Адам адамға...

Ең алғаш Плавтың «Есектер» комедиясында айтылған «Адам адамға – қасқыр» дейтін сөздің төркінін әркім әрқалай түсініп бағыпты.
Абыл мен Қабылдың қанды оқиғасынан бері бір сәтке тоқтап көрмеген қылмыс адамзат тарихының, тіршілігінің ажырамас, сұрықсыз бір бөлшегіне айналып үлгерген екен. Қаншалықты сұрқай болса, соншалықты адамды өзіне «тартатын» жауыздықтың себебін әртүрлі пайымдауға болатын-ақ шығар, бірақ біздіңше, оның түбінде үлкен қорқыныш пен ұлы қызғаныш жатыр. Қорқақ адам жауыздыққа барады, кісі өлтіреді, қызғаншақ адам соғыс ашады. Қабылдың бауырының қанын төгуінің астарында қызғанышпен қатар қорқыныш жатқандай. Ол – Абылдың бақытты болуынан қорықты.
Гитлер 1914-1918 жылдардағы әлемді шарпыған майданда бірде-бір ерлік көрсете алмапты. Үнемі тылда жүріп, ефрейтор шенімен ғана қайтқан оның бойында ерліктің бір мысқалы болмапты. Осы пендеңіз Екінші дүниежүзілік соғысты бастап берді. Қанша адам өлді, қанша әйел жесір қалды, неше бала жетім болды? Миллиондап саналады. Ал осынша адамның обалына бір ғана адам қалды. Сондағы әр тағдырдың өзі бір романға жүк болатындай ғұмырлар еді-ау.
***
Соғыс тудырған шығармаларды көп оқи қойған жоқпыз. Біздің әдебиетіміздегі балалығы соғыспен қатар келген Мұқағали, Қадыр, Тұманбай көкелеріміздің жырларынан-ақ жүрек шымырлап, жесір әйел, жетім ұлдың мұң-наласын көретінбіз. Бірақ бұл соғыстың толық бейнесі екенін ұға қоймаппыз. Және сол толық бейнені соғысты көрмеген ұрпақ әсте сезе алмайтын сияқты. Әр ұлт соғысты өз тарихы, өз әдебиеті тұрғысынан қараса керек. Ал біз айтатын екінші дүниежүзілік соғыс өрті жер шары халқының 80 пайызын шарпыды. Сол кезде 74 мемлекет қатысты. Бұл соғыстың 74 бейнесі бар деген сөз. Тіпті ұлттарды санасаң, одан да көпке шығады.
Бірінші дүниежүзілік соғыс тудырған Анри Барбюстің «Бір солдаттың хаты» романы соғысқа кеткен суретшінің анасына жазған хаттарынан тұрады. Сонда ол: «Ана, сен тіпті адамның адамға не істей алатынын елестете де алмайсың ғой» деп жазады. Осы уақытқа дейін соғыс туралы жазылған кітаптар мен түсірілген фильмдерді көрген, оқыған жандарға адам адамға не істей алатынын айтудың артықтығын сеземіз. Әсіресе осы кезде әлемде, іргемізде болып жатқан соғыстан-ақ көруге болмай ма? Ендеше, қанша соғысты көрген адам баласының тағы соғысқа құмартуы ненің белгісі? Ал соны бастаған Путиннің әрекеті, түбінде не жатыр деп ойлайсыз? Бәрі де түсінікті және бөлек тақырып. Адам тарихтан сабақ алмайды. Себебі әркім тарихты өзінен бастағысы келеді.
***
Біздің әңгімеміз соғыс туралы еді. Хемингуэйдің «Қош бол, майданы» бізге соғыста тәтті өмір, іңкәр сезім бар екенін білдірді. Ремарктың «Салтанат қақпасы» соғыс кезінде майдан шебінде болмаса да, өмірі үшін күресіп, қуғынға түскен, фашизмді қолдамаған жанның болмысын жеткізді. Быков повестері мен Никулин естелігі, Ржев түбіндегі шайқас ақиқаты біздің соғыс туралы пайымымызды мүлде өзгертті. Соцреализм іліп берген шымылдықты сыпырып тастап қараған кезде бұл қанды қасаптың адам нанғысыз бейнесінен шошисыз. Бұл шығармалар майданмен қатар жүріп жатқан, сол атмосферадағы өмірді жазды.
Жоғарыда айтқан біздің соғыс кезінде өскен ақын-жазушыларымыз 1941-1945 жылдар салып кеткен жараның ізін тәп-тәуір жаза алды. «Ұйықтамайтын, тек қана көз ілетін, көзін ілсе, жарымен кезігетін» дейтін жолдардың өзінен-ақ ауыр трагедияның салмағы сезілмей ме?! Сартап сағыныштың дүдәмал үмітіне шырмалған нәзік жүректің өмірдің қатал жазмышына бетпе-бет келгенде, шойырланып, қатайып кеткенін ақын қалай нәзік жеткізеді. Осындай мысалдарды соғыс тақсіретін көрген барлық ақын-жазушылардан көре аласыз.
Жақында «Мазмұндама» қоры басып шығарған, белгілі ақын, аудармашы Дәурен Берікқажыұлы тәржімалаған Кристин Ханнаның «Бұлбұл» романы да екінші дүниежүзілік соғыс кезін суреттейді. Бауыржан Момышұлының «Соғыс туралы кітаптар соғыстан кейін жазылады» деген сөзі өміршең болып шықты. Соңғы уақытта жазылған бұл роман әлемде ең көп оқылған кітаптардың біріне айналды. Сондай бестселлердің бірі – Маркус Зусактың «Кітап ұрысы» романы да соғыспен параллель өмірдің кескінін жазады. Бұл да соңғы уақыттағы танымал романдардың бірі. Демек адам баласы ол соғысты әлі ұмытқан жоқ. Иво Андричтің: «Соғыс бұрын қайтыс болғандардың да, әлі өмір есігін ашпаған ұрпақтың алдында да жауапкершілігіміздің зор екенін көрсетті» дейтіні бар. Бүгінгі жазушылар ол уақыт үшін өмірге келмеген ұрпақ еді. Әлі де өмір қақпасын қақпаған, болашақ зәузаттың алдындағы бұл жауапкершілік бір сәтке жеңілдемейді.
***
Зұлымдық пен мейірімнің, махаббат пен ғадауаттың, достық пен дұшпандықтың, сатқындық пен адалдықтың бітіспес күресіне арналған;
Адамзат баласының ашкөздігін айыптап, әлемді тербеп тұрған махаббат сезімін насихаттаған;
Ұлттар мен ұлыстардың соғыс үшін емес, достық үшін жаралғанын алға тартқан;
Қиян-кескі майдандағы әйелдердің бейнесін айшықтап көрсеткен «Бұлбұл» романын классикалық әдебиеттің қатарына жатқыза қою қиын. Бірақ апалы-сіңлілі екі қыздың астаң-кестең болған тағдыры арқылы әлем назарына соғыс қасіретінің салмағын тағы салғандай болды.
Бір отбасынан шыққан апалы-сіңлілі екі қыздың бөлек жаратылысы майдан даласында бір денеге айналады. Екі бөлек тағдырдың мойнына түскен ортақ ауыртпашылық ақыры достық үшін, бейбітшілік үшін күрескен әр әлуан болмыстарды ажырамас ортақ мүддеге біріктіріп жібереді.
Кристин Ханнаның бұл романы қаһарман жандарды дәріптей отырып, бейбіт өмірге шақырады. Роман екінші дүниежүзілік соғыс басталған уақыттан соңына дейінгі аралықты қамтиды. Оккупацияға ұшыраған Францияның қарапайым халқы не істерін білмей қалады. Виши үкіметі орнап, оны бірінші дүниежүзілік соғыста аты шығып, Верден маңындағы шайқаста даңқы шыққан Филипп Петен басқарады. Бұл үкімет Гитлер билігіне қызмет ететін және коллаборационистік бағытты ұстанады. Ол соғысқа араласпаған болып, іштей фашизмге қарсы күресіп жүрген француздарды ұстаумен айналысу деген сөз еді. Оның үстіне фашистердің еврей ұлтына жасап жатқан қастандығына да осы үкімет болысатын.
Оқиға бір отбасынан шыққан екі қыздың тағдыры арқылы өріледі. Вианна мен Изабель. Бірі өжет, екіншісі жуас. Бірі батыр, екіншісі момын. Вианна ерте тұрмысқа шығып, жеке өмірінің тыныштығы мен қызының бақыты үшін бәріне дайын болса, Изабель тыныш жүре алмайтын, батыл, әділетсіздікке көніп отыра алмайтын қайсар. Соғыс басталғанда Изабель мектебінен қуылып, Вианнаның үйіне келген. Олардың шешесі қайтыс болған соң, әкелері пансионатқа беріп, қыздарын тастап кетеді. Екеуі де әкелерінің бұл әрекетіне наразы болатын. Роман осылай қарапайым тұрмыстық оқиғалардан басталады. Негізгі әңгімені баяндаушы ретінде Вианна алынған. Лирикалық шегініс жасай отырып, соғыс ардагері басынан өткен оқиғаларды баяндайды.
Романды оқып отырып толқисыз, мұңаясыз, қуанасыз. Жоғалту мен табудың арасындағы санқилы сезімді кейіпкерлермен бірге кешесіз. Бұл соғыс туралы алғашқы кітап емес, жалғыз да емес. Олардың әрқайсысы өзінше дара. Бұл роман майданның нақ өзін суреттемейді. Майдан даласымен қатар жүріп отыратын тыңшылық өмірді сипаттайды.
Осыған ұқсас сезімді Вианна мен Изабельдің әкесі де тудырады. Екі қызын тағдыр өтіне тастап, жеке басының ғана қамын ойлаған еркек деп топшылайсыз басында. Бірақ олай болмай шығады. Оның сырын Изабель ашады. Вианна тұрған аймақ Корриво фашистердің қолына өткеннен соң неміс офицері Вианнаның үйінде тұрады. Оның күйеуі Антуан фашистерге қарсы соғысқа аттанып, тұтқынға түскен. Өз үйінде жаудың офицері тұруына Вианна келіскенімен, Изабель ондайға шыдамайды. Оны қорлық деп түсініп, Парижге аттанбақ болады. Сол күндердің бірінде тыңшылық қызмет істейтін топқа тап болып, сол құпия ұйымға мүше болады. Оның тегі Россиноль еді. Бұл «Бұлбұл» деген мағына береді. Сөйтіп, бұның құпия ұйымдағы жасырын аты «Бұлбұл» болады. Романның да аты осы кейіпкердің құрметіне қойылған.
Ақыры жасырын ұйымның тапсырмасымен Парижге кеткен Изабель әкесіне барады. Онда әкесіне де айтпай, құпия түрде қызмет етеді. Кейіннен әкесінің де сол құпия ұйымның мүшесі екенін біледі. Сөне бастаған махаббаты осы сәтте қайта оянады. Өйткені Францияның азаттығы үшін күрескен әрбір адам Изабель үшін қаһарман еді.
Изабельдің де әрекеті ерлік жасау үшін емес, Отанды сақтау үшін жасалып жатқан азаматтық әрекет еді. Құпия тыңшы боп жүріп, Францияға көмекке АҚШ-тан келген ұшқыштарды құтқарумен айналысады. Ол ұшқыштардың ұшағын фашистер атып құлатып, өздері аман қалса, қолға түспеуге тырысып, тығылып жүретін. Құпия ұйым сондай адамдарды тауып, Пиреней түбегі арқылы Испанияға өткізіп, адамдарды аман сақтап отырды. Изабель осы аса қауіпті жұмысты атқарады. Бұның «Бұлбұл» деген аты сол кезде кең жайылады. Жаудың бәрі «Бұлбұлды» ұстауға күш салады.
Сондай қауіпті күндердің бірінде Изабель тұтқынға түседі. Олардың орталықтарын немістер тауып алады. Ақыры бәрін азаптай бастады. Бәрінің іздейтіні – «Бұлбұл». Оның не әйел, не еркек екенін ешкім білмейтін. Осы кезде әкесі өзі беріліп, «Бұлбұлмын» дейді. Оны көшеге дарға асып қояды. Бұл көрсетіп жазалау еді. Ал Изабель соғыс біткенше азаптауда болады. Оны әйелдерге арналған Равенсбрюк концлагеріне айдауға жібереді. 130 мың адамды қинап ұстаған, 90 мың адамның өмірін жалмаған бұл лагерьдегі жантүршігерлік азапты жазушы тәуір суреттейді. Осы уақытқа дейін түсірілген фильмдер мен жазылған кітаптар арқылы таныс оқиғалар емес. Изабель кешкен сезімдер адамды көп толқытады. Өмір қиындықтарымен, қуаныштарымен емес, адам кешетін сезімдермен аяулы екен. Егер тек оқиғалар қалып, сезім болмаса, мына әлем соншалықты қызық болмас еді.
***
Вианнаның тағдыры мүлде басқаша өрбиді. Қызымен жалғыз қалған ол соғыстың басталғанына да сенгісі келмеді. Бірақ ақыры мойындауына тура келді. Сіңлісінің қыңырлығы мен қисықтығына да ашуы келетін. Оның тыныш өмірін бұзып жатқандай көрінді. Оған соғысқа қатысып, өмірін, өз өмірінен бұрын баласының өмірін қатерге тіккеннен гөрі, тыныш жатып, соғыстың аяқталуын күту еді. Бірақ соғыс сонысымен де соғыс қой, оның оты шарпымаған жан қалмайды. Вианна аңғал еді. Ол алдымен неміс офицеріне Карривода тұратын өзі танитын еврейлердің тізімін айтып қояды. Бұл оның бірінші қателігі еді. Артынан онысы дұрыс болмағанын түсінеді. Өйткені ол аймақтағы еврей ұлтының бәрін алдымен ерекшелеп белгі тағып, кейін концлагерьлерге айдады. Басында балаларға тиіспейтін. Кейін оларды да ұстай бастайды. Вианнаның Рашель деген құрбысын да ұстап кетеді. Оның баласын Вианна жалған құжатпен өз баласындай асырап алады. Бұл оның осы жолдағы күресінің басы еді. Сөйтіп, ол он жеті баланы құтқарады. Немістерден тығады. Жасырады.
Гитлердің бір үлкен зұлымдығы бір ұлтты жек көруі және сол ұлтқа жасаған геноциді еді. Бұл геноцид тарихқа холокост деген атпен енді. Әркімнің өз көзқарасы бар ғой. Бірақ жек көргенің үшін бір ұлтты қыру – бұл адамзат алдындағы қылмыс еді.
Изабель тұтқыннан аман шығады. Роман желісінде Гаэтон екеуінің арасындағы махаббат, сезім жақсы суреттеледі. Ол жеңісті көргенімен, құр сүлдері ғана қалған еді. Гаэтонның да тірі екенін көрген кезде, оны құшақтап тұрып сүйетінін айтады. Жігіт те сезімін білдіреді. Олар сезімін ашық айту үшін жеңісті күткен еді. Оған жетті. Бірақ сол сәтте Изабельдің жүрегі тоқтап, мәңгілікке көз жұмады.
Ал Вианнаның үйіне тағы бір неміс офицері тұрып, соның зорлығына ұшыраған еді. Содан бала туады. Оның да күйеуі тұтқыннан аман шығады. Вианна жүкті болып қалғанымен, баладан бас тартпайды. Тұтқыннан келген күйеуі де баланың кімдікі екенін сезетіндей. Бірақ ол туралы мүлде ештеңе айтпайды. Өйткені соғыстың жүрекке салған жарасы тым ауыр еді. Вианна «Тән жарасы жазылады. Жан жарасы ұмытылады. Қалатыны – махаббат. Қалатыны – біз», – деген тоқтамға келеді.
Роман осындай гуманистік оймен аяқталады. Әділетсіздік және әділет жолындағы күрес – мәңгілік тақырып. Ол ешқашан жоғалмайды. Жалғаса береді.
Романның негізгі мақсаты соғыс кезіндегі әйелдердің орнын айшықтау. Қару алып, майданға аттанатын ер адам болғанымен, біз көбіне әйел затының орнына көп мән бере бермейді екенбіз. Өзіміз де Әлия, Мәншүк, Хиуаз есімдерімен ғана шектеліп жатамыз. Ал біздің ұлттың арасында да Вианна мен Изабель тағдырлас апаларымыз болмады дегенге илана қоймаймыз.
Адам баласы бейбітшілікті сүйеді. Сонымен қатар соғысқа да құмар. Бұл адам жанының парадоксы. Соғыстың азабы мен мехнатын, ауыртпалығы мен қиянатын ешқашан айтып тауыса алмаймыз. Екінші дүниежүзілік соғыстың жарасы әлі жазылған жоқ. Толық бейнесі де әлі ашылмады.
***
Вианнаның фашистің қорлығынан тапқан балаға бар махаббатын төгіп, бәрін махаббатқа жеңдіргенге қарап, адамның адамға қасқыр ғана емес екенін түсінесіз. Ол бала құрсаққа іңкәр сезімнің тәтті құшағында жатып біткен жоқ. Бірақ өзі, керісінше, махаббаттың құндағында ер жетті. Сол бала зұлымдықты махаббатпен жеңуге болатынына айқын мысал болды. Ол ерлікті жасаған Вианна еді, ана еді.
Сенека Плавтың ойына қарсы сөз айтыпты: «Адам үшін адам – киелі нәрсе». Соғыстағы достық, махаббат, адалдық, мейірім бұны да дәлелдеді. Бір мезетте адам адамға бәрі бола алады екен. Мәселе тек таңдауда жатса керек.
Енді адамның таңдауы көп өзгере бермейді. Ылғи да осылай. Адам адамға...