Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
02:37, 07 Наурыз 2019

Әбілхан Қастеев мұражайы Мәскеуде

Мәскеуде Ресей Көркемсурет академиясының музейлік-көрме кешенінде «Алпысыншы жылғылар.
Түркі романтизмі» атты экспозиция ашылды. Тақырыптың мәні – алпысыншы жылдары сурет өнеріне келген, қазақ сурет өнерінде ғана емес, әлемдік деңгейде біршама танылған суретшілердің туындыларына арналған.«Алпыстықтар» деген тіркес КСРО-да өмір сүрген кез келген мемлекетте, кез келген өнер саласына қатысты айтылады. Себебі, Сталиннің қатал режимі аяқталып, жылымық орнай бастаған кезеңде өнерге келген таланттар руханияттың жаңа кезеңін бастап берді. Яғни, еркіндеу болды. Міне, осы жылдары қазақ сурет өнеріне келген суретшілердің туындылары Мәскеу төріне осы тақырыппен шығып отыр. Жылымық кезеңіндегі суретшілердің туындыларын Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайы ұсынды. Бұл қазақстандық мұражай өткізіп отырған халықаралық деңгейдегі төртінші көрме.«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған көрме Зураб Церетелидің өнер галереясында өтті, онда қазақ суретшілерінің 50-ден аса туындылары қойылды. Алпысыншы жылдары өзіндік мәнерімен ерекше із қалдырған шеберлердің туындылары Қазақстанның көркемөнері өрлеген кезеңге жатады. Билік тарапынан жасалып келген қысым босаңсып, тыныс кеңейе бастаған шақта суретшілер де қатып қалған қағидалардан бас тартып, еркін қимылдай бастады. Нәтижесінде, әр суретшінің өзіндік тілі мен стилін қалыптаса бастады. Бұл көрменің тағы бір мәні осында жатыр – Қазақстан көркемөнерінің өрлеу дәуірінің бастауы қандай болды деген сұраққа жауап табуға болады.Ә.Қастеев атындағы мұражайдың директоры Гүлмира Шалабаеваның айтуынша, көрмеге таңдаулы деген атақты суретшілердің туындылары әкелінген. — Алпысыншы жылдар дәуіріндегі өте белгілі суретшілердің туындыларын әкелдік. Көрменің қызығы да осында, себебі бұл Қазақстан бейнелеу өнері тарихындағы маңызы зор тұлғалар. Бұл Айтбаев, Шарденов, Тоғысбаев секілді есімдер, графиктерден Кисамединов, Исатай Исабаев, — дейді ол.Ол сондай-ақ, мәдениеттер диалогы, Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара мәдени байланыстарды нығайту – өнердің толық қызмет етуі, суретшілердің шығармашылық өсуі, мәдени институциялар есептелетін музейлер мен академиялар арасында тәжірибе алмасу үшін өте маңызды екенін айтады.Алпысыншы жылдардағы қазақ көркемөнерінің дамыған, жаңа кеңістікке шыққан кезі екенін Ресей көркемөнер академиясының бірінші вице-президенті Виктор Калинин де растап отыр. — Қазақ суретшілерінің жетіліп жүргенін үнемі үлкен қызуғышылықпен бақылайтынмын. Олардың бір керемет жарқыраған кезі еді, мұны бәрі анық байқаған. Көрмелерде үнемі бас жүлде алатын. Қазақ суретшілері туындыларының өзіндік ерекшелігі үлкен әсер қалдырады, — дейді вице-президент Калинин.Саясаттың қатқан тоңы жіби бастаған тұста қазақ сурет өнерінде ұлттық, көне түркілік сарындар да көрініс бере бастады. Бұл заңды да еді. Өйткені, езгіде жатқан, бодан болған елдің ұрпақтары көп жылғы сірескен аңдудан босағанда түп тамырын іздей бастағаны белгілі. Шығыстық стиль жарқырып көріне бастағаны да осы кез. Шығыс миниатюрасы, халықтың сәндік өнер тәжірибесі қайта тіріліп, суретшілердің картиналары арқылы көріне бастаған кезі осы жылдар екенін айтады ұйымдастырушылар. Ресей көркемөнер академиясы жанындағы өнер тарихы мен теориясы ғылыми зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері Ольга Юшкова: — Олар өз тарихымен қоса бүкіл әлемнің, әсіресе ежелгі шығыстың тарихын жақсы білген ойшыл кісілер еді. Шығармашылығында осы ежелгі өнерді заманауи дүниемен үйлестіре білді, — дейді.  «Алпысыншы жылғылар. Түркі романтизмі» атты көрме наурыз айының соңына дейін жалғасады.Фото: gmirk.kz
Тегтер: