Абайдың Шығысын тануға ұмтылған жан еді
Сөзге құлаған қазақ баласының арғы-бергіде Абайға қарай ұмтылмағаны кемде-кем. Абайды әркім өзінше таныды, тапты, ашты, танытты...
Мұхтар Әуезов Абайға тұтас құлады. Ғұмырын арнады. Сол Мұқаңның Абайынан айнымаған өмір үрдісін көрнекті әдебиеттанушы, мұхтартанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов ғылымдағы жолына үлгі тұтты. Мұхтар Әуезовтің киелі шаңырағында бірнеше жыл қызмет еткен Мекемтас Мырзахметов әр нәрсенің қисынын қиыннан іздеді. Әуезовтің Абайды тану, таныту жолындағы «ұсақ-түйекке» дейін ыждаһатпен қарайтын сақтығы, жоғын талмай, тауып іздейтін еңбекқорлығы ғалым Мырзахметовтің де жаратылыс даралығы, болмыс қасиеті болса керек.
М.Әуезов 1942 жылдан бастап жоғары мектепте оқыған «Абайтану» арнаулы курсын М.Мырзахметов 30 жылдан астам уақыт бойы жүргізеді. М.Әуезов бұл курсты оқыту бағытында Абайдың ақындық айналасын түгендесе, М. Мырзахметов енді сол Абайдың айналасын түгендеуінде Мұхтардың тереңіне бойлап отырып оқытуды дәстүрге айналдырды. Сөйтіп мұхтартанудың бір ғылыми тармағы – абайтанудағы мұхтартану немесе мұхтартанудағы абайтану болып негізделіп, бекіді. Бірнеше жыл М.Әуезов мұражай-үйінің бар асыл жиһаз, жабдығын – қолжазба қорын әспеттеп, аялап жүріп ғалымның көп дүниеге көзі түсті, көп дүниенің көзін ашты. Солардың негізінде ғылыми құны биік, іргелі еңбектер жазылды. М.Әуезов өмірден озғалы бері көзден таса жатқан соң көңілден де өшіп бара жатқан көп құнды дерек, құнарлы ойдың «бағы жанып», хатқа түсті, тасқа басылды. Сарқылмайтын кен көзін ашқан, жер құтын тапқан бұрғышыдай Мекемтас Мырзахметов ғалымдық ғұмырының бар несібесін Абай мен Мұхтардың ой асылынан алды. Көтеріп, көбейте сөйлегеніміз де емес. М.Мырзахметовтің әр жылдары жарық көрген «Мұхтар Әуезов» және абайтану проблемалары» (1982) және Мұхтар Әуезов авторлығымен шыққан «Абайтанудан жарияланбаған материалдар» (1988), сөз жоқ, ғалымның М.Әуезов мұражай-үйінде қызмет еткен жылдарының олжасы.
Бұл жоғарыда атап өткен, «Абайтанудан жарияланбаған материалдар» кітабын құрастырушылар – Ләйлә Мұхтарқызы Әуезова мен Мекемтас Мырзахметов. Еңбектің жүйесі – Абай өмірбаяны, Абайдың шығармаларының текстологиясы, Абай мұрасының рухани көздері, Абайдың ақындық дәстүрі (мектебі), Абайтанудың арнаулы курсы, баяндамалар, сөздер, пікірлер.
Ғалым М.Әуезовтің мұрағат қоры болып қалған мол мұра, қолжазбаларын мұқият ақтарып, ұлы суреткердің кезінде айтамын деп айта алмаған немесе саяси мәжбүрлеулерден ығысып түсіп қалған – ой түбінде жатқан көп сөзін ендігі оқушының зердесіне жеткізген. Сөйтіп М.Әуезовтен кейінгі абайтануды кеңіте, кемелдендіре түскен. Егер, Мекемтас аға Мырзахметовке ұқсап-бағып әр мәселені әріден қайырып, бүктеуін жазып, күдігін аршып, тігісін жатқызып сөйлер болсақ, дәл осы екі еңбектің абайтануға салған олжасын түгендеп тауысу бір мақаланың төңірегіндегі шаруа емес, үлкен зерттеуге негіз болар еді. Монографияның көп бағалылығы да сол М.Әуезовтің өзі көзі тірісінде барынша ашып-шаша алмаған қайсыбір құнды ғылыми зерттеулерін ендігі елдің назарына ұсынуында. М.Мырзахметов Әуезов абайтануын ұғындырушы ғана емес. Ғалымның Әуезов алған биіктерге, үңілген, мүмкіндігінше өз алымын, өз тереңдігін қоса-қабат ұштастырып отыратын тұстары да, ойға ой жалғап, кеңінен қамтып, арғы шынын аша түскен арнасы аз емес.
Соның бірі – Абайдың Шығысы. Әуезовтен кейін Абайдың Шығысына ұмтылған, барыншы тереңдеген ғалым Мекемтас ағай еді. Алдын көрдік, ұстаз тұттық. Жазғанын оқыдық. Тамсандық. Тіліміз жеткен жерге дейін, ойымыз қорытқан тұсқа дейін өз пікірімізді айттық.
Қазақ ғылымына қосқан зор үлесі үшін – Мекемтас ағайға алғыс! Сондай тұлғаны ұлтымызға берген Жаратқанға – мақтау! Алды жарық, арты кеніш болғай!
Қанипаш Мәдібаева,
филология ғылымдарының докторы