Адресі – адамдар жүрегінде

Қолына енді ғана қалам алған бүлдіршін – мектеп оқушыларынан үлкен қаланың қайнаған тіршілігіне бойы үйреніп бола қоймаған үмітті жас студенттерге дейін назарына алған;
келер күннен күдер үзбесе де өткеніне көз салуға қорқып қалған орта буынның оңашадағы аңсарын тап басқан;
көзін ашқанда естігені ертегілік ерліктер болса да, көрген-баққаны қып-қызыл ұрандар мен хатшылардың көлдей-көлдей партиялық баяндамалары болған кәрі құлақ қарттардың қалауын да қапысыз таныған Сейдахмет Бердіқұловтың қолынан шыққан газет он алты жыл бойы құлағы тосаң тарта бастаған қалың елді жиі елеңдетіпті.
..
Қылдан тайсаң-ақ қағып түсіретін қырағы цензура заманында «Лениншіл жасты» он алты жыл басқару… От пен судың ортасында, ел мен партияның арасында соншама уақыт бойы сыр алдырмай жүргенмен, алтын басы қақпақылға түсіп кете жаздаған кезі де аз емес екен. Соншама уақыт бойы өзі билеп-төстеген редакциядағы жылдары туралы естелік айтуға да үлгермей кетіпті. Әйтпесе, «қазақ баласының өзгеден кем болмауы үшін бәрін жасадым» деген өр лепес басқа-басқа тап осы Бердіқұловқа жарасар еді.
Уақыт жүйрік екен. Қатарластары құрлы қолына қалам алып, жазушылыққа ұмтылғанмен, жеріне жеткізіп, өз мүмкіндігін толық ашып бере алмапты. Кейін де ара-тұра көмескі аңсар – прозаға ден қойғысы келгенмен, осы бір он алты жылдың тоқтаусыз машинасы жеке шығармашылығын кейінге ысыра бергенге ұқсайды. Қайратты жасы қапылысқан редакцияның ғимаратында өтіп кеткенін өзі де аңғармай қалған шығар, әйтеуір жеке шығармашылықтағы негізгі жұбанышты спорт журналистикасынан тапқанға ұқсайды. Және… Кеудені кернеп бара жатқан қуатты сөз – түйдек-түйдек тақырып болып, төгіліп түсе беріпті.
Қарақыстақта көзін көрген бір келіні: «Өзі де, апамыз да сұлу еді. Апамыз ауырып қалғанда бір сәтке көзінен таса қылған жоқ, емдету үшін ештеңені аяған жоқ. Өзін де аяған жоқ.… Сөйтіп жүріп, өзі ауырып қалды. Нағыз «семьянин» адам еді», – деді. Нақты бір оқиға сұрасақ та, тереңдемей қойған әжейдің соңғы сөзі соншалық жылы, соншалық аяулы естілді.
Мен оның редакцияда өткен жылдарын ойладым. Кімді емдемеген, кімді тербемеген жүрек бұл...