Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:58, 16 Сәуір 2024

Абьюзердің орны – абақты

Абьюзер
Фото: из открытых источников

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтуге қатысты заңға қол қойды. Аталған құжаттың бірнеше ерекшелігі бар.

 Енді жұбайына қысым көрсететін «тирандар» жеңіл-желпі құтыла алмайды. Сол секілді балаларға жыныстық зорлық жасағандар өмір бойы бас бостандығынан айырылмақ. 

Кейінгі кезде Қазақстанда әйелдерді ұру және тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі жиі талқыланып келді. Әсіресе былтыр экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенованың өліміне күдікті ретінде ұсталуы да қоғамдағы пікірталасты одан сайын күшейтті. Жаңа заңда бұған дейін жіберілген кемшіліктер ескеріліп, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрестің тәсілдері жетілдірілген. Жаңа заңдағы ерекшеліктерге көз жүгіртуді жөн көрдік.

Әкімшілік жазадан қылмыстық кодекске

Президент Тоқаев отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесін талай рет көтерді. Заңдағы өзгерістерде зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның қадір-қасиетін қорлауға жол бермеу мақсатында бірнеше норма қарастырылған. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін баптары Әкімшілік құқық бұзушылықтан алынып, Қылмыстық кодекске енгізілді. Ал денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Жаңа заңға сәйкес, Қылмыстық кодекске «ұрып-соғу» бабы қосылған. Аталған бапта дене жарақатын салған не өзге де күш қолданған адамға 80 айлық есептік көрсеткіш айыппұл белгіленетіні көрсетілген. Немесе 25 тәулікке дейінгі мерзімге қамалады. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргендер елу тәулікке дейін темір торға тоғытылмақ.

Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар белгіленген. Оларға жазаны күшейтумен қатар, сот шешімі қажет деп тапса, медициналық ұйымдарда психологиялық көмектен өту мүмкіндігі қарастырылады. Бұдан бөлек, үш айдан бір жылға дейінгі мерзімге жәбірленушіні іздестіруге, қудалауға, ауызша немесе телефон арқылы келіссөздер жүргізуге, өзге де тәсілдермен байланысқа түсуге тыйым салынады.

Отбасын қорғау институттары жетіледі

Отбасындағы ұрыс-керісті «ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деп жылы жауып қоюға тырысатындар бар. Жаңа заңдағы өзгерістер, жазаның қатаңдауы отбасы институтына сына қақпай ма? Мәжілісте тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң жобасы талқыланғанда депутаттар осы сауалды бастамашы топқа жолдаған. Бастамашы топ тұрмыстық құқық бұзушылық мәселесін шешу қоғамның барлық деңгейдегі бірлескен күш-жігерін қажет ететінін, тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау мәселесінде заңнамаға өзгерістер енгізумен қатар азаматтардың көзқарасы, моральдық ұстанымы да түзелуі керек екенін айтты.

Сондай-ақ заң аясында отбасын қолдау орталықтарының жұмысы реттеледі. Орталық қиын жағдайға тап болған адамдарға әлеуметтік, заңдық және психологиялық қолдау көрсетеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендерге бір айға дейінгі мерзімде осы орталықтарда уақытша тұру мүмкіндігін қарастырады. Отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111» байланыс орталығы жұмыс істейді.

Бұрынғы қателік ескерілді

Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін баптары 2017 жылы Әкімшілік құқық бұзушылық санатына енгізілді. Сол кезде Бас прокуратура тұрмыстық зорлық-зомбылықты дәлелдеу қиындап кеткендіктен, сотқа жүгіну азайғанын алға тартқан-ды. Статистикаға көз жүгіртсеңіз, «бұл пікір рас па?» деген ой келеді. Өйткені сол уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылықты Қылмыстық кодекске енгізген кезде ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру бойынша сотталғандар саны 37 есе азайыпты.

«Бақсам, бақа екен» демекші, мәселенің мәні тереңде жатыр. 2014 жылы қабылданған Қылмыстық кодексте зорлық-зомбылық көргенін жәбірленуші өзі дәлелдеуге тиіс болатын. Яғни сараптама денесіне зақым келгенін анықтап берсе де, жәбірленуші сотқа өзі арыз түсіруі қажет еді. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың сөзіне сүйенсек, көп жағдайда зәбір көргендер бұдан әрі арыздануға тырыспаған.

Заңгер Айгерім Құсайынқызы бұған дейінгі статистикадағы деректердің аз көрсетілуі ретінде бюрократиялық қиындықты келтіреді. Мысалы, әйелдің денсаулығына келген ауыр зиянды дәлелдеу үшін арнайы экспертизадан өту керек. «Оған көп әйел бара бермейді. Оны дәлелдеу кезінде әйелдер қайта жан жарақатын алады. Сол үшін көп жағдайда қолдарын бір сілтейді. Ескі заң әйелдің арыз жазбауына жетелейтін», – дейді сарапшы.

Осындай бірнеше себепке байланысты былтыр тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеу арыздану сипатынан анықтау сипатына көшірілді. Бұл қадам абьюзердің жәбірленушіні алдап-сулап татуласуына, жазадан құтылып кетуіне жол бермейді. Енді жаңа заңда жәбірленуші тараптың жазбаша арыз беруі талап етілмейді. Кез келген үшінші тарап – көршілер, туыстар мен жақындары тұрмыстық вандализмді учаскелік полицейге хабарлаған жағдайда, қылмыстық іс қозғалады. Әйел қарсы болса да, тергеу жүргізіледі. Әйел қаржылық-экономикалық тұрғыдан күйеуіне тәуелді болғандықтан, зорлық жайлы хабарламауы ықтимал. Сондықтан әйелдің бетіндегі жарақатты байқаған кез келген адам ресми органға айтуы қажет.

Статистика көңіл көншітпейді

Ұлттық статистикалық бюроның деректеріне сүйенсек, әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық оқиғалары біртіндеп азайып келе жатқандай. Мәселен, 2019 жылы 96 мың қылмыс тіркелсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 61 мыңға дейін азайған. Бірақ тіркелген қылмыс саны азайғанымен, тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейі төмендеді ме? Өкінішке қарай, «иә» деп жауап бере алмаймыз.

Әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан қаза тапқандар саны азаймай тұр. Кейінгі бес жылда елімізде 900-ге жуық адам абьюзердің қолынан көз жұмыпты. Денсаулыққа қасақана ауыр зардап әкелу бойынша екі мыңнан астам қылмыстық іс тіркелген. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сәйкес, былтыр 69 адам тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан көз жұмған.

ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, бұрын жыл сайын құқық бұзушылықтар туралы 100 мыңға жуық сигнал түссе, 70 пайызға жуығында полиция жәбірленушілердің арыз жазудан бас тартуына байланысты шара қолдана алмайтын. Анықтау сипатына ауысқалы бері мұның өзгергенін деректер көрсетіп отыр. Былтыр тұрмыстық жанжал туралы 99 мың хабарлама түскен. Соның 79 мыңнан астамы әкімшілік жауапкершілікке, мыңға жуығы қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Осыдан-ақ 2022 жылға дейін әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың азайғандай көрінуі жәбірленушінің арыз жазудан бас тартуымен байланысты болғаны анық аңғарылады.

Зәбір көрсе, жасырады

Айгерім Құсайынқызы Статистика бюросының деректеріндегі мәліметті былай түсіндіреді. Оның сөзіне сүйенсек, бұл істер тек бір баппен немесе бір дерекпен шешілетін мәселе емес. Денсаулыққа қасақана жеңіл, орташа немесе ауыр зиян келтіру ғана емес, қинау, азаптау, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, суицид, бұзақылық, ұрып-соғу сияқты бірнеше баппен тіркеледі. Бұл істер 2017 жылы әкімшілік құқық санатына өткендіктен, құқықтық статистика комитеті тек қылмыстық құқық бұзушылықтардың деректерін жүргізеді. Заңгердің айтуынша, шын мәнінде статистика азайған жоқ. Тек ІІМ-нің бұл істерді санаттау мен тіркеу әдістемесі өзгерді.

«Істің Статистика бюросында тіркелмеуі олардың болмағанын білдірмейді. Себебі арыздарын 1 күннен соң қайтып алатын немесе қайтып алуын талап ететін учаскелік полиция қызметкерлерінің әрекеттерін назардан тыс қалдырмау керек. Кризистік орталықтардағы әйелдер үйіне қайтқанымен, қылмыстық іс қозғалмаған не хабарламаған жағдайлар кездеседі. Отбасыдағы зорлық-зомбылық жеке сипаттағы қылмыстар санатынан енді жаңа заң бойынша жария сипатқа ауысады. Мұндай қылмыстарды жасырып қалу қиындай түседі», – дейді А.Құсайынқызы.

Сарапшының сөзінің жаны бар. Кей жағдайда полиция қызметкерлері шағымданушының арызын қабылдамай қойғаны туралы жаңалықты бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп жүрміз. Құқық қорғаушылар да бұл туралы жиі айтады. Ал арызды қабылдағанның өзінде әкімшілік құқық бұзушылық аясында тек ескерту берумен шектелетін сәттер де кездеседі. Нәтижесінде, отбасындағы агрессор жеңіл жазамен құтылып кетіп жүрді. Ендігі жерде анықтау тәсілі мен тұрмыстық зорлық-зомбылықты Қылмыстық кодекске енгізу абьюзердің әрекетіне тосқауыл болуға тиіс.

Педофилдерге кешірім жоқ

Жаңа заңда қоғамда жиі талқыланған педофилияға қатысты жаза күшейтілген. Енді педофилдер өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ кәмелетке толмаған балаларды жыныстық зорлық-зомбылық сипатында өлтіргені үшін өмір бақи бас бостандығынан айыру жазасы белгіленеді. Жалпы, заңда балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың бүкіл түріне жаза қатаңдады.

Статистикаға көз жүгіртсек, кейінгі жылдары балаларға жыныстық зорлық-зомбылық өршіп тұр. Мысалы, 2022 жылы 719 бала жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрген. 2021 жылы бұл көрсеткіш 920 болған екен. Қазіргі таңда екі мыңға жуық педофил түрмеде жазасын өтеп жатыр.

Құқық қорғаушылар педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айыруды талай мәрте көтерген. Өйткені бұған дейін педофилия бабы бойынша жазаға тартылып, кейін босап шыққаннан кейін әрекетін қайталаған бірнеше оқиға болған еді. Заңдағы өзгеріске сәйкес балаларға жыныстық зорлық-зомбылық жасаған адамға кешірім жасалмайды. Сондай-ақ олардың өтелмеген жаза мерзімі қысқартылмайды немесе жазаның жұмсақтау түрімен ауыстырылмайды. Педофилдер рақымшылық ала алмайды. Балаларға қарсы жасалған аяусыз, ауыр қылмыстар бойынша бітімгершілік қарастырылмайды.

Бұған дейінгі тәжірибе көрсеткендей, жеңіл жаза абьюзердің ойына келгенін істеуге жол ашады. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қылмыстық сипат берген соң абьюзерлер аяқ тартады. Алайда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін жазаны қатаңдататын заңмен түбегейлі шешіледі деп айту қиын. Бұл жерде кешенді шара қабылдау қажет. Біріншіден, халықты заңның нормаларымен құлағдар еткен жөн. Яғни түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілсе, азаматтар осындай заң жобасын естиді, агрессорлар аяқ тартады. Сосын, бұл мәселе мектеп кезінен бастап қолға алынуға тиіс. Қалай болғанда заң қабылдаумен іс бітпейді, енді бұл тарапта қаншама шаруа күтіп тұр.

Әлихан ҚЫСТАУБАЙТЕГІ,

журналист

Тегтер: