Адам үш күнде көрге, үш жылда уақыт белдеуіне үйренеді...
Уақыт белдеуі ауысқалы талас-тартыс тоқтаған жоқ. Әсіресе қоғам тарапынан «біздің ойымызды сұрамады, сөзімізді ескермеді» деген позиция қалыптасып отыр.
Жақында ғана осы ұсыныстың авторы, мәжіліс депутаты Еркін Әбіл әлеуметтік желідегі парақшасында «бәріне түсінікті заттарды соңғы рет қайталаймын» деп жазба жариялады. Оның айтуынша, жаңа уақыт белдеуі географиялық тұрғыдан дұрыс. Ал түсінбегендер мектеп бағдарламасын қайталауы тиіс.
Алдымен электр энергиясы туралы. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова уақыт белдеуі ауысқалы энергия пайдалану бойынша өзгерістердің байқалмағанын жеткізген. Алайда жақында ғана БАҚ беттерінде Ресейден электр энергиясын сатып алу көлемі күрт өскені туралы айтылды. Қазақстанға бұл елден 2022 жылғы 1 наурыз – 30 қазан аралығында 1 091,9 млн кВт/сағ2023 жылғы 1 наурыз – 30 қазан аралығында 3 742,8 млн кВт/сағ, 2024 жылдың 1 наурыз – 30 қыркүйек аралығында 2 562,3 млн кВт/сағ электр энергиясы импортталған. Ал KEGOC компаниясының есептеріне сүйенсек, 2022 жылғы 1 наурыз – 31 қазан аралығында 522,3 млн кВт/сағ, 2023 жылғы 1 наурыз – 31 қазан аралығында 817,5 млн кВт/сағ, 2024 жылғы 1 наурыз – 30 қыркүйек аралығында 884,7 млн кВт/сағ электр энергиясы сатып алынған. Осылайша,KEGOC осы жылғы тоғыз айда өткен жылғы он айға қарағанда 3 млрд теңгеге көп «сауда жасаған». Орталық Азия бойынша есептер де өткен жылғы сауданың азырақ болғанын көрсетеді.
Өңірлердегі жағдайды білу үшін Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының энергетика басқармасына сауал жолдадық. Себебі дәл осы облыстың тұрғындарынан келетін шағым көп. Олардың сөзінше, таң түнгі 2-3 шамасында атып қояды. Демек, мұнда кешкі уақытта электр энергиясы көбірек жұмсалуы ықтимал. Абай облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі:
«Шығыс жүйеаралық электр желілері» филиалының қолданылу аймағында Абай облысының электр энергиясын тұтынуы 2023 жылғы наурыз бен қыркүйек аралығында 1 674 671 439 кВт/сағ, ал 2024 жылғы ұқсас кезеңде 1 797 020 543 кВт/сағ құрайды. Осылайша, Абай облысында электр энергиясын тұтыну өткен жылмен салыстырғанда 7,3 пайызға өсті», – деп жауап берді.
Ал Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі 2024 жылдың наурыз бен қыркүйек айлары аралығында тұтыну 3,95 млрд кВт/сағ болды дейді. 2023 жылдың дәл сондай кезеңінде тұтыну 4,074 млрд кВт/сағ болыпты.
Сандардың айтып отырғаны – осы. Әкімдіктер мен KEGOC ұсынып отырған есептер рас болса, соншалық бір өзгеріс жоқ деп, жылы жауып қоя салуға да болады. Алайда уақыттың өзгеруі тек электр энергиясына ғана әсер етіп жатқан жоқ, ең алдымен жұрттың жүйкесіне тиіп, тіршілігіне әсер етіп жатқанын ескеру керек. Әсіресе малшы қауым үшін өте тиімсіз. Төрт түлік сағатқа бағынбайды, күннің шығуы мен батуына орай өріп-жусайды. Ал адамға келсек, бұл ең алдымен ұйқы, тыным мәселесі, яғни денсаулыққа қатысты өзгерістер. Бұл туралы жауапты ведомствоның басшысы Ақмарал Әлназарова пікір білдірген. Денсаулық сақтау министрі қарашадағы жағдай бойынша оң немесе теріс динамиканың байқалмағанын, ұзақмерзімді мониторинг жүргізіліп, бақылау мерзімі үш жылға созылатынын хабарлаған. Осыдан кейін ғана ғылыми негізделген ақпарат шығатын көрінеді. Бірақ қазақстандықтар мұншама уақыт жаңа белдеумен өмір сүргілері келмейтінін, ескі уақытты қайтару қажеттігін айтуда.
Наразылардың 50 мың даусы және оқушылардың 5 минуты
Сауда және интеграция министрлігі халық уақыт белдеуін өзгерту туралы ұсыныс айтқан соң, жаңа белдеуге көшу жайлы шешім қабылданғанын жиі қайталайды. Алайда бәрі керісінше сынды. Наурыздың басында сағат белдеуі өзгеріске ұшырай сала, наразылықтар легі басталып кетті. «Естімейтін үкіметке» қапа болған қазақстандықтар ресми платформада петиция жариялап, маусымның басында 50 мың дауыс жинады. Тамызда жауапты ведомствоның басшысы Арман Шаққалиев петиция талаптарының қанағаттандырылмайтынын, жаңа уақыт белдеуінің кері әсері дәлелденбегенін жеткізді. Одан соң мәжіліс депутаттарының даусы шыға бастады. Уақыт белдеуі жайлы «Аманат» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында талқыланып, одан соң депутат Мақсат Толықбай, Ринат Зайытов, Нұртай Сабильянов, Лұқбек Тұмашинов, Самат Нұртаза бұрынғы уақытты қайтару қажет деп мәлімдеме жасады.
Иә, ешкім айтпаса да, халық наразылығы белгілі. Видеолар мен жазбалар, бәрін қойғанда, петицияның өзі оны дәлелдейді. Түн ортасында таң атып жатқаны кімге жақсы болсын? Шырт ұйқыда жататын уақытта шақырайған жарықтан, күннің қызуынан оянып алып, дөңбекшіп жататынын айтқан қаншама қазақстандықты естідік. Әсіресе мектеп жасындағы балалар қиналып жатыр. Күн қысқарып, түн ұзарған кезеңде кешкі ауысымдағы оқушылардың қайтуы да қауіпті. Тіпті кейбір өңірлерде сабақтарды қысқартуға тура келген. Мәселен, Павлодардағы жеті мектепте әр сабақ уақыты 5 минутқа азайды. Еліміздің шығысында да осындай өзгерістер орын алуы әбден мүмкін. Бұл туралы педагог Аятжан Ахметжанұлы былай дейді:
«Екінші ауысымда оқитын оқушылар сабақтан жетіден өте шығады. Кейбір өңірлерге кешкі төрт-бесте қараңғы түсіп кетіп жатыр. Бұл балалардың қауіпсіздігіне кері әсер етеді. Оны шешу үшін «қысқарта салу» деген жаман үрдісімізге салдық. Ал енді педагогикалық ұстаным, педагогикалық заңдылық қайда? «5 минуттың арысы не, берісі не?» дейтіндер баршылық. Алайда оқу бағдарламасы 45 минутқа лайықталған. Демек, әр сабақтың салмағы, жүгі 45 минутқа арналады. Мұғалім үшін, бала үшін 5 минут тұрмақ, 5 секунд та бағалы. Айтарым, уақыт белдеуін өзгертудегі қателікті оқушының уақытын кесумен шешуге болмайды».
Ал оқу-ағарту министрі оқылмаған уақыттың есебін жазғы мектеп арқылы толтырамыз деп отыр.
«Бір сабаққа бөлінген уақытты нақты анықтайтын ережелер бар, бұл уақытты әрбір мектеп ұстануы керек. Бізде пандемия кезінде мұндай жағдай болған, сабақтар 40 минуттан өтті. Бірақ кейін білімдегі олқылықтың орнын толтыру үшін 2021-2022 жылдары жазғы мектептер ұйымдастырылды», – дейді Ғани Бейсембаев.
Яғни 9 айға жоспарланған білім бағдарламасы шала оқытылып, артынан жазғы мектепте сол қателікті түзетуге күш салынады. Алайда мұның бала үшін де, күнтізбелік реттілік пен сапа үшін де зияны бар екені айтпаса да белгілі.
