шақырды. Мен түсірілімге екі апта қалған кезде бардым. Алдымен видео проба жасалды, менің жұмысыммен танысты, содан кейін фильмге грим маман ретінде қабылдады. Уақыт өте тығыз. Дайындыққа қызу кірісіп кеттік. Жұмысқа көмекшілер алдым, фильмнің сценарийін оқыдым. Грим маманы болғаннан кейін біз алдымен сценарийді басынан аяғына дейін оқып, толық танысамыз. Одан соң режиссер, автормен ақылдаса отырып жұмыс істейміз. Сценарий бойынша Азаматқа сегіз түрлі жас ерекшелігін жасадым. Өздеріңіз де байқаған шығарсыздар. Жас кезінен өмірінің соңына дейінгі, атылғанға шейінгі Ахметтің 8 түрлі жас ерекшелігін көрсеттік. Жоғарыда айтқанымдай, уақыт тығыз болды, сонымен қолда бар материалмен, шамам жеткенше жасадым. Нәжижесі жаман болмаған сияқты.

Соңғы үкім
Соңғы үкім фильмі

Негізі бұл Қазақстанда бір актерге 8 образ жасалынған бірінші жоба деп айтуға болады. Жас кезінен өмірінің соңына дейін жасалыну сәті бірінші рет болып отыр. Сондай-ақ фильмде жалғыз Азамат емес, жұбайы Бәдрисафаның қартайған кезі, одан кейін Әлихан Бөкейханның қартайған шағы, бұдан басқа тергеушінің қартайған кезі. Осының бәрін қолымыздан келгенше істеуге тырыстық. Мысалы, әжімдерге жұқа силикондарды жаға отырып, барынша қартайған образ бердік. Мұның бәрі, әрине, оңай болған жоқ.

Негізі портреттік гримда ең маңыздысы актердің сәл де болса ұқсастығы, осының өзі жетіп жатыр. Одан қарайғысы грим маманының жұмысы. Сондай-ақ грим бет келбетті ғана емес, шаш-сақалды да өңдеп, түзейді. Бізде кейіпкерлердің сақал-мұрттарын сол заманға лайықтап, әдемілеп қырып, бастырып, түзеп, сақал-мұрт жоқтарға сақал-мұрт тіктік.

Қуанарлық бір жағдай, Алаш зиялыларының фотоларының сақталғандығы. Егер олар фотоға түспегенде немесе сақталмай қалғанда қайтер едік? Бәлкім, біз оларға қазақы шапан мен бөрікті кигізіп қояр ма едік. Жұмыс барысында біз Ахмет, Әлихандардың әртүрлі фотоларын салыстырып қарап, актердің келбеті қай фотоға жақындау болса, біз соған қарай жасауға тырыстық. Әдетте көрермен болсын, жалпы халық болсын, Алаш зиялыларының кескін-келбетін ең танымал бір фотосы негізінде таниды, солай елестетеді. Басқа фотоларына аса мән бермейді. Мұны да ескеру қажет. Біз фильмдерде Ахмет Байтұрсынұлының біраз фотоларын қарап, іріктеп, ыңғайлысын таңдап, Азаматты жасадық.

А.Байтұрсынұлының қоңыр түсті кәстөммен түскен фотосы бар. Осы фотоға негізделе отырып Азаматты оған ұқсатуға күш салдық. Өкініштісі, Ахмет атамыздың жас кездегі фотосы сақталмаған, сондықтан Азаматтан Ахметтің жас кезін жасауға тырыстық. Яғни манағы қоңыр түсті кәстөммен түскен фотодан әрі қарай қартаң Ахметті, ал одан бері қарай жас Ахметті әрлеп, бояп жасадық.

