Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:28, 02 Қараша 2023

Абай Ораз, ақын: Ұлытаудың «үні» шықпай жатыр

Абай Ораз
Фото: Абай Ораз

Облыс құрылған кезде мәдени басқармаға басшы тағайындау деген мәселе алдымызда тұрды. Кімді тағайындаймыз дегенде ауыз толтырып айтатын адам таппай қалдық.

 Әнуар Омар деген ағамыз бар, кезінде Сәтбаев қаласының, Ұлытау ауданының әкімі болды, Астанада министрлікте қызмет етті. Мәдениет жанашыры болады-ау деп сол кісіні тағайындаған. Қуанған адамдардың қатарында мен де бар едім.

Айтайын дегенім, бұрын «Ұлытау үні» деген фестиваліміз республикалық деңгейде дүркіреп өтетін. Қазір қалалық деңгейге түсіп қалды. Мәдени шараға қатысты Ұлытау дегенде бірінші айтылатын осы фестиваль еді. Мен мәдениеттегі басшыларға осыны жандандыру керек дегенді ұсыныс ретінде талай айттым. Бұл фестивальде бірнеше номинация болатын. Қазір соның ішінде тірі қалғаны айтыс. Оның өзін былтыр жұрт айтып, жазып жүріп өткізді. Республикаға танымал айтыскерлер келді. «Ұлытау үні» арқылы бірнеше қаламгерлер әдебиетке келді. «Ұлытау үні» болмаса, поэзияға келмейтін едім» деген біраз ақынды көрдім. Сондықтан бұл шараны республикалық деңгейде өткізе салу емес, қаламгерлердің жыл сайын асыға күтетін деңгейіне жеткізу керек. Осы жақтағы журналистердің, мәдениет жанашырларының көтеріп жүрген мәселесінің бірі – осы. «Ұлытау үні» қазір қала деңгейінен артпай қалды, тіпті қала емес, мектеп деңгейінде өтіп жүр. Салыстыру үшін айтайын, Шымкентте «Күміс қалам» деген фестиваль бар. Жыл сайын ақындар асыға күтеді. «Шабыт» та сондай фестивальдің бірі еді. «Ұлытау үні» де облысымыздың брендіне айналуы қажет.

Көршілес қаламыз Сәтбаев жылда айтыс өткізеді. Әлеуметтік желілерде «сендер осы айтыстан басқа жанр білесіңдер ме?» деп сынады. Дұрыс айтып жатыр. Әдебиетте поэзия, проза, драматургия, сын... жанр көп қой. Қысқасы, айтысты шамалы доғара тұрып, Сәтбаев қаласы айтыстан да бөлек бірдеңе ұйымдастыра алатынын көрсету керек. Әкімдікке мен де ойымды айттым. Мұны екінші мәселе деп қойыңыз.

Ал енді тағы бір үлкен мәселеміз – Әдебиеттің басында қашан да поэзия тұрады емес пе? Облысымызда жас ақындар шоғыры бар. Қаламызда 15-ке жуық жас ақындар жазып жүр. Олардың біразы республикадағы, Қарағандыдағы Жазушылар одағына мүшелікке өткен ақындармен шығармашылық байланыста, пікірлесіп тұрады. Енді олар «біз өткенде сендер неге өтпей жатырсыңдар» деп сұрайды ғой. Біздің өңірдің ақындары да баспа беттерінде, сайттарда жарияланады. Жанат Әбдіқожин, Мұқағали Сейітқазы, Абзал Мақаш сынды ақындарымыз талай жүлделерге ілігіп жүр, ел таниды. Осылардың бірде-бірі Одақ мүшелігіне өтпеген. Өңірде 4 қаламгер ғана Жазушылар одағына мүше. Оның алды 75-ке, арты 60-қа келді. Қалған жастар қайда?! Батырбек деген ақсақалымыз бар. Ақсақалға «өңірдегі Одақ тізгінін бізге бересіз бе?» деп айта алмаймыз, «жастар мен шаршадым, сендер алыңдар» деп ол да айтпайды. Осыдан бір жыл бұрын облыс әкімінің орынбасары шақырды. Сол кезде Одаққа мүше болу мәселесін көтердік. Батырбек аға: «Жазушылар одағына мүше болу үшін екі кітаптың авторы, республикалық байқауларда жүлде алған қаламгерлер ғана өте алады» дейді. Өтірік қой. Қарағандыда қаншама дос-жолдас ақын жігіттер бар. Кейбірінің тіпті бір кітабы шықпай, мүшелікке өтті. Сонда Жезқазғанға арнайы ереже керек пе? Енді Одаққа мүшелікке өту үшін кітап керек екен дейік, мен «жастардың кітабын шығарып берейік» деп Әнуар Омар мырзаға бардым. Басын ала қашты. «Бұлар әлі таныла қойған жоқ, өсу керек» деген сияқты сылтаулар айтты. Біздің өңірде жыл сайын үздік сала мамандарын анықтайды. «Жыл экономисі», «Жыл кеніші» деген сияқты. Соның ішінде мәдениетке қатысты бірде-бір номинация жоқ. Қысқасы, мәдениетке қатысты қордаланған мәселелердің ұзын-ырғасы осындай.

Қазір заман өзгерді, Қазақстан өзгерді. Жаңашылдыққа ұмтыламыз десек, жастарды қызметке әкелуіміз керек. Жастардың күш-қуаты бойында, олардың энергиясын пайдалануымыз қажет деп ойлаймын.