Бірнеше жыл шыдасақ... Үйреніп кетеміз
Ал мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева күні кеше мәжіліс кулуарында былай деді: «Әр құзыретті орган өз жұмысы үшін өзі жауап береді. Мен мемлекеттік қызметкер ретінде ол туралы белгілі бір пікір білдіре алмаймын. Бірақ астананы ауыстырған кезде де халықтың 90 пайызға жуығы қарсы болған. Ал қазір бәріміз елордамызды жақсы көреміз. Сондықтан шешімдерді өзгерте берудің, жүйесіз жұмыс істеудің қажеті жоқ. Ақпарат министрі ретінде қоғамда қызу талқыланып жатқан сұрақтарды бақылауда ұстаймын. Қазір осы сауалдардың ішінде уақыт белдеуіне қатысты тақырып бірінші орында тұр».
Жағдай – осы. Қарсылық бар. Жауап жоқ. Бұл туралы уақыт белдеуін ауыстыруды қолдаған, ұсынған ғалымдардың бірі, хронобиолог Болат Нұрқожаевтың пікірін сұрадық. Оның пікірі өзгермепті.
«Электр энергиясына келсек, ондағы мәліметтерді мұқият оқу керек. Тақырыбы айғайлап тұрғанымен, есептерге үңілсек, энергия тұтыну көлемі өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда азырақ. Ал сабақ және жұмыс уақытына келсек, оларда аздаған өзгерістер орын алғаны да дұрыс шығар. Мәселен, ересектер жұмыс уақытын бір сағат ерте бастай алады. Оны келісу аса қиын шаруа емес. Жергілікті әкімдікке ресми хат жолдап жатқан мекемелерді өз көзіммен көрдім. Әлемнің дамыған елдерінде жұмыс уақытын қыс пен жазға бейімдеу, бір сағатқа ерте немесе кешірек бастау мысалы баршылық. Бірақ ересектер өзін ойлай бермей, балаларды да ойлауы тиіс. Сомнолог мамандар да, саладағы ғалымдар да біздегі бұрынғы уақыттың оқушылар үшін қолайсыз болғанын растай алады. Ал қазіргі уақыт ұйқы мен гормоналды жағдайға, жалпы денсаулыққа ең қолайлысы.
Ал қоғамдағы қарсылық үйренісе алмай жатқаннан секілді. Қаншама жылдардан бері қалыптасып қалған режимді өзгерту оңайға соқпайды. Десек те, бірнеше жыл шыдасақ, организм де, қоғам да үйреніседі. Ал оның пайдасын бәріміз көреміз. Ұйқы режимі дұрысталып, күннің атысы мен батысына бейімделген соң, халықтың денсаулық жағдайына келіп жатқан қауіптің біразы сейіледі», – дейді ол.
Латын Америкасы, Перу, Эквадор сынды ыстық елдерде сабақты таңғы 7:00-де бастауға дағдыланған. Себебі талтүс аптап ыстық, қолайсыз. Скандинавия елдерінде де ауа райы мен қалыптасқан графикке қарай сабақ таңмен таласып басталады. Еуропа елдері мен АҚШ-та мектеп оқушыларының ұйқысы қану үшін сабақ таңға емес, сәл кейінірек уақытқа белгіленген. Ал дамыған елдердің бірі Жапонияда, керісінше, сабақ салыстырмалы түрде ерте қойылған. Бұл жарық уақытын тиімді пайдалану мақсатында. ТМД елдеріне келер болсақ, оқу уақыты жарықпен қатар емес, сәл кейінірек. Мысалы, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстанда солай. Ал Өзбекстан мен Түркіменстанда сабақ кешірек басталады. Көрші Ресей де азанғы ауысымды таң атқаннан кейінгі мерзімге белгілеген. Ал біздің сабақ ше? Таң 4-те атады, сабақ 8-де басталады. Жарықты тиімді пайдалану деген осы ма? Бәлкім, алдағы уақытта сабақты 7-ге (бұрынғыша 8-ге) ауыстыру туралы айта бастармыз? Одан ары... Бәрін өзгертуге немесе кері шегінуге тура келеді. Ал осы қалпында тұра берсе ше? Жұмыстан түнде қайтуға, ұйқыдан сәскеде тұруға үйреніп кетеміз. Министріміз үш жылдан кейін жауабын айтам депті ғой, күтейік.
Баян Мұратбекқызы