Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 01 Маусым 2024

Ағалы-інілі, апалы-сіңлі Лапиндер

– белгісіз, ортадағы – Садық Өтегенов, Тұрғандар: (солдан оңға қарай): 1, 2 – белгісіз, Жағыпар Лапин, 4) Әлиасқар Лапин. Ташкент, 1920 ж.

Бір адам тұтас қоғамды өзгерте алады. Бәлкім, ол заманында, көзі тірісінде өзгерте алмас, алайда ұрпағын тәрбиелеу арқылы мұратына жетпек. Мәселен, керуенші болған Мұңайтпас өз балаларын қазақ интеллигенциясының алды қылды.

Журналист Жұмабай Байзақұлы «Сыр бойы» газетінде мынадай дерек келтіреді: «Күні кешеге дейін айналасынан атты адам көрінбейтін қалың қамысты, нулы – Қоғалыкөл, Бесарық – халқының малына қыста пана, жазда жайылымдығы болған шұрайлы өлке. Осы Қоғалыкөл ауылы іргесіндегі «Хан ағашы» аталатын жерде өткен ғасырдың басында Сыр өңіріндегі төңкеріске дейінгі алғашқы еуропалық үлгідегі мектеп ашқан Мұңайтпас Лапин болатын. Аталас ағайыны Тыныштықбайұлы Бәлтік 1906 жылы мешітін болыс Мұңайтпастың тапсырмасымен салдырған еді. Елі үшін еңбегі сіңген азамат қандай қоғамда болса да мерейі үстем, елге қадірлі. 1890-1896 жылдары халық соты, 1896-1906 жылдары Перовск уезінің Кеңтүп болысының болысы болып, Ресей патша ағзамының күміс медалімен және Анна лентасымен марапатталады».

Сөз еткелі отырған бір атаның балалары, қазақ қоғамына әр тараптан қызмет қылған жандар – осы Мұңайтпастың балалары. Мұңайтпастың үш әйелінен 19 ұл-қыз тарапты. Олардың бізге есімдері белгілер – Әлиасқар, Серәлі, Сейдалы, Балдырған, Мырзамұрат, Әлиакбар, Жағыпар, Әбдірахман, Латифа, Күләндам, Қаражан, Халық, Талып, Бану, Жәмила, Нысанбай.

Мұңайтпастың үлкен ұлдары – Әлиасқар (1865-1918), Серәлі (1868-1919) және (Сейдалы (1871-1918). Тұңғышы Әлиасқар әке шаруашылығына көмектескен. Ал Сейдалы Кеңтүп және Царская болыстығында тілмаш, кейін болыс, 1917 жылы Перовскі уездік советінің құрамында мүше болған. Ағайынды екеуі де Перовскі уездік комиссары Гержоттың нұсқауымен Қарауылтөбе мен Тайпы құмының маңында атылған.

Серәлі Лапин
Серәлі Лапин

Лапиндер атын шығарған

Лапиндердің ішіндегі есімі жиі аталатыны, ең танымалы – Серәлі Лапин. Ол өз заманында қазақ қауымында ғана емес, Ресейдің зиялы қауымы ортасында өте танымал болған. Заңгер Абзал Құспанның «Алаш заңгерлері» кітабында Серәлінің еңбегі жөнінде былай дейді:

«Ауыл молдасынан сауат ашқан зерек бала Серәлі 1889 жылы Ташкенттегі Түркістан мұғалімдер семинариясына түсіп, сәтті бітіріп шығады. 1891 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Мұны да үздік көрсеткішпен аяқтап, 1897 жылы Самарқан облысы әскери губернаторлығында тілмаштық қызмет атқарады. Кейінірек адвокаттық құқық қорғаушылық қызметке өтеді. Лапин орыс тілінде шебер сөйлеп, іс-қағаздарына жүйрік болды. Сондай-ақ ол араб, парсы және басқа да бірқатар шығыс тілдерін жетік білген. Гур-Әмір, Регистан, Шаһи-Зинда кешендеріндегі, Көкілташ медресесі және т.б. көне архитектуралық ескерткіштердегі арабтың көне емлелерімен өрнектелген жазуларды оқып, оларды орысшаға аударып, ғылыми айналымға қосты. Сол жылдары ол Түркістан өлкесінде қазақ мектептерін ашуға араласты. Орта Азияға ғылыми мақсатпен келген академик В.В.Бартольд, Н.И.Веселовскийлер Лапиннен түркі тілдері бойынша дәріс алды. Серәлі Лапин – қазақ халқының арасында әділдік пен заңдылықты күшейтудің жолында тер төккен қайраткер. Ол патша өкіметі енгізген «халық сотына» қарсы болып, одан мүлде бас тартуды талап етті. Бұл жүйені болыс, старшындардың, орыс ұлықтарының қол шоқпарына айналған, парақорлыққа белшесінен батқан, нағыз берекесіз заң жүйесі деп айыптады. Оның орнына қазылар сотын енгізу қажеттігін көтерді».

1895 жылы Серәлінің «Самарқан қаласының тарихи ескерткішіндегі жазулардың аудармасы» және «Орыс-өзбек қалта сөздігі» атты екі кітабы жарық көрген. Журналист Тынышбай Дайрабайдың дерегінше, бұл еңбектерді Ресей шығыстанушылары жоғары бағалаған. Оған мысал да жоқ емес. «Туркестанские ведомости» газетінің 1895 жылғы №76 санында, 1896 жылғы №13 санында олардың пікірлері берілген. Академик В.В.Бартольд Серәлі Лапиннің еңбектері жайында: «Мен частный поверенный (Самарқанд облысы губернаторының бұрынғы тілмашы) Сер-Али Лапиннің жиғандарымен таныстым, қолжазбаларды марқұм граф Н.Я.Ростовцев сатып алған көрінеді. Лапин мырзаның сөзіне қарағанда, граф қолжазбаларды оған көзінің тірісінде өзі беріпті» дейді.

Мұстафа Шоқай «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» жинағында Серәлі Лапин туралы біршама айтады. «Серәлі Лапинмен арамыздағы жеке қатынастарға келсек, ол мені өз туысы ретінде қадірлейді деуге болатын. Алайда саяси тұрғыдан екеуміздің көзқарасымыз бір арнаға сыймады. Бір жолыққанымда мен одан өткеніне қара таңба қалдырған Құсайын Ибраһиммен неге әмпей-жәмпей бола қалғанын сұрадым. Менің сауалыма ол бір кездері Лениннің Зиновьев жайында «бұл секілді ұсқынсыз тұлғалар сізге неге қажет болды?» дегенде, «Кеме суға батқанда, тесікті тығындау үшін шүберек те іске жарайды» дейтін тақілеттес жауап қайтарған» дейді. Мұстафа ары қарай Серәлінің саяси істеріне қатысты мәліметтерді келтіреді.

Солдан оңға қарай: Нәби, Әбдірахман Мұңайтпасов, ортада Дамулла Битілеуов
Солдан оңға қарай: Нәби, Әбдірахман Мұңайтпасов, ортада Дамулла Битілеуов. Ташкент, 1922 ж.

Жағыпар, Әбдірахман, Әлиакбар

Лапиндердің бірі Жағыпар Міржақып Дулатовпен етене жақын болған. Ол туралы Гүлнар Дулатова дерек келтіреді. Міржақыптар Қызылордада тұрғанда Жағыпар онымен көрші тұрған екен. «Біздің көшіп келуімізге байланысты ерулікке Жағыпар мен Қадиша Лапиндер қонаққа шақырды, – дейді Гүлнар Міржақыпқызы. – Шағын семьялы Лапиндердің 5-6 жасар қызы Махиля мен 15-16-дағы інісі Әбілқасым тәрбиеленетін. Жағыпар ағайдың қырық жасқа әлі жете қоймаған кезі. Орта бойлы келген, қой көзді, қыр мұрынды, шалқасынан қайырған бұйра шашы жазық маңдайын ашыңқырап, бет әлпетін сүйкімді көрсететін. Даусын қатты шығармай, биязы сөйлейтін кісі еді. Үстел басында қонақтарын сыйлай отырып, жұрт қатарлы тамақ жемей, тек сорпа мен сұйық ботқамен тамақтанып отырады. Соңынан естідік: «Жағыпар ауыр науқасты, қылтамақ болып, Ташкенге барып емделіп, қаралып жүр» деген-ді...»

Актер Серке Қожамқұлов Жағыпар жөнінде бірауыз естелік қалдырыпты. «Жағыпар Лапинмен Қызылордаға келген соң таныстым, жас шамасы 36-37-дегі кезі, оқыған зиялылар арасында араласып жүретін. Мен көргенде «Ақмоншақ» деген арғымаққа мініп жүретін. 1923 жылы Қызылордада алғашқы қазақ драма театры ашылғанда бізге үлкен көмек көрсеткен кісі еді» депті ол.

Жағыпардың қызы Әлиманың айтуынша, 1932 жылғы ашаршылықта Жағыпардың қабірі ашылып, алтын тісі ұрланыпты. Сонда әйелі Қадиша: «Әкең өлі болса да, тірілерді құтқарды ғой» деген екен.

