Адамға түрлі ой салар Тәкиевтің парламенттегі әні
Үкіметтің таныс та бейтаныс бюджет жобасы
Өткен аптада мәжіліс депутаттары үкімет ұсынған 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын мақұлдады. Жобаны парламентке әкелген қаржы министрі Мәди Тәкиев алдағы үш жылға арналған бюджет негізінен әлеуметтік саланы қамтитынын айтты. Елді сумен, жолмен, газбен қамту, медицинаны дамыту... Бәрінің көрсеткіші жоғары. Бәрі өткен күнді еске түсіреді. Бұл ел 98-100 пайыздық көрсеткіштерге сенбейтін болғалы қашан!
Бюджет шығыстары әлеуметтік міндеттемелерді толық орындауға, ғылым, білімді, медицинаны қолдауға бағытталады. Зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді индекстеуге қосымша 626 млрд теңге бөлінеді. Нәтижесінде 2025 жылы зейнетақының орташа мөлшері 95 562 теңгені құрайды. Сондай-ақ Тәкиев мынадай жоспарларды да тізбектеді: бөлінген қаражаттың нәтижесінде 2025 жылы ең бірінші халықты сумен қамту жұмыстарын – қалаларда 99,6 пайызға, ауылдық елді мекендерде 98 пайызға дейін аяқтау жоспарланған. Жылумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін 51 пайызға дейін төмендету; халықты газдандыру деңгейін 2025 жылы 62 пайызға жеткізу; «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде көлік инфрақұрылымының 18 объектісін, 33 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен 91 әлеуметтік объектілерді жаңғырту. Бұдан басқа, 2025 жылға экономиканың нақты секторын қолдауға 2,1 трлн теңге көзделген. Бұл бағытта: 635 млрд теңге көлемінде шығыстарды құрайтын агроөнеркәсіптік кешенді дамыту; жалпы сомасы 568 млрд теңгеге республикалық деңгейде көлік инфрақұрылымын дамыту; 204 млрд теңге шығыстар құрайтын шағын және орта бизнесті қолдау жоспарланған.
Сөйтіп, 2025-2027 жылдарға арналған бюджет қаржысының қайда, қандай салаға жұмсалатынын білдік. Алайда министрдің «халықты сумен қамтуды қалалы жерлерде 99,6 пайызға, ауылдық жерлерде 98 пайызға жеткізе орындаймыз» дегеніне сену қиын. Мұндай жоспарға үкімет арнайы бағдарламамен жұмыс істегенде де жете қоймаған 2001 жылы «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасы, 2011-2020 жылдары «халықты ауыз сумен толық қамтиды» деп «Ақбұлақ» бағдарламасын ойлап таптық. Әттеген-айы, бірнеше бағдарлама қабылданып, бюджеттен қомақты қаражат бөлінгенімен, қала халқы да, ауыл халқы да әлі ауыз суға жарымай отыр. Шалғай ауылдарды айтпағанда, алып мегаполис Алматының іргесінде тұрып, құдық қазып, лай су ішіп отырған жұрт көп. Бақа-шаянды сүзіп алып, өзеннен су тасып отырған елдің қарасы да баршылық. Алайда үкімет мұндай мысалдарды ескере бермейді.
Бұл уәде былтыр да берілген
Жыл сайын бюджетті жоспарлағанда елді сумен, жолмен, газбен қамту жайында ғажайып уәделер беріледі. Мәселен, былтыр да «2024 жылдың аяғына дейін қала тұрғындарының 99,5 пайызын және ауыл тұрғындарының 97,8 пайызын ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарда бар» деп уәде берілген. Тіпті 2024 жылы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің құрылысы мен реконструкциясына республикалық бюджеттен 324 жобаны іске асыруға 218 млрд теңге көзделген. Оның 106 млрд теңгесі қалаларға және 112 млрд теңгесі ауылдарға бағытталды. Бірақ биылғы жыл республиканы сумен жабдықтау ісімен емес, біраз аймақты су басу оқиғасымен есте қалды. Биыл көктемде Қазақстанның 10 облысын тасқын су басты. Кейбір аймақтарда төтенше жағдай жарияланды. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың дерегінше, су тасқынының салдарын жоюға жалпы сомасы 300 млрд теңге жұмсалған. Оның 260 млрд теңгесі демеушілік қаражат болса, 137 млрд теңгесі бюджеттен бөлінді. Мектептерге, әлеуметтік нысандарға жыл соңына дейін әлі қаражат бөлінуі керек. Сондықтан «қарғын су шығынының нақты мөлшерін жыл соңында айтамыз» деп отыр.
Жалпы, біз жыл сайын бюджетті жоспарларда және жылдың соңында уәделерге бір тойып қаламыз. Көріп отырғанымыздай, алдағы жылдардағы бюджет жоспарында да біраз нәрсені еңсеру ойда бар. Ал әлгіндей төтенше жағдайлар бола қалса, үкіметтің оған қанша қаражат сақтап қойғаны бізде нақты айтылмайды. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», су басу, өрт, жер сілкіну тәрізді апатты жағдайлар бола қалса, резервтік қосымша қор болу керек емес пе?! Бізде үкіметтің резервтік қоры бар екені айтылады. Алайда ол қордағы қаржы бюджеттің жыртығын жамауға сеп болды немесе төтенше жағдайларда қаржылық қиындықтардан құтқарды дегенді естімеппіз. Биыл сол резервтік қордан су басқан аймақтардың инфрақұрылымын қалпына келтіруге 22 млрд теңге ғана бөлінді. Қысылтаяң жағдайда біз көбіне Ұлттық қорға иек артамыз. Биыл да бюджет жоспарының орындалуына қаражат жетпей, Ұлттық қордан 5,6 трлн теңге алынған. Ал 2025-2027 жылдарға арналған бюджетті еңсеру үшін үкімет қаражатты қайдан алмақ?!
Бұл сұрақтарға парламентте ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров жылдам жауап бере қойды. Ол мәжілісте екі минутқа жететін қысқа ғана баяндама оқып, бюджеттің жоспарын орындау үшін Ұлттық қордан қанша қаражат алынатынын түсіндірді. Министрдің айтуынша, Ұлттық қордан бюджетке алынатын кепілдендірілген трансферт мөлшері 2025-2027 жылдарға жыл сайын 2 тлрн теңге көлемінде айқындалды. Бұдан бөлек, келер жылы үкімет Ұлттық қордан 3,3 трлн теңге мақсатты трансферт алуды жоспарлап отыр. Сонда 2025 жылы да қордан 5,3 трлн теңге алынбақ.
Ұлттық экономика министрінің дерегіне сүйенсек, республикалық бюджеттің кірісі: 2025 жылы 15,6 трлн теңге, 2026 жылы – 16,7 трлн теңге 2027 жылы – 18,2 трлн теңгені құрайды. Ал бюджеттің шығысы: 2025 жылы 25,8 трлн теңге. 2026 жылы – 23,2 трлн теңге, 2027 жылы – 24,6 трлн теңге болмақ. Қарапайым арифметика: келер жылы бюджеттің кірісі 15,6 трлн теңге болса, шығысы 25 трлн теңгеден асып кетсе, бюджетте 10 трлн теңгеден астам дефицит болады. Бұл дегеніміз – бюджетте шығыс көп, кіріс жоқ екенін айқындайды. Сондықтан үкіметке және үкімет мүшелеріне бюджетті басқару, жоспарлау тәсілдерін өзгерту қажет.
Экономикалық бақылаушы және саясаттанушы Әсем Қасымханова:
«Үкіметтің алдында бірнеше міндет тұр. Ең алдымен – 2029 жылға дейін жалпы ішкі өнімді 450 млрд долларға жеткізу және Ұлттық қорды 100 млрд долларға толтыру. Бұдан бөлек, елде 400 жайлы мектеп салынуы керек болған. Биылғы су тасқынын ескеріп, бюджеттегі 4 трлн теңгеден астам тапшылықты айтып, үкімет ол мектептердің санын 157-ге түсірді. Биыл сәуір айында ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге көтерілуі керек болатын. Ол да өскен жоқ. Үкімет басшысы Олжас Бектенов «2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасын жасарда 32 трлн теңгеге өтініштер келіп түсті, біздің қолымызда 15 трлн теңге бар, соған қарап, жұмысты ұйымдастырдық» дейді. Бізде қазір бюджетте дефицит қатты болып тұр. Ол дефициттің орнын Ұлттық қордан алып толтыра беруге болмайды. Басқа экономика жасау қажет. Бұлай жүре берсек, Ұлттық қорды бес жылда өсіру қайда, керісінше, түгесіп тынамыз. Бұл біздің экономиканы дұрыс басқарып отырмағанымызды көрсетеді», – дейді.
Алынбалы-салынбалы Ұлттық қор
Алысқа бармай-ақ, биылғы бюджеттің шығыны мен кірісін алып қарайық: шығын – 24 трлн теңге, кіріс – 16,5 трлн теңге. Тапшылық 7,5 трлн теңгеге жуықтап отыр. Үкімет оның жартысына жуығын құнды қағаздарды сату арқылы жаптық деп, кері көрсеткішті 4 трлн теңгеге түсірді. 2023 жылы да бюджет тапшылықтан кенде болмады. 2023 жылы бюджет түсімі 17,8 трлн теңгені құраса, шығыны 28,6 трлн теңге болды. Бұл жылы да инвестициялық түсімдер бар, құнды қағаздарды сату бар деген күннің өзінде, тапшылық 6 трлн теңгені маңайлады. 2022 жылы да бюджетке 16,1 теңге түссе, шығыны 18,5 трлн теңге болған.
«Бюджет тапшылығы дұрыс болжам жасай алмаудан, біліксіздіктен болады. Негізінде, Ұлттық қордан қайта-қайта қаражат ала беру айналымдағы ақша массасын көбейтіп, инфляцияға үлес қосады. Үкімет өзі Ұлттық банкке «инфляцияны төмендет» деп тапсырма береді де, бюджет шығысын ұлғайтады. Тапшылықты жабу үшін Ұлттық қордан қаражат алады. Айналымда ақша массасы қайта көбейеді. Қазір біраз елдер базалық ставкасын төмендетіп, өндіріске, кәсіпкерлерге арзан несие беруге әрекет жасап жатыр. Ал бізде Ұлттық банк жаздан бері базалық мөлшерлемені 14,25 пайыз мөлшерінде ұстап отыр. Бұдан барып кәсіп иелеріне, өндірісті дамытуға, қарапайым халыққа арзан пайыздық несие қолжетімсіз бола түсті. Базалық ставка түссе, несиенің пайызы арзандайды, тұтынушылар банктен қаражат алып, айналымда ақша көбейеді. Бұл үрдіс тағы сол инфляцияны үдетеді. Үкіметтің Ұлттық қорды алынбалы-салынбалы етуі осындай факторларға жол берді. Сондықтан бұл арада тәсілді өзгерту керек. Үкіметтің қолында 15 трлн теңге қаражат бар ма, соған есеп жасау керек. Шығындарды қысқарту қажет. Бюджетті үнемдеп, оған түсетін түсімді арттыру керек», – дейді Ә.Қасымханова.
Маман бюджетке кіріс түсіретін бірнеше ұсыныс айтады:
Біріншіден, квазимемлекеттік сектордың таза пайдасын бюджетке беретін уақыт келді. Осы арқылы бюджетке ең кемі 3 триллион теңге кіріс түсіруге болады. Квазимемлекеттік сектордың сатып алу жүйесінде тендер жариялауында ашықтық жоқ. Осы мәселені шешу керек. Бұдан бөлек, ұлттық компанияларда құны 1,6 миллиард теңге болатын «чартерлік» рейстер бар. Миллиардтаған сыйақылар бар. Осыған тыйым салу керек. Ұлттық компаниялардың тендерлерін бірыңғай мемлекеттік сатып алу жүйесіне көшіріп, мемлекеттік сатып алу заңының қолданылу аясына ауыстыру қажет. Екіншіден, салық кодексін тиімді ету керек. 2022 жылы біраз салықтық жеңілдіктер жасалды. Бірақ сол жеңілдіктерді алған кәсіпкерлер өнімінің бағасын неге түсірген жоқ?! Осы сұрақты жан-жақты зерттеу керек. Салықтық жеңілдіктер берілген сол 2022 жылы бюджетке түспеген қаржы 9,5 трлн теңге болған. Бізде көбіне салықтық жеңілдіктерді – ірі компаниялар алады. Шортандар құтылып, шабақтар тұтылады. Қазір де салықтың негізгі салмағы орта бизнеске түсіп тұр. Осыған байланысты толық ревизия жасап, ірі компанияларға берілетін салықтық жеңілдіктерді қысқарту керек. Үшіншіден, екінші деңгейлі банктерде Ұлттық қордың 1 трлн теңгеден астам кепілді трансферті бар. Осындай қаражаттарды қайтару кезеңдерін бақылау керек. Күні ертең банктер қаржы қиындығына тап келсе, ол қаражаттар қайтпай қалмай ма, соны нақтылау қажет. Төртіншіден, бізге бюджеттің тапшылығын жауып тұрған ұлттық қордың портфелін әртараптандыру қажет. Бір активке ғана миллиардтап инвестиция салмай, әртүрлі активке салу керек. Сонда қордың инвестициялық табысы артады. Бесіншіден, бізде үкіметтің резервтік қоры деген бар. Сол қордың бюджетке қандай пайдасы тиіп жатқанын ешкім білмейді. Мұндай қорлар шетелдерде де бар. Ресейде резервтік қор бар. АҚШ-та екі бірдей қор бар: ұлттық ғылыми қор және демократия ұлттық қоры. Өзім білім алған Ұлыбританияда резервтегі қорларда жер аймақтары бар. Мұндай қорларға ағылшын ақсүйек отбасылары кедейленіп қалған жағдайда өз иеліктеріндегі сарайларын, алып ғимараттарын өткізеді. Оны британ үкіметі халыққа пайдалануға беретін нысан ретінде кәдеге жаратады. Бізге де осындай тәсілдерді қарастыру керек тәрізді. Тек қана салықпен, қосымша құн салығын, корпоративтік табыс салығын өсірумен, жыл сайын айлық есептік көрсеткішті, айыппұлдарды өсірумен бюджетті толықтыра алмаймыз. Алтыншыдан, өнімі жоқ шығындарды азайту керек. Халықаралық форумдар, семинарлар мен конференциялар өткізуге мораторий жариялаған жөн. Мұндай шараларды шетелде қоғамдық ұйымдар өткізеді. Белгілі бір министрліктердің немесе комитеттердің бюджеттен қаражат алып шара өткізгені Еуропада кездеспейді. Қазіргідей ақпараттық технологиялық даму заманында халықаралық форумдарды мыңдаған қонақтарды қабылдамай-ақ, онлайн түрде өткізуге де болады. Әрбір министрлік, әр ведомство осыны ескеру керек. Қазір үкіметтің алдында ЖІӨ-ні өсіру, Ұлттық қорды ұлғайту межесі тұр. Оған жетпесе, халықтың үкіметке деген сенімі мүлде өшеді».
Айтпақшы, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бюджет бекіп, шығыстар мен түсімдер болжанып жатқанда Ұлттық қорға қатысты президент Тоқаев берген тапсырманың орындалмай қалу қаупі барын айтты. Бас банкирдің айтуынша, қордағы түсім аз, алынып жатқан ақша көп. «Ұлттық қор қаражаты қазір тек инвестициялық табыстың арқасында өсіп жатыр. Егер салық кодексінің аясында жаңа әрі батыл шешімдер болмаса, онда осындай қауіп бар», – дейді бас банкир.
Бюджетті жоспарлап жатқанда Ұлттық банк басшысының бұлай деуінің өзі көңілге түрлі ой салады («Жас Алаш» бұл тақырыпқа келесі нөмірде арнайы материал дайындап жатыр). Ал ұлттық экономика министрі Байбазаровтың айтуынша, осы жолғы бюджет жобасы «Бюджет кодексіне» сәйкес әзірленген. Болжам бойынша, Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2025 жылы 62,2 миллиард АҚШ долларына жетеді, 2027 жылы 78,7 миллиард долларға дейін өседі. Ал қаржы министрлігінің сценарийі бойынша алдағы екі, үш жылда бюджет кірістері тұрақты болмаған жағдайда үкіметке әлеуметтік салаға қатысты шығындарды қысқартуға тура келеді. Бірақ оны халыққа дұрыстап түсіндіру қажет. Биыл да үкімет бюджетті үнемдеудің жолдарын жанталаса іздеп жатқанға ұқсайды. Бұған қатысты үкімет жыл аяғында бюджеттің қаражатын мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы ретінде үлестіруге тыйым салды. Алайда атқарушы биліктің бұл шешімі мамандар айтқан «жаңаша әдіс, басқаша басқару» тәсілінен гөрі, «қысылғаннан қыз болдық» дегенге көбірек ұқсайды.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