Адам емес

Бақырбек, Алланың бұйрығымен сиыр болып кетсе, көрші-қолаңның қорасын мүйізімен ашып кіретін малдың сұмырайы болар еді.
– Қарасан келгір, – деп кемпір-семпір қарғар еді оны.
— Жарып тастайын ба, осы, – деп шал-шауқан айыр ала жүгірер еді.
Жайылып тұрған кірді де жеп қояр еді. Келін-кепшік зар жылар еді. Іш киімнен де дым қалдырмады-ау, – деп. Соңына ергендер сорлап қалар еді. Әсіресе өңмеңдеген бұқа-бұқашықтардың бірінің мүйізі қағылып, бірінің қарны ақтарылып дегендей...
… Егер, ешкі болса, қорадағы қойды мүйіздеп бітірер еді. Таңдап-таңдап сүзер еді, іш тастасын деп. Қорадан шықса сұғанақтанып кетер еді. Кейін… Бәрі жаңағыдай. Қаптаған теке. Шашылған жем-шөп. У-шу. Қарғап-сілеу. Боқтау. Сынған мүйіз. Шұбатылған ішек-қарын.
Түйе мен жылқыға айналмасын қалар едім. Екеуі де адамға адал, текті түлік қой. Ал құс болып кетсе, мейлі. Мәселен, тауық болып. Мұндайда ол қасақана, беймезгіл шақыра бастар еді. Жеңілтек қандастары қосылып кетіп, ел дүрлігер еді.
Шаруақор еркектер қатындарын балағаттар еді. «Ең құрымаса сағатты да түзетпейтін болдың, шешеңді...» – деп. Жүректілері сілейтіп те салар еді. Сосын, долданған қатындар радио аңдып, ақымақ тауықтардың қатесін дәлелдер еді. Шетте отырып шақырғандардың біразы әп-сәтте бастарынан айрылып, сорпаға айналар еді. Ал ол болса, қан-жынға бөккен жемге қарқ болар еді.
Мұның әу бастан ит болып тууы да мүмкін еді. Бірақ жеті қазынаның бірі саналатын тәуір бабаларына тартпас еді. Қысылса, қорқауларға жол көрсетіп, аулалас жануарларды қырғынға ұшыратар еді. Тіпті ұяластарын да қиып жіберер еді. Қарны ашса үй иесінің ақ көңіл, етжеңді бәйбішесіне де ырылдап, сілекейі шұбырар еді.
Қысқасы, жылан болсын, бүйі болсын, қарға болсын, Бақырбек жаратылысына жат болар еді. Өйткені ол адам емес! Азаматтарды арандатып, нан тауып жүр.