Агроөнеркәсіп кешені: Тұрақты даму және азық-түлік қауіпсіздігі

Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында 180 млрд теңгеге азық-түлік өнімдері өндірілді (2024 жылдың қаңтар-мамыр айларында – 154,5 млрд теңге).
Өнім өндіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артты: жарма – 2 есеге (1,3 мың тоннадан 2,8 мың тоннаға дейін), өсімдік майы – 45,2%-ға (12,8 мың тоннадан 18,7 мың тоннаға дейін), йогурт – 9,3%-ға (13,4 мың тоннадан 14,6 мың тоннаға дейін), ет консервілері – 7,7%-ға (404 тоннадан 435 тоннаға дейін), балмұздақ – 7,1%-ға (869 тоннадан 931 тоннаға дейін), ұн – 2,2%-ға (398,4 мың тоннадан 407,1 мың тоннаға дейін) өсті.
Өңірдің ішкі нарығы азық-түлікпен негізінен жергілікті өндіріс есебінен қамтамасыз етілуде. Алайда, күріш, қант және тұз облыста өндірілмейді, бұл өнімдер сырттан жеткізіледі.
Жыл басынан бері АӨК саласы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің импорты 121,5 млн АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,9%-ға төмен (2024 жылы – 149,7 млн АҚШ доллары). Оның ішінде азық-түлік импорты 72,9 млн АҚШ долларын құрап, 3,2%-ға артты (2024 жылы – 70,6 млн АҚШ доллары).
Сүт өнімдері импорты 62%-ға азайды (оның ішінде қоюлатылған сүт пен кілегей – 90%-ға, ірімшік пен сүзбе – 23%-ға), дәнді-дақылдар – 72%-ға, жұмыртқа – 21%-ға азайған. Сонымен қатар, қоюланбаған сүт пен кілегей, сары май, балмұздақ және ет өнімдері бойынша импорттың өсімі байқалады.
Көктем-жаз маусымында бағаның тұрақтылығын сақтау мақсатында "СПК "Тобыл" АҚ үш ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен биылғы ерте өнім берген көкөніс жеткізуге келісімшарт жасасты. Нәтижесінде 154 тонна картоп, 60 тонна сәбіз, 122 тонна қырыққабат және 59 тонна пияз жеткізу жоспарланған.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең тиімді жолдарының бірі – агроөнеркәсіптік кешен саласында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру болып табылады.
2025–2027 жылдарға арналған 93 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған, жалпы құны 383 млрд теңгеден асады, нәтижесінде 4,4 мың жаңа жұмыс орны ашылады (мал шаруашылығы – 51 жоба, өсімдік шаруашылығы – 23 жоба, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу – 19 жоба).
Осы жобалардың ішінде биылғы жылы 36 жобаны іске асыру көзделген, жалпы құны – 52,5 млрд теңге, 605 жаңа жұмыс орны ашылады.
Осылайша, өңірдің агроөнеркәсіптік секторы тұрақты дамып, өндірістік әлеуеттің артуына ықпал етуде, бұл өз кезегінде елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.