Негізі грим қай кезде де актерге жарасымды болуы керек. Ол өзінше ерекшеленіп тұруға болмайды. Егер де ол ерекшеленіп, актерге жараспай тұрса қауқиған киім сияқты көрінеді. Сондықтан жасалған шаш үлгісі де, сақал-мұрт та актерге жарасымды болуы қажет. Сондай-ақ бұл кино, онда портретті грим пайдаланылады, сонымен қоса мұнда актер образ сомдайды. Демек, көрермен актердің өнерін көруі тиіс. Сол себепті кейіпкер мен актер бір-бірімен үндесіп, қабысып, кескін-келбеті ұқсаңқыраса жетеді.

Азаматқа жігіт ағасы жас мөлшерін беру үшін арнайы мұрт тіктім. Ал одан кейінгі алты түрлі жас мөлшеріне лайықтап, арнайы сақал-мұрт дайындадым. Сақал-мұрттардың әрқайсысы 3 данадан болды. Үлкен планда көрсеткен кезде жаңасын желімдеп отырдық. Ал Әлихан Бөкейханның өз шашын әдемілеп, түзедім және өз мұртын бастырып бердім. Ол кісі де мұртын жақсылап өсіріп келді. Тек қана хат жазып отырған кезінде, шашын ағартып, мұртының үстіне мұрт қостым. Одан кейін «Қазақ» газетін алып оқығанда, жұқа мұрт тігіп, мұртының үстіне ақырын ақ түспен жасадым. Өйткені бұл Әлихан Бөкейханның кәдімгідей егде тартқан шағы еді.

Біз барынша кейіпкерлерді тарихи шындыққа сай етуге тырыстық. Жоғарыда айтқанымыздай, негізінен фотосуреттерге сүйенеміз. Соларға қарап отырып шаш үлгілерін қиямыз, жасаймыз. Өздерінің сақал-мұрты болса соны лайықтап пайдаланамыз. Мысалы, Сидельниковты ойнаған Петропавлдың актері, оның сақал-мұртын бастырып бердім. Бірақ мұнда да сақал-мұртын кәдімгідей қазақша үлгіге түсіріп, әдемілеп бастыру керек.

Бұл жұмыстың да өзіндік машақаты болады. Әсіресе ескі фотосуреттер сақталмаса, жазушылардың суреттеуіне қарай жасаймыз. Ал хрестоматиялық фотосуреттері бар тарихи фильмдерде сәл қиындау. Өйткені актерді соған ұқсатудың өзі үлкен жұмыс. Шаш үлгісін түзейсіз, сақал-мұртын дайындайсыз, грим жасап көресіз. Негізі бейнесі, тұлғасы ауызша айтылып жүрген азаматтардың бейнелерін жасау кішкене қиындау. Сонымен қоса айта кететін бір мәселе, әркімнің өз Ахметі бар, өз Мұқағали, өз Абайы болады. Сондықтан қатып қалған дүние жоқ шығар деп ойлаймын. Көбінесе кейде тұлғаның бір суретіне сүйеніп, «осыған ұқсаған», «осы жері ұқсамайды» деп пікірталас өрбітеді. Меніңше, мұнда жоғарыда айтылған дүниелерді де ескерген жөн.

Фильмде жас мөлшерін өзгертіп грим жасағанда Дарияға екі рет, Ә.Бөкейханға бір рет, Львановскийге бір рет, Азаматқа көп рет жасалынды. Осы пластикалық жас мөлшерін білдіретін грим соңғы сәтінде екі сағаттан аса жасалынды. Ал оны шешуге 3-4 сағат уақыт жұмсалды. Гримды жасағаннан шешу қиын. Сонда бір қызық жағдай, мен, Азамат және оның көмекшісі елден бұрын келеміз, грим жасаймыз, «болды-ау» дегенде қалғандары келеді. Кеткен кезде де елдің соңында кетеміз. Біз шыққанда ешкім жоқ, жүргізушілеріміз күтіп тұрады.

Тағы бір сәйкестік, фильмнің соңындағы атылатын адамдар мен ататын жендеттердің тізіліп тұрған, одан соң баланың жүгіріп өткен сахна 8 желтоқсан күні түсірілді. Бұл тура Ахмет атамыздың атылған күні екен.

Дайындаған Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ

Тегтер: