Ахметов апталығы
«Қаламгердің сөзі мен ісі сай болуы керек». Бұл айбоз ақын, Ұлытаудың біртуары – Кенжебай Ахметовтің сөзі. Бойынан адамның мақсат-мұратының ізгілігі, байсалдылық бітімі, табиғи қарым-қабілетіне сай даналығы, алған асулары, елге сіңген ерен еңбегімен көзге түсетін дара тұлға биылғы жылы 60 жасқа келді. Шығармашылығының өзіндік өрнегі бар қаламгердің өмірі ерекше ғұмыр іспеттес. Оған көзіміз сан мәрте жетті. Ал ақынның 60 жылдығына орай Ұлытау облысында ұйымдастырылған салтанатты іс-шаралар апталығы – жазушының әдебиет майталманы екенін тағы бір дәлелдеп берді.
Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымының кандидаты, әдебиетті зерттеуші ғалым, ұлағатты ұстаз, ақын, жазушы, драматург, аудармашы, сценарист, кинорежиссер Кенжебай Ахметовтің апталық кеші облыс көлемінде жоғарғы дәрежеде атап өтілді. Облыстық әкімдік мұрындық болған шара кинорежиссердің фильмдерін тамашалаудан басталды. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жақсыкелді Сеиловтың жастық шағы туралы баяндалатын «Неге солай?» көркем фильмін облыс тұрғындары композиторды еске ала отырып, мақтанышпен қарады. Бұл туралы Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев:
«Аптаның бастамасы тамаша басталды. Оның ішінде «Неге солай» фильмі апталық шымылдығын ашты. Қаламыздың бас ақындары мен жас ақындары қатысуымен ұйымдастырылған поэзиялық кештің куәсі болдық. Сонымен қатар «Бір көйлек» көркем фильмін үлкен сүйіспеншілікпен тамашаладық. Айта кетерлігі осы шараға облыс ақындары ат саласып, үлкен белсенділікпен қатысып жатыр», – деді.
Көпқырлы тұлға
Кинорежиссер бір саламен шектеліп қалмаған. К.Ахметов – еңбектері 20 жылдан аса уақыт театрларда сахналанып жүрген дарынды драматург. Мәселен, «Құданың өзі, құдайдың «көзі» келгенде» аталатын сатиралық комедиясы 2002 жылдан бастап Жезқазған театрында тұрақты түрде көрсетіліп келеді. «Дәуірлер тоғысында» драмасы Жезқазған театрында 2008 жылдан, «Шырақ» тарихи драмасы 2011 жылдан бері, «Шырға алаңында» драмасы 2013 жылдан бері қойылып жүр. Дәл осы «Дәуірлер тоғысында» драмасы Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақмыс» корпорациясы ұйымдастырған республикалық конкурста бас жүлдені жеңіп алған. Саладағы еңбегін бағалаған ұйымдастырушы тарап бұл саланы да қамтып өтті. Апталық ортасында драматургтің төл туындысы «Шырақ» тарихи драмасы Серке Қожамқұлов атындағы театрда сахналанып, облыстықтар тарапынан үлкен қошеметке бөленді. 1 қарашада көрсетілген Халықтар достығы мен мәдениет үйінде көрсетілген «Наза» көркем фильмі де, көрермендерді ойландырып, жоғары бағаланды.
Бір бойында сан сала тоғысқан тұлға бойынан аудармашылық қасиетте табылды. Аудармашы жас кезінде Рюноске Акутагава, Джанни Родари сынды классик жазушылардың әңгімелерін қазақ тіліне аударып, мерзімді басылымдарда жариялап отырған. «Ежелгі дүниедегі және византиялық дереккөздеріндегі Ұлы Дала тарихы» аталатын 4 томдықтың үшінші және төртінші томдарын, «Ежелгі Шығыс әдебиеті» жинағын, Джованни Боккаччоның «Декамерон» новеллалар кітабын, Данте Алигьеридің «Құдіретті комедия» поэмасын аударып, аударма саласында да өз атын қалдырған. Сондай-ақ Стефан Цвейгтің «Амок», «Бақилық ағаның көз жасы» новеллаларын сәтті аударып, Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Айбоз» ұлттық тұңғыш әдеби сыйлығының «Үздік аударма» номинациясын жеңіп алған. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жомарт Оспан өзінің «Көпқырлы дарын» мақаласында кейіпкеріміздің аудармадағы еңбегі ерен екенін айтады.
«Жалпы, ұлттық әдебиеттің дамуына төлтума шығармалармен, белгілі бір дәрежеде сапалы аударма туындылар да әсер етеді. Әлем әдебиетінің озық үлгілерін біз осы аудармалар арқылы танып білеміз. Көркем аудармашылық та Кенжебайдың тұрақты шұғылданып келе жатқан саласының бірі. Қалам иесіне аударманың тигізер ықпалы зор. Тіл ұстарту, сөздік қорын байытуға бірден-бір керек тірлік. Кенжебайдың бұл саладағы еңбектері, жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай», – дейді Жомарт Оспан.
Поэзия сыңары
Кенжебай мырзаның өмірін поэзиясыз елестету мүмкін емес. Бұл оның сегіз қырының бірегейі. Ел арасында Кенжебай Қарбозұлының «Абыз Абай» өлеңі сүт бетіне қалқып шыққан поэзия қаймағы ретінде танылған. «Қоңыр күй» жинағындағы өлеңдерін жастар жарыса оқиды десек өтірік емес.
Апталық ұйымдастырушылары ақынның өлең патшаларының бірі екенін ескеріп мәдени шаралар легін «Күзгі өлең, сырласайық сізбенен» атты поэзия кеші жалғастырды. Кеште айбоз ақынның замандастары, шәкірттері мен жас ақындар өлеңдер оқыды. Жыр шумақтарынан бөлек, келген көрерменге «Сан қырлы талант иесі» көрмесі көзайым болды. Мұнда Кенжебай Ахметовтің шығармашылығының алуандығы мен көркемдігі таныстырылды. Өтіп жатқан апталық куәсі болған қоғам қайраткері Төлеген Бүкіров шаралар облыс деңгейінде шектеліп қалмау керек деп есептейді.
«Қазақта бір сөз бар ғой «сегіз қырлы, бір сырлы» деген. Кенжебайдың қыры сегізден баяғыда асып кеткен. Ақпараттық құралдар мен әлеуметтік желі дамыған уақытта Кенжебайдың 60 жасқа толу орайында өткізіліп жатқан іс-шараларға куә болып отырмыз. Кенжебай жалғыз Ұлытау облысы емес, облыс шеңберінен шығып кеткен белгілі азамат» – деді қайраткер.
Қос кітап
Апталық аяғы үлкен қуанышқа ұласты. Кенжебай Ахметовтің «Айбоз», «Күпі» кітаптарының тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты. Қаламгердің кітаптарында поэзия мен айбоз ақын туралы қаламдастары мен замандастарының жазған естеліктері жинақталған. Бұл жас ұрпаққа ақынды одан әрі жақынырақ тани түсуге үлкен мүмкіндік болды дейді ақын Абай Ораз.
«Студент кезімізде Кенжебай ағаның «Әдебиет теориясы» деген кітабы болды. Сонда бәрі ойлайтын «авторы қай жақтыкі екен осы кітаптың?» деп. Мен сосын айттым, бұл кісі біздің Жезқазған жақтың азаматы, ағамыз, ұстазымыз деп. Сол кезде Жезқазғанда әдебиеттің теориясын жазатын ғалым бар екен деп көпшілік таңғалған. Себебі елдің көбісінің ойынша ақындар мен жазушылар тек Алматы мен Астанада өмір сүреді» – дейді ақын.
Осы уақытқа дейін айбоздың «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым» қойылымының әдеби нұсқасы, «Алағай да бұлағай бір дүние» атты прозалық жинақтың, «Қоңыр күй» өлеңдер жинағы, «Қос қағыс» прозалық, драмалық шығармалар жинағының, бірнеше оқу құралы мен ғылыми мақалалары жарияланған.
Кенжебай Ахметов шығармашылықтың барлық саласында маңдай тері мен елеулі үлесін қосқан біртуар тұлға. Оның келелі жолы артынан аяқ басып келе жатқан буынға өнегелі үлгі. Ал ел үшін еңбек еткен ерді құрметтеу мен бағалау – бізге міндет.
Шыңғыс Атай
Ұлытау облысы