Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы – ұлттың ұлық тойы

Биыл ел көлемінде бірнеше мерейтойлық шаралар қатар өтіп жатыр. Айталық, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойлары қос-қабат келді.
Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығы мен Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы да қатар аталатын атаулы мерекелер. Бұдан басқа да ұлт мақтаныштарының әртүрлі дөңгелек даталары осы жылға тұспа-тұс келуде. Оның бәріне тоқталып кету бірер материалмен шектелмесі анық.
Мемлекет деңгейінде аталып өтіп жатқан ұлы дүбірдің бірі – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы. Жуырда ғана ұлылардың кіндік қаны тамған киелі Торғай топырағында ұлт ұстазының ұлық мерейтойы салтанатты түрде тойланды.
Мерейтой аясында еңселі ескерткіш бой көтеріп, желмен жарысқан жүйріктер көмбеге таласып, апайтөс палуандар боз кілемде белдесіп, тойдың көрігін қыздырды.
Ахаңның тойына арнайы келген парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовқа арналған еңселі ескерткіштің ашылу рәсімінде болып, арнайы құттықтау сөз сөйледі. Ол: «Биыл мерейтой аясында біраз жұмыстар жасалып жатыр. Елді мекендер мен көшелерге, кейбір нысандарға Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Байтұрсынұлының кіндік қаны тамған Сарытүбекке кесенесі тұрғызылды. Ашылып жатқан ескерткіштің Ахаң мен Жахаңа арналуында үлкен символикалық мән жатыр. Себебі екі арысымыз да ұлтты ағарту жолында аянбай еңбек етті. Басын бәйгеге, өмірлерін өлімге тікті» – деп атады.
Осы орайда айта кетейік, ұлт ұстазының есімін ұлықтайтын елеулі іс-шаралар биыл ЮНЕСКО көлемінде өтіп жатыр. Торғай топырағында әртүрлі экспедиция, мазмұнды конференциялар мен келелі кеңестер аталып өтті. Соның ішінде, Жангелдин ауданының орталығындағы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтың мұражайына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құрылыс жұмыстарына 170 миллион теңге кеткен.
Ұлт ұстазының ұлық тойына алты Алашқа аты белгілі зиялы қауым өкілдері жиналды. Конференцияда Ахаңның өмірінен естеліктер айтылып, ұлт ұстазының ұлтқа жасаған қалтқысыз қызметтері туралы баяндама жасалды. Жиынға қатысқан Ғарифолла Әнес: «Біз Алаш орданың жүз жылдығын, Қазақ газетінің де 100 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өте алмадық. Есесіне, Ахаңның 150 жылдық тойын дүркіретіп, ЮНЕСКО көлемінде өткізудеміз. Бұдан артық қандай қуаныш бар!» – деп, ойын түйіндеді. Ахаңның тойы – ұлттың тойы, тұтас қазақтың қуанышы! Тойға жиналғандар осы түйін сөзбен қайтты.