«Әбіл» фильмі халықаралық 3 мәртебелі марапатты жеңіп алды

Режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмі 11-18 ақпан аралығында Везульде (Франция) өткен 31-ші Халықаралық Азия кинофестивалінде жеңімпаз атанды. Фильм бірден үш жүлдені жеңіп алды, бұл қазақ киносы үшін тарихи жетістік.
Марапаттарды атап айтқанда:
* Jury Grand Prize (Қазылар алқасының бас жүлдесі)
* Critical Jury Prize (Киносыншылар алқасының жүлдесі)
* NETPAC Jury Prize (NETPAC қазылар алқасының жүлдесі)
Көрермендер мен қазылар алқасы Елзат Ескендірдің дебюттік фильмін жоғары бағалаған.

Кинотуынды Алматы облысы, Ұйғыр ауданында түсірілген. Фильм подюсерлері Серік Әбішев, Сергей Әзімов, Ерлан Бекқожин. Ко-продюсер Юлия Ким.

Басты рөльдерде белгілі дәстүрлі әнші, өнертанушы, публицист Ерлан Төлеутай, М.Әуезов театрының белгілі актерлері Нұржан Бексұлтанова, Әлихан Лепесбай, Ғ.Мүсірепов театрының актері Ұлан Нүсіпәлі ойнаған.
Фильм Қазақстан Республикасының Мәдениет және Ақпарат Министрлігінің тапсырысымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Қазақфильм киностудиясында түсірілді. Кинокартинаның дистрибьюторы «Tanaris» студиясы.

Айта кетейік, 2016 жылы Пусан кинофестивалінде Елзат Ескендірдің «Өліара» қысқаметражды көркем фильмі «Wide Angle» конкурстық бағдарламасына қатысып, бас жүлде – «Sonje» сыйлығына ие болған.