Әбдірахман Лапин
Әбдірахман Лапин

Ендігі әңгіме – Әбдірахман Лапин туралы. Гүлнар Дулатованың «Шындық шырағы» кітабында Сара Садыққызы (Өтегенова-Мұңайтпасова) Гүлнар апайға мынадай әңгіме айтып береді:

«Өтегеновтердің жалғыз қызы болғандықтан және әкемнің кемеліне келіп тұрған кезі, тұрмысымыз әл-ауқатты болатын, сондықтан тойдан еш нәрсесін аяған жоқ. Тойымыз Түркістанда ағайын-туыстар, дос-жарандар арасында өтті. Өзім сүйіп қосылған Әбдірахман Мұңайтпасов 1901 жылы Қызылордада туған кісі, сумұрын – жаппас руынан, белгілі тұқымнан шыққандардың бірі. Ағалары Серәлі, Әлиакбар, Жағыпар Лапиндер оқыған, өте мәдениетті жандар, апасы Латифа Қожықова белгілі өнер қайраткері, көп жылдар Опера және балет театрының костюмдерін тігіп, костюмериясын басқарған, ал балалары: Қожахмет, Құлахмет – суретшілер, Сұлтан – кинорежиссер, Нұрахмет – биші. Әбдірахманның қарындасы Күләндам – белгілі мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожановтың әйелі. Бәрі шетінен интеллигенттер. 1922 жылы Ташкентте оқып жүрген Әбдірахманды өкімет білімін толықтыру мақсатымен, бізде сирек кездесетін мамандықты игеру үшін Германияға оқуға жібереді. Жіберуші – Тұрар Рысқұлов. Берлинде тұрған екі жыл мерзімінде, оқуын ойдағыдай тәмамдап, 1924 жылы Отанымызға қайта оралған. Екі жылдың ішінде меңгергені – тері, ұлпан (мех) өңдейтін мамандық (кожевенно-пушнинное производство). Әбдірахманмен бірге Берлинде оқығандар: Ғазымбек Бірімжанов пен Дамулла Битлеуов».

Әлиакбар Лапин 1887 жылдары туған. Царская болысында 1909-1910 жылдары аудармашы болған. Екі болыстың адамдары арасындағы дау-жанжалды шешуге араласыпты. 1927 жылы туған жерінде өмірден өткен.

Алаш қайраткерлерін бажа қылған қыздар

Мұңайтпастың қыздары да жоғары білім алған жандар. Олардың үлкені – Латифа Лапина. Латифа туралы Гүлнар Дулатова тамаша естеліктер қалдырды. Латифаның күйеуі – қоғам қайраткері Қоңырқожа Қожықов. Екеуі төрт ұл өсірді. Төртеуі де қазақ өнеріне зор еңбек сіңірді. Латифаға қатысты аңызға бергісіз мынадай әңгіме бар: Қазақстанның астанасы Ақмешіт боп тұрған тұста қазақ драма театрының жаңа премьерасы өтпек болады. Сонда Ресейден шақыртқан қоюшы суретші келмей қалып, қойылым күні жақындағанда театр ұжымы әбігерге түседі. Сонда ісмерлігімен қала жұртшылығына танымал боп қалған Латифа екі ұлымен келіп, театр сахнасын безендіріп береді. Осылайша, Латифаның театрдағы өмірі басталады. Енді Гүлнар апайдың естелігіне оралайық:

«Қожық келіні Латифа көрмекке сұлу әйел емес-ті, барынша жігерлі, отбасының барлық тіршілігін өзі атқаратын, жұртпен тіл табыса білетін. Ел ішімен қарым-қатынасы үзілмейтін, ағайын арасында мал баққызып, оларды керегінде алдырып сатқызатын. Күйеуінің үй шаруасына икемі жоқ, онымен айналыспайтын да, тек ертелі-кеш қағаздарын жайып қойып, жазу үстінде отыратын еді. Латифа үйінде қарап отырмайтын, іс тігетін, жұмыс үстінде ыңылдап өлең айтатын әдеті бар-ды. Жиындарда суырыпсалып өлең шығаратын ақындығы да бар болатын. Латифа жайсаң, нәзік жанды, қолы ашық, жомарт кісі еді. Ол қолынан өнері тамған шебер, кейіннен атақты өнер қайраткерінің бірі болды. Отызыншы жылдары Алматыға келгеннен бастап, Қазақ Опера театрының костюмериясын басқарған. Латифа салған үлгілер бойынша артистерге ұлттық сәнді киімдер тігілетін. Өзімен бірге суретші ұлдары Қожахмет пен Құлахметтерді де жұмысқа, өзіне жәрдемге тартатын. Латифа 1936 жылғы Москвада өткен Қазақ өнер қайраткерлерінің жұртқа көрсеткен «Қыз Жібек» операсымен ашылған онкүндігінде де белсенді қатысқандардың ішінде болған. «Қыз Жібек» операсына арнап тігілген киімдердің бәрі Латифаның басқарылуымен тігіліп, қолынан шыққан дүниелер».

