Агрессия. Айта алмайды, айтқызбайды!

Жақында экс-министр Қуандық Бишімбаев өз әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінді.
Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, Бишімбаев жұбайы Салтанат Нүкенованы аяусыз ұрып-соққан, оның үстіне марқұмның демі үзілгенше бірнеше сағат бойы жедел жәрдем шақырмаған. Шетелде білім алған, лауазымды қызмет атқарған адамның мұнша қатыгез болғанына қоғам таңғалып отыр. Экс-шенді «әйеліне күш көрсететіндер білімсіз немесе кедей еркектер» деген стереотипті жоққа шығарды.
Отбасындағы зорлық-зомбылық – тұтас әлем шешуін таппай отырған өте күрделі проблема. Оның физикалық, психологиялық, экономикалық және жыныстық тұрғыдағы төрт түрі болады. БҰҰ мына жағдайларды отбасындағы зорлық-зомбылық белгісі деп санайды: серігің сені төмен санаса, мазаққа айналдырса, өз бетіңше шешім қабылдауға жол бермесе, қорқытып-үркітіп дегенін істетсе, саған дөрекілік танытып, ұрып-соқса, өз қалауын саған тықпаласа, үздіксіз бақылауда ұстаса, саған шығар жол қалдырмаса, достарың немесе туыс-туғаныңмен араласуға тыйым салса, одан қорқып өмір сүрсең және оның бірдеңе істеуінен қорқып, ерлі-зайыпты қатынасты сақтап жүрсең.
Мұндай әрекеттердің соңы күш көрсетуге ұласып, кісі өліміне себеп болуы мүмкін. Біздің елде ошақ басындағы ұрыс-керіс көбіне жабулы қазан күйінде қалады, оны ашыққа шығаруға әулеттің үлкендері немесе жәбірленушінің өзі намыстанады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, зорлыққа ұшырағандардың 70-90 пайызы полиция көмегіне жүгінбейді екен. Қазақстанда 2022 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық себебінен 93 әйел, ал биыл жыл басынан бері кемінде 18 бұрымды көз жұмыпты.
Мәселе осынша күрделі болса да, отбасындағы зорлық-зомбылық неге әлі табу тақырып болып отыр? Біріншіден, жәбірленуші ұят пен виктимблеймингтен (зорлық көрген адамның өзін кінәлау) қорқады. Екіншіден, заң талабы әлсіз. Жәбірленуші арызданған күннің өзінде қоғам оны қорғамауы мүмкін, тіпті жақындарының өзі «ең маңыздысы – отбасы» деп шындыққа көз жұма қарауы ғажап емес. Кей ата-ана күйеуінен жәбір көріп, қайтып келген қызын үйге жолатпай, қуып шығатынын да естіп жүрміз. Ал заң орындары зорекерге ескерту жасап, екі тарапты татуластыруға тырысады. Екі ортада қалған әйелдер «шықпа, жаным, шықпа» деп бәріне төзуге мәжбүр.
Тәртіп сақшылары жәбірленушіні арызын қайтарып алуға үгіттейтін фактілер көп кездеседі. Жақында әлеуметтік желіде алматылық полицейлер бір әйелді арыз жазбауға шақырып жатқан видео тарады. Видеодағы әйел Ұлжан есімді Алматы тұрғыны болып шықты. Ол кейін президентке үндеу жолдап, қаланың ортасындағы пәтеріне басып кіріп, өзін зорлаған адамды жазалауға көмектесуді сұрады. Осы оқиғаның өзі біздің елде зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау қиынға соғатынын көрсетеді.
2020 жылы елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты заң жобасы дайындалған. Бірақ парламенттегі бірінші оқылымнан кейін заң қабылданбай қалды. Биылдан бастап әйелдер мен балаларды отбасындағы зорлықтан қорғайтын нормалар қабылданып жатыр. Заңдағы жауапкершілік артқан соң қамауға алынғандар көбейді. Мысалы, биыл екінші тоқсанда 7 мың адам жауапқа тартылса, үшінші тоқсанда олардың саны 27 мыңға (қазан айында – 9,5 мың) жеткен. Қамауға алынған агрессорлар саны 2 есе өсті. Биыл жалпы 60 741 зорекер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың негізгі себептерінің бірі – мұндай әрекетті қолдайтын және оған немқұрайды қарайтын мәдени және әлеуметтік көзқарас. Одан басқа бұған еркектік нормаларды қолдау, жәбірленушілердің өз құқығын білмеуі, көмек сұраудан қорқуы сияқты істер себеп болуы мүмкін. Жәбір көрген жандардың көбі ұят, қорқыныш, стереотиптер немесе басқалардың жағымсыз реакциясынан қорқып, басындағы қиын жағдайды ешкімге айта алмайды, арыз жазбайды. Сондай-ақ олар әділет жүйесінен қолдау табатынына сенбейді немесе үйіне қайта оралған кезде зорлық-зомбылық күшейеді деп қорқады. Сол үшін қалыптасқан мәдениетті өзгертіп, зардап шеккендерді қорғауға бағытталған шаралар енгізу қажет», – дейді құқық қорғаушы, SVET қоғамдық қорының құрылтайшысы Мөлдір Жұмабаева.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылы 9 наурыздағы мәліметіне сүйенсек, әлемде әрбір үшінші әйел (27%)өмірінде кем дегенде бір рет физикалық немесе сексуалды зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Мұндай дерт Ауғанстан, Үндістан, Иран, Ирак сияқты елдерде асқынып тұр. Бұл қатарға Түркия мен Түркіменстанды да қосуға болады. Тіпті дамыған, өркениетті елдердің өзінде жақынының жағасына жармасатындар аз емес. Мысалы, Англияда 2018-2020 жылдары 1 миллион 600 мың әйел отбасы мүшелерінен жәбір көріп, оның 276-сы көз жұмыпты. Ал Францияда 2022 жылы 240 мың адам жақындарынан жапа шеккен. Ең күрделі жағдай АҚШ-та қалыптасып отыр, Америка әйелдерінің төрттен бірі кем дегенде бір мәрте жұбайынан жәбір көрген. Жылына 6 миллион бұрымдыға күйеуі күш көрсетеді, орта есеппен бір жылда 2-4 мың әйел соққыдан көз жұмады. АҚШ полицейлері уақытының үштен бірін отбасындағы зорлық-зомбылық мәселелерін шешуге жұмсайды екен. Кісі қолынан қайтыс болған әйелдердің 60 пайызы танысының қолынан ажал құшқан.
Зорекерге заң бар ма?
БҰҰ ұйымы бұл мәселеге баса назар аударып отыр. 1991 жылы әйелдерді отбасылық қысымнан құтқару бойынша арнайы қозғалыс құрды. Ал 1993 жылы «әйел затына зорлық жасауды тоқтату» жөнінде қарар қабылдады. Әлемде 40-тан аса елде отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы заң бар. Атап айтқанда, Малайзия, Гонконг, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Германия сияқты елдер бұрымдыларды арнайы заңмен қорғайды. Мысалы, АҚШ-тың Калифорния штатында әйелін ұрып, жеңіл жаралаған адамның өзі 1-4 жыл түрмеде жатады. Балаға күш көрсеткендер 1-3 жыл темір торға қамалады. Ұлыбритания, Оңтүстік Корея сияқты елдерде де әйеліне әлімжеттік жасағандарды ауыр жаза күтіп тұр.
Ал біздің елде отбасы мүшелеріне озбырлық танытқандар әкімшілік жазаға ғана тартылып жүр. Биыл 19 сәуірде осы саладағы құқық бұзғандар жауапкершілігін күшейтетін заң қабылданып, әкімшілік кодекске өзгеріс енді. Ол бойынша отбасында ойран салғандар 5 тәулікке қамалады, бір жылда тағы тәртіп бұзса 10 тәулік түрмеде жатады. Ал күш көрсетіп, адам денсаулығына зиян тигізсе 15 тәулікке (бір жыл ішінде қайталаса 25 тәулікке) темір торға түседі. Салыстырмалы түрде бізде жаза жеңіл екенін көріп отырмыз. Қазір мәжіліс депутаттары зорекерді қылмыстық жауапкершілікке тартатын заң жобасын дайындап жатыр. Заң қабылданса, «тиран» азамат әкімшілік емес, қылмыстық кодекс бойынша жауап береді. Әрі тараптарды қайта татуластыру мүмкіндігі болмайды. Қатаң жаза отбасында ойына келгенін істейтіндерді тәртіпке салуы мүмкін. Құқық қорғаушы Мөлдір Жұмабаева қатаң заң енгізуді қолдайды.
«Зорлық-зомбылықтың алдын алу бірнеше тәсілді қамтиды, ең алдымен теңдік пен құрмет туралы білім беру керек. Азаматтарға қақтығысты зорлық-зомбылыққа бармай шешу жолдарын үйретудің маңызы зор. Сондай-ақ құрбандарға қолдау көрсету, қатаң заң талабы және құқық қорғау органдарының жұмысын тиімді істеуі де отбасындағы озбырлықты тежейді. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтар үшін қауіпсіз кеңістік пен көмекке қол жеткізе алатын орта қалыптастыру қажет», – дейді Жұмабаева.
Қазақ қоғамы қатыгез бе?
Қазақты қыз-қырқынға қысым жасауға бейім халық деуге келмес. Қадым заманнан жеткен жыр-дастандар мен әдеби еңбектеріміздің ешбірі тұрмыстағы зорлық-зомбылықты дәріптемейді. «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» жырларында Гүлбаршын, Құртқа сұлулар батырдың ақылшысы, тіпті тең дәрежедегі серігі ретінде суреттеледі. Ал қазақ қоғамының жарты ғасырын жырлаған «Абай жолында» да бала-шағасын бықпырт тигендей сабап жататын кейіпкер жоқ. Салыстыру үшін айтсақ, кейбір туысқан ұлт әдебиетінде мұндай оқиғалар көптеп кездеседі. Осыған қарап, қазақ қыз баланы қадір тұтқанын, әйел затын аялап, ананы ардақтағанын аңғаруға болады. Біздің тарихта аты шыққан батыр, қолбасшы, дана әйелдер көп.
Әйелге қырын қарайтын әдет қазаққа орыстың отарына түсіп, елге татар молдалары келген соң жұқты деген болжам бар. Миссионерлер ел арасында «әйел ерден бір саты төмен тұрады», «қыз баланы 13 жастан бастап ұзату керек» деген сияқты бөтен идеялар таратты. Мұндай көзқарасқа Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт көсемдері қарсы шығып, мақалалар жазғаны бізге белгілі. Діни көзқарас қазір де кей адамның әйелдерге күш көрсетуіне себеп болып отыр. Мысалы, 2010 жылы қазанда Біріккен Араб Әмірліктерінің жоғарғы соты «еркек әйелін денесіне жара салмай, жайлап ұруға болады» деген қарар қабылдаған. Араб даласында ескен осы желдің салқыны қазақ қоғамына да әсер ететіні рас. Қыз-қырқынның киген киіміне, жүріс-тұрысына мін тағып, килігуге ұмтылатын ерлер біздің елде де аз емес. Тіпті кейбір қаракөздеріміздің өзі мәнін түсінбесе де «күйеуінің разылығын алмаған әйел жәннатқа кірмейді» деп уағыз айтып жүр.
Әлсізге әлімжеттік жасау, күш көрсету – қылмыс. Қылмыс жасағандар заң бойынша жазалануы қажет. Бірақ кейінгі кезде қоғамда қазақ азаматтары зорлық-зомбылыққа бейім деген пікір дендеп барады. Ел арасында айтылып жүрген «Қазақстанда жылына 400 әйел ерінің қолынан көз жұмады» деген ақпарат та өз азаматтарымызды күстаналауға күш беретін жалған дерек. Мұндай сыңаржақты айыптаулар қоғамда ер мен әйелдің бір-біріне деген сеніміне селкеу түсіріп, жастардың тұрмыс құруға деген ынтасына су себуі мүмкін. БҰҰ мұндай пасық әрекет ұлтқа, нәсілге қарамайтынын айтады. Кез келген елде жауыз да, жалмауыз да бар. Оны жоғарыда келтірген деректерден байқадық, дамыған елдердің өзі бұл дерттің дауасын таппай отыр.
Әйел арыз жазбаса да, күш көрсеткен ері жазаланады
ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева қазір жәбірленушіден арыз түскенін күтпей, агрессорды бірден жазалауға болатынын айтты.
«Биыл он айда отбасындағы зорлық-зомбылық бойынша 82 мың арыз-шағым түсті. Оның 60 мыңына әкімшілік іс қозғалды. Сәуірде жаңа заң қабылданып, шілдеде күшіне енді. Оған дейін жәбірленуші арызынан бас тартса, заң бұзған азаматты жауапкершілікке тарта алмайтын едік. Жаңа заң бойынша іс қозғау үшін ешқандай арыз-шағым қажет емес, әлеуметтік желіде тараған жазба, бейнекамераға түсіп қалған видео, көршілер немесе куәгерлердің хабарлауы және полицейлер өздері көріп қалған жағдай бойынша әкімшілік іс аша аламыз. Шілдеден бері түскен арыздың 92 пайызына іс қозғалды. Кейінгі төрт айда 27 мың іс ашылды. Бұл алғашқы төрт айдағы көрсеткіштен бес есе көп. 2019 жылы отбасы мүшесіне зорлық жасаған азаматтарға айыппұл салатын жаза түрін алып тастадық. Өйткені айыппұл отбасылық бюджеттен алынады, бұл жәбірленушіге де тиімсіз. Сол үшін қазір бірінші мәрте ескерту, екінші реттен бастап қамау жазасы қолданылады.
82 мың арыз-шағымның бәрі ер мен әйел арасындағы дау-дамай емес. Отбасындағы зорлық-зомбылық деп ерлі-зайыптылар, ажырасқандар, бұрын бірге тұрғандар, қазір заңсыз бірге тұратындар, ортақ баласы барлар, жақын туыстар, туыс болмаса да бір үйде тұратындар арасындағы күш қолдану әрекеттерін айтамыз. 82 мың арыздың 70 пайызы әйелдер мен балаларға қатысты. Оның 712-сі қылмыстық іс ретінде тіркелді, оның 98-і кісі өлтіру. Қайтыс болған адамдардың 38-і әйелдер. Оның бәрі күйеуінің қолынан қаза тапты деген сөз емес, өлімге өзге туыстары себеп болған жағдайлар да бар. Ал «жылына 400 әйел ерінің қолынан көз жұмады» деген жалған ақпарат. Өйткені он айда елде жалпы 400-ден аса адам кісі қолынан мерт болды. Әрине, бұл да аз сан емес, бірақ бір жылда мұнша әйелді күйеуі өлтіруі мүмкін емес.
Отбасындағы зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныс бар, ол талқыланып та жатыр. Заң шығарушы орган қабылдаса, біз орындауға дайынбыз. Кейінгі 20 жылда бізде екі мәрте мұндай тәжірибе болған. Кейінгісі 2015-2017 жылдары қолданыста болды. Бірақ бұл зорлық-зомбылықты керісінше көбейтіп жіберді. Өйткені жәбірленуші туысқаны қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын қаламайды. Олар арыз жазудан бас тартып, жасырып қалуға тырысады. Сөйтіп мұндай қылмыс көбейіп кетті. Сол үшін 1,5 жылдан кейін мұндай әрекетті қайта әкімшілік кодекс бойынша жазалауға көштік», – дейді А.Серікбаева.
Қуаныш Қаппас