Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:22

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының иегері белгілі болды

Ласло
Фото: Niklas Elmehed © Nobel Prize Outreach

2025 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы венгр жазушысы Ласло Краснахоркаиға берілді. Комитет оның “апокалипсистік үрей жағдайында өнердің күшін қайта дәлелдеген көреген әрі сенімді шығармашылығын” жоғары бағалады.

Бұл туралы 9 қазан күні Нобель комитетінің ресми баспасөз хабарламасында айтылды.

Нобель комитеті атап өткендей, Ласло Краснахоркаи – Орталық Еуропа әдеби дәстүрінің өкілі, оның шығармалары Кафка мен Томас Бернхард рухымен үндес, ал стилі — абсурд пен гротеск араласқан эпикалық баяндау сипатында.

Сонымен бірге, жазушы шығыстық философия мен медитативті көзқарасқа да бой ұрады, шығармаларында сабыр мен рухани тереңдік айқын сезіледі.

Ласло Краснахоркаи 1954 жылы Венгрияның оңтүстік-шығысындағы Дьюла қаласында, Румыния шекарасына жақын өңірде дүниеге келген. Ол 1985 жылы жарық көрген алғашқы романы — «Сатаниндік танго» арқылы Венгрия әдебиетінде сенсация тудырып, халықаралық деңгейде таныла бастады.

Бұл туынды кейін режиссер Бела Тарр түсірген жеті сағаттық фильмге негіз болған.

2015 жылы Краснахоркаи Халықаралық Букер сыйлығының лауреаты атанды. Сол кезде қазылар алқасы оның шығармаларындағы тілдік қарқын мен философиялық тереңдікті ерекше атап өткен болатын.

Жазушының кеңінен танылған еңбектері қатарында:

  • «Қарсылық меланхолиясы» (1989) — хаос пен адамзат болашағын философиялық тұрғыда бейнелейтін роман;

  • «Соғыс және соғыс» (1999) — тарих пен мәңгілік тақырыбына арналған күрделі туынды;

  • «Си-ван-му осында, біздің арамызда» (2008) — Шығыс руханияты мен батыстық нигилизмді тоғыстырған шығарма.