Театрда лауазымды қызмет атқаратын Латифаға мемлекеттік деңгейдегі тапсырыстар да беріліп тұрған. Соғыс жылдары АҚШ президенті Ф.Рузвельтке сый ретінде арнап тіккен Латифа Лапинаның ұлттық киімдер мен киіз үй жасаулары бүгінде АҚШ-та, Рузвельт музейінде сақтаулы тұр екен.

Мұңайтпасқызы Күләндам (Лапина-Қожанова) Алаш арысы Сұлтанбек Қожановқа тұрмысқа шыққан. Алаштықтардың көрген азабын Күләндам да көрді. Зерттеуші-этнограф Т.Дайрабайдың жазуынша, Күләндам Ташкенттегі «Колизей» театрында өтетін «Шығыс кештеріне» қатысып, өнер көрсетіп тұрған. Кейін «Халық жауының әйелі» деген желеумен «Алжирде» 8 жыл тар қапаста болған. 1989 жылы өмірден өтіпті. Күләндам Сұлтанбектей еріне өмір бойы адал болып, ғұмырының соңына дейін оның мұрасын түгендеумен өткен.

Лапин әулетінде аты шыққан қыздардың бірі – Рабиға Лапина. Бірақ ол Мұңайтпастың қызы емес, немересі. Кейбір деректе Мұңайтпастың қызы аталып жүр. Яғни Рабиға – Серәлі Лапиннің қызы. Оқыған, көзі ашық Серәлі қызын да ғылым-білімге тәрбиелейді. 1897 жылы туған ол Смольныйдағы ақсүйек қыздар институтында оқыған. Қазақ қоғамына өлшеусіз үлес қосқан Санжар Асфендияров бұл кезде жас, Петерборда студент еді. Әкесі зиялы қып тәрбиелеген Санжар жастайынан оқу-білімге ұмтылып, оқыған жастар ортасына жиі баратын. Бірде Мұхамеджан Тынышбайұлы қалада оқып жатқан қазақ жастарын Мария театрына шақырады. Театр алаңқайында отырған Санжар сұңғақ бойлы, бұрымды аруға көз алмай қарап қалады. Ол сұлу Рабиға болатын. Санжар мен Рабиға осылай танысып, көп ұзамай отау құрады.

Санжар Асфендияров – 1937 жылы қамауға алынып, 1938 жылы 25 ақпанда ату жазасына кесілді. Бұл кезде Рабиға Мемлекеттік көпшілік кітапханада (қазіргі Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы) бөлім басшысы болып қызмет ететін. Араға көп уақыт салмай, 15 наурызда-ақ оны «халық жауының жұбайы» деп тұтқындайды да, 10 жылға соттап жібереді. Сөйтіп Рабиға 44 жасында «Алжирге» қамалады. Ол содан 1958 жылы 31 наурызда КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясы шешімімен ақталады. Амал қанша, Рабиға күйеуі Санжардың ақталғанын көре алмай, өмірден өтеді. Іле-шала 1958 жылы 4 мамыр күні Санжар Асфендияров есімі таңылған таңбадан ақталған еді.

Гүлнар Дулатова Латифаның сіңлісі айдауда болған Күләндамға барып-келіп жүретінін жазыпты. Жалғыз ол ғана емес, «Алжирде» екінші сіңлісі Рабиғаны көрмеуі, жолықпауы мүмкін емес. Тағы бір назар аударатын жайт – Латифаның осынау сүргіннен аман қалуы. Әйтпесе оның күйеуі Қоңырқожа Қожықов та 1938 жылы атылып кеткен болатын. Бәлкім, Латифаны театрдағы қызметі сақтап қалған шығар.

Сұлтанбек Қожанов, Қоңырқожа Қожықов және Санжар Асфендияровтардың бір әулеттің қыздарын өмірлік жар қылып алуы – сол әулеттің қаншалықты интеллигентті екенін білдірсе керек.

Лапиннен тараған кейінгі ұрпақтарды да асылдың сынығы деуге тұрарлық. Мәселен, Серәлінің тағы бір қызы Рахилия да үлкен оқу орындарында оқып, Мәскеуде КСРО мен Қазақстанның рәміздерін тігумен айналысыпты. Серәлінің ұлы Мірәлішер 1917 жылға дейін Францияға барып білім алған. Осылайша, Мұңайтпастан басталған ілім жолы атадан балаға жалғаса берген.

Асылан ТІЛЕГЕН

Тегтер: