Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:15

Абдельазиз Исмаил, таеквондошы: Англияда жеңіске жеткен спортшыға ешкім сыйақы бермейді

Абдельазиз Исмаил
Фото: Абдельазиз Исмаил

2025 жылы 4-5 қазан күндері Англияның Шеффилд қаласында таеквондодан ересектер арасындағы British National Championship турнирі өтті. Осы жарысқа қатысқан қазақстандық спортшы Абдельазим Исмаил 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды.

British National Championship турнирі Ұлыбритания чемпионаты деп те аталады. Байрақты бәсеке төртінші жыл қатарынан Шеффилдтегі Англия спорт институтында (EIS) өтіп отыр. Бұл турнир Тұманды Альбиондағы ең бәсі биік бәсекелердің бірі саналады. Біз Ұлыбритания чемпионы атанған Абдельазим Исмаилдың өзіне хабарласып, шағын сұхбат құрдық. Әңгіме барысында жас спортшының жетістіктері және Қазақстандағы таеквондо спортының дамуы жайлы сөз болды.

Жақында беделді British National Championship турнирінде топ жарғаныңыздан хабардар болдық. Осы турнир жайлы толығырақ айтып берсеңіз, жарысқа кімдер қатысты, қанша кездесу өткіздіңіз?

Алдымен өзім жайлы айта кетейін. Қазір Nottingham Trent University университетінің екінші курсында оқып жатырмын. Биыл университтегі таеквондо клубының президенті атандым. Оңтүстік Кореядағы KUKKIWON ұйымы бекіткен қара белбеу және үшінші дан иегерімін.

Қазан айының басында Англияның Шеффилд қаласында Ұлыбританияның ұлттық чемпионаты өтті. Бұл жарыста Ұлыбританияның үздік таеквондошылары жиналды, өйткені ол жыл сайын бір мәрте өтетін елдегі ол ең маңызды жарыс саналады.

Мен бұл бәсекеге бірнеше ай бойы дайындалдым, мақсатым тек жеңіске жету болды. Турнир барысында екі кездесу өткіздім. Алғашқы жекпе-жегім таныс жігітке қарсы өтті. Ол да Англияда оқитын, Грециядан келген студент болатын. Оны 2:0 есебімен сенімді түрде жеңдім. Ал финалда өте мықты қарсыласпен жолықтым. Оның жартылай финалдағы кездесуін көріп отырып, оның да жеңіске деген құлшынысы жоғары екенін аңғардым. Соған қарамастан, қарсыластан еш қаймыққан жоқпын. Бірінші раундта 8:0 есебімен, ал екінші раундта 10:6 есебімен жеңіске жеттім.

Абдельазиз Исмаил
Фото: Абдельазиз Исмаил

Ұлыбритания чемпионы атанған соң халықаралық турнирлерге қатысуға жол ашылды ма?

Ұлыбритания чемпионы атанбай тұрып Қазақстан атынан халықаралық G-1, G-2 турнирлеріне қатысып көргем. Бірақ әлем, Еуропа және Азия чемпионатына қатысу үшін ұлттық құрама қатарында болуым керек. Мен Ұлыбритания азаматы емеспін, сол үшін ұлттық құрамаға қосыла алмаймын. Халықаралық турнирлерге де бұл елдің атынан қатыса алмаймын.

Ал Қазақстан құрамасынан ешкім хабарласқан жоқ. Оның үстіне қазіргі басты мақсатым – сабақ оқу. Сондықтан спортқа бұрынғыдай көп уақыт бөлу қиындап барады.

Кейінгі екі жылда шетелде оқып жүргендіктен, Қазақстанда өткен екі турнирде ғана өнер көрсеттім. Биыл тамыз айында 21 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысып, қола жүлдегер атандым. Ал оған дейін Астана қаласында өткен алғашқы Kazakhstan Open турнирінде бақ сынаған едім, өкінішке қарай, ол жарыста жүлде бұйырмады.

2027 жылы Қазақстанда тұңғыш рет таеквондодан әлем чемпионаты өтеді. Мұны Қазақстанның таеквондо тарихындағы маңызды оқиға деп бағалауға бола ма?

Әрине, бұл біздің таеквондо федерациясының осы спорт түрін насихаттаудағы сәтті қадамы деп білемін. Қазір біздің ұлттық құрамадағы спортшылар әлемдік аренада өте жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Соның арқасында халықаралық федерация Қазақстанға назар аударып отыр. Әлемдегі таеквондо жанкүйерлері Қазақстанда өтетін әлем чемпионатынан кейін біздің спортшыларымыз бен елімізге көбірек назар аударатынына сенімдімін. Әлем біріншілігіне жақсы дайындалып, жоғары деңгейде өткізуіміз қажет. Әлемнің әр түкпірінен келген спортшыларға Қазақстанның жақсы жақтарын көрсетіп, өз елімізді оң қырынан танытуымыз қажет.

Абдельазиз Исмаил
Фото: Абдельазиз Исмаил

–Қазақстанда көп адам спортпен кәсіби тұрғыда айналыса алмайды. Мысалы, кей отбасының қаржысы жетпейді, ал кей өңірде инфрақұрылым жоқ. Еуропада мұндай проблема кездесе ме?

Англияда ондай проблема барын байқаған жоқпын. Клубтарға қосылып, спортпен шұғылдану құны Қазақстанмен салыстырғанда біршама қымбат. Бірақ халықтың табысы жоғары болғандықтан, англиялықтар үшін спортпен айналысу қолжетімді көрінеді.

Біздің елде әлем чемпионы болған спортшыны «батыр» деп санап, мол сыйлық беріп жатады. Еуропа халқының спортшыларға көзқарасы қандай?

⁠– Менің ойымша, Қазақстанда спортшыларға деген көмек пен қолдау біршама жоғары. Мысалы, Қазақстан құрама командаларының шет елге сапарын мемлекет түгелдей төлейді. Англияда ондай емес. Мұнда барлық шығынды спортшы өзі төлейді немесе сырттан демеуші табады. Бірақ Ұлыбританияда демеуші табу аса қиын емес деп естідім. Сондай-ақ Қазақстанда халықаралық чемпионаттарда жүлдегер атанған спортшыға көптеген сыйақы, бонустар береді, ал Ұлыбританияда жеңіске жеткен спортшыға ешқандай сыйақы берілмейді.

Таеквондо спортының Қазақстандағы даму деңгейіне қандай баға бересіз? Бұл спорт түрін әлемдік деңгейге жеткізу үшін қандай жұмыстар атқарылуы қажет деп ойлайсыз?

Кейінгі бірнеше жылда Қазақстанда таеквондо спорты жақсы дамып келеді. Әрине, өз халқымның халықаралық деңгейде сәтті өнер көрсетіп, туымызды биікке көтергенін көрсем, қатты қуанамын. Түрлі жас дәрежесіндегі қазақстандық спортшылар халықаралық турнирлерде топ жарып, жүлдегер атанып жүр. Казақстан ұлттық құрамасы сапында достарым көп. Олардың барлық жарысын тамашалап, үнемі қолдау көрсетіп жүремін. Қазақстанда таеквондо спортын дамытуға SC DOSTAR сияқты клубтар, Шаймұрат Нұрпейісов, Александр Кан, Жанель Тілегенова сияқты жаттықтырушылар үлкен үлес қосып жатыр деп есептеймін.

Сіз Англияда оқып жүрсіз. Сол елдегі Қазақстан елшілігі Республика күніне орай ешқандай іс-шара өткізбегенін көріп, қатты наразы болғаныңызды естідім. Сіздің ойыңызша, патриотизм деген не? Қазіргі жастар Отанды сүю дегенді қалай түсінеді?

Иә, ол рас. Шет елде ұзақ уақыт жүргенде өз мемлекетіңді қатты сағынатының анық. Ал осындай атаулы күндер шетелде жүрген қазақстандықтардың басын қосып, өзара таныс-біліс болуына жол ашса деймін. Бірақ мен жүрген елдегі елшілігіміз мұны жасай алмады. Менің ойымша, патриотизм – Отанды идеалды көрсету емес, керісінше, оны жақсы көру арқылы дамуына, өркендеуіне атсалысу. Қазіргі жастар Отанды сүю дегенді шетелде өз елінің абыройын қорғау, білім алып, тәжірибе жинап, кейін сол білімін Қазақстанды дамыту үшін қолдану деп түсінеді. Ал, өз басым, патриотизмді жай сөз емес, үлкен жауапкершілік және өз еліңнің дамуына үлес қосу деп білемін.

Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Қуаныш Қаппас