Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:31, 06 Қазан 2022

Ахметтану тағлымдары медицинада

None
None

29-30 қыркүйек күндері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әл-Фараби кітапханасында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің құрылтайшылығымен және Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының бастамасымен Қазақстан Республикасы халқының тілдері күніне орай және А.

Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған денсаулық сақтау жүйесіндегі тіл мамандарының республикалық форумы өтті.

        Форумға республикамыздың төрт түстігінен келген денсаулық сақтау саласының үздік қызметкерлері, оның ішінде тіл мамандары қатысты. Салтанатты жиын Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражайының алдындағы Алаш көсемінің ескерткішіне гүл шоғын қойып, тағзым етуден басталды. әл-Фараби кітапханасының фойесінде орналастырылған «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы» атты мерейтойлық кітап көрмесін тамашалау «Мәңгілік ел» тарихи-көркем кешеніне қарасты әл-Фараби мұражайын, «Алаш», «Абай», «Ұлы даланың жеті қыры» залдарында жасалған саяхаттармен жалғасты. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, отандық фармакология ғылымының көшбасшы қайраткері, «Гиппократ» орденінің иегері Раиса Күзденбаева форум жұмысына сәт-сапар тілеп, денсаулық сақтау ісінің бүгінгі шебіндегі мамандарға аналық ақ батасын берді.      

        Форумның екінші күнінде «Қазақтың ұлттық әдеби тілі» атты ғылыми-тәжірибелік мәслихаттың ұйымдастырылуы ұлт денсаулығын қорғау саясатын дамылсыз қызметінің діңгегіне айналдырған, күнделікті жұмысында орыс тілінің шеңберінен және латын терминдерінің темірдей құрсауынан шыға алмайтын медициналық қауымдастық өкілдерінің рухани құбылаға түбегейлі бетбұрысын паш етті. Медицина мамандарының күн тәртібіндегі өзекті тіл мен діл мәселелеріне, ұлт тарихын тануға және түгендеуге, оның ішінде ЮНЕСКО көлемінде аталып отырған Ахмет Байтұрсынұлының өмірін және мұрасын зерттеп-зерделеуге, сонымен қатар Алашорда және Алаш шежіресіне шегініс жасауға ұмтылыстарын оқылған ресми баяндамалардың ықыласпен тыңдалуы айғақтайды. Форумның басты баяндамасын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының профессоры, филология ғылымының докторы, мәшһүр ахметтанушы Өмірхан Әбдиманұлы оқыды. Түпсіз мұхиттай тереңдеп кеткен ахметтану тағлымдарын тыңдармандарға қысқаша тұжырымдап, талдап түсіндіруге өз тарапынан Алматы қаласы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының орынбасары Мұхтархан Абаған, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан және де «Тіл тазалығы: Ахмет Байтұрсынұлының ұстанымы» баяндамасымен С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Тілдер кафедрасының доценті Төлеубек Қизатұлы шешендік тіл өрнегімен нақышталған баяндамаларымен үлестерін қосты. Жиынға қатысушылар республикамыздың тұрғылықты халқының денсаулық күзетінің сақшылары екенін де жадынан шығармай, бір мазмұнды баяндаманы қазіргі замандық медициналық терминологияның даулы мәселелерін талдауға арнады. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Анатомия» кафедрасының доценті, ҚР Морфологтары қауымдастығының мүшесі Бауыржан Шәкенұлының «Ұлттық анатомиялық терминдерді біріздендіру үдерісі» баяндамасын басым көпшілігі медициналық ұйымдардың аудармашылары болып саналатын мәслихатқа қатысушылар қызығушылықпен ден қоя тыңдап, күн сайынғы майданда пікірлер қайшылығын тудырып жүрген көкейтесті сауалдарына оң жауаптар алды. Баяндамада заманауи медицина аудармасының бүгінгі бағындырған мазмұн және сапа белестеріне жоғары баға берілуі ғанибет.

      Медициналық ұйымдарда қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, кәсіби тіл үйренудің тиімді тәсілдері мен бірізді жүйесін ортаға салу, өңірлік тілдік ахуалды талқылау мақсатымен өткізілген форумның шарықтау шегі Қазақстан медицина қызметкерлерінің арасындағы дарынды тұлғаларды анықтау, олардың шығармашылығын көпшілік назарына ұсыну үшін өткізілген республикалық көркемдік-әдеби байқау болды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі аппаратының өкімімен байқау жарияланған 20 тамыз-15 қыркүйек аралығында кең байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен алпысқа жуық шығарма келіп түсті, олардың арасында ең үздіктерін даралаудың өзі қазылар алқасына оңай шаруа болмады. «Медицина қызметкерінің бір күні», «Ахмет Байтұрсынұлының әлемі», «Үздік поэтикалық шығарма», «Үздік  публицистикалық шығарма» аталымдары бойынша жеңімпаздар дараланып, арнаулы дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар форумда баяндамалар жасап, ағартушылық-ғылыми насихат жұмысын жүргізген әдебиетші, тілші, ғалым ұстаздар қауымына, медицина мамандарының арасында ана тіліміздің жалауын жоғары желбіретіп жүрген тұлғаларға Құрмет грамоталары, арнаулы Алғыс хаттар, «Тіл сақшысы», «Тіл ардагері» төсбелгілері табысталды.

       ҚР ДСМ Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы Айжан Әнуарбекқызы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жолында көп жыл тынымсыз тер төгіп, еңбек етіп таңдаулы тұлғаларға Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арнайы дайындалған мерейтойлық төсбелгілерді табыс етті. Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің аппарат басшысы Батырбек Әбділдиннің жоғары баға бергені жарияланды. Медицина мамандары мен тіл мамандарының, әдебиетші-ғалымдардың мерейтойлық мінберде пікір алмасып, рухани мүйісте бас қосуы екі жақты пайдалы нәтижелерін берері, бұл ізгілікті ізденістер үрдісінің жалғасын тауып, дәстүрге айналары хақ. Адамның ойына, бойына, алпыс екі тамырын қуалаған қанына шынайы мейірім, ізгілік, жылылық, сұлулық, тазалық дәндері табиғатынан егілген, ата-ана тәрбиесімен дарыған тума қасиеттері болмаса, одан дәрігер деген кәсіп иесі шығуының екіталай екені бабамыз әл-Фарабидің трактаттарында, арғы ғасырларда өмір сүрген медицина атасы Әбу Әли Ибн Синаның өсиеттерінде айтылады. Ал нарық заманында денсаулық сақтау саласының қызметкерлері осындай ғажайып адами қасиеттермен қарулануы, рухани қуаттануы үшін осындай биік сана белдеулеріне шеру жасап тұру өз жемісін беретінінен үміттіміз. «Дені саудың жаны сау» нақылы рухани ұрандарға ұласқанда бүгінгі заман маманының кәсіби шеберлігін арттырып қана қоймай, адами болмыс тұтастығын сақтап, кісілік келбетін көріктеуіне көмектесетіні, күнделікті міндетін атқару, парызын өтеу барысында мың-сан адамға шарапат-шапағат шуағы шашылатыны осынау оқиға барысында сезіліп, мерей тасытты. Алға, денсаулық сақшылары!

Тегтер: