Ахметжанов киногерлерді қудалап жатыр, Оралов үнсіз

«Ұлттық киноны қолдаудың мемлекеттік орталығына» қатысты даудың басылар түрі жоқ.
Өткенде ғана дәл осы мәселе қоғамда қызу талқыланды. Ақыр аяғында «үмітіміз желге ұшты, еңбегіміз селге кетті» деген режиссерлер мен продюссерлердің жанайқайы парламент қабырғасын да жаңғыртқан.
Бірақ содан бері де ештеңе өзгермеді. Енді, міне, алғашқы іріктеуден өткен жобаларға қатысты мамырдың 22-25 аралығында питчинг болмақшы. Осыған байланысты өз наразылығын білдірген бір топ режиссерлер мен продюссерлер «Ұлттық киноны қолдау орталығының» алдында митинг өткізді.
Наразы топ өтініштері мен талаптары жазылған плакаттарын көтеріп «Ұлттық киноны қолдау орталығы» орналасқан «Алматы» қонақ үйінің алдына жиналды. Сәлден кейін олар ҚР президенті Қ.Тоқаевқа, ҚР Мемлекеттік хатшысы Е.Қаринге, Үкімет басшысы Ә.Смайыловқа, Мәдениет және Спорт министрі А.Ораловқа жазған ашық хатын оқып бастады. Сөйткенше болған жоқ, бірнеше полиция қызметкерлері сау етіп жетіп келді. Өзін «Алматы қаласы прокуратурасының өкілімін» деп таныстырған азаматтық киімдегі өкіл дыбыс зорайтқышпен:
«Сіздердің заң талаптарына қайшы келетін әрекеттеріңіз заңсыз болып табылады. Сол себепті бұл жерден тарқауларыңызды сұраймын. Сондай-ақ заң талаптарын орындамағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделеді, егер де заң талаптарын орындамасаңыздар сіздерге полиция қызметкерлері шара қолдануға мәжбүр болады» деді.
Бірақ наразы топ бұған ыға қоймады. Керісінше, дауыстарын көтеріп: «заңсыздық тоқтатылсын!», «Питчинг тоқтатылсын!» деп ұрандады. Прокуратура өкілдері мен полиция қызметкерлері наразы азаматтарды сырттай бақылап тұрды.
Митинг кезінде «Ұлттық киноны қолдау Мемлекеттік орталығы» өткізген киножобаларды іріктеу конкурсына көңілдері толмайтын, оны «заң бұзушылықпен өтті» деп есептейтін наразы топ мынадай талаптарын айтты:
1. Заң бұзушылықпен өткелі отырған питчинг тоқтатылсын.
2. Арнайы комиссия құрылсын, оның құрамында наразы топ өкілдерінен бірнеше адам бақылаушы болып бекітілсін.
3. Арнайы комиссия іріктеуден өткен және өтпеген жобалардың құжаттарын қайта тексерсін.
4. Қандай да бір заң бұзушылық анықталса аталған мекеменің басшылары мен жауапты қызметкерлері заң аясында жауапқа тартылсын.
Жиналғандар: «Қосубаев келсін, журналистер алдында біздің сұрақтарымызға жауап берсін» деп айғайлай бастады. Бірақ іштен ешкім шыға қоймады. Есесіне, прокуратура қызметкері қайтадан келіп, манағы сөзін айнытпай қайталады. Наразы топ тағы да дауыстап, дабырлай жөнелді.
Митингке қатысушылардың арасынан белгілі өнертанушы ғалым, киносценарист Ерлан Төлеутаймен сұхбаттасып, пікірін білдік, ол сөзін «қазір қазақ киносы ауыр дағдарысты басынан кешіп жатыр» деп бастады.
«Мұның басты себебі қазақ киносына бас, ие болатын, тізгін ұстар тұлға қалмады. Әсіресе жастар қараусыз қалды. Әрине, мемлекет қолдау білдірмейді деп айта алмаймыз, олар белгілі деңгейде қаржыландырады. Бірақ дәл осы қаржыландыру жүйесі әділетсіз іске асып жатыр. Оның ең негізгі кедергісі киноның басы-қасына ылғи да бір күмәнді адамдар келіп қонжияды. Күні кеше ғана комсомол болып желпілдегендер немесе Назарбаев жүйесіне қызмет еткендер енді, міне, киноны басқарып отыр. Шынын айтқанда, бүгінгі митинг біз үнемі айтып жүрген ескі мен жаңаның күресі іспетті. Себебі жоғарғы жақ өзгергісі келмейді. Олар сол баяғы бармақ басты, көз қысты әрекетке салып, тізеге басып, қорқытып, үркітіп, қалай болса да бірдеңені жымқырып қалуға тырысады. Ал жастар «мұндай зорекерлікке көнбейміз, қорлыққа төзбейміз» деп митингке шығып отыр. Бұлардың жалғыз-ақ тілегім – «мемлекеттің өнерге, киноға бөлген қаражаты киноның игілігіне жұмсалсын» дейді. Шынын айтқанда кино дегеніміз – үлкен ой айтатын, қоғамға қозғау салатын өнер, біз соны қорлап, аяққа таптап біттік. Мына «Ұлттық киноны қолдау орталығы» анығында қазақ киносын қорлау орталығына айналды. Біз соған наразымыз. Біздің тілегіміз осы мекеменің басшылығы түгелімен ауыссын, оған киноны білетін кәсіби мамандар келсін. Қазір қаншама талантты жастар киноларын өткізе алмай өмірлерін өксітіп жүр.
Айғай-шу үдеп, жиналғандардың қарасы молайған кезде іштен «Ұлттық киноны қолдау орталығы» директорының міндетін атқарушы Бауыржан Шүкенов шықты. Шыққан бойда наразышыларды сабырға шақырып: «Ішке кіріңіздер, сонда асықпай сөйлесейік» деді. Бірақ наразылар: «Біз сіздермен бұған дейін де бірнеше рет сөйлестік, бірақ еш нәтиже болмады, енді нақты талабымызды жазып әкелдік, соны орындаңыздар, болды» деп жамырасты. Шүкенов: «Сіздердің бұл талаптарыңызды бірінші рет көріп тұрмын, енді онымен жан-жақты танысу үшін ішке кіріп сөйлеспейміз бе?» деді. Жиналғандар Шүкеновтің бұл уәжіне де илана қоймады. «Киноның төңірегіндегі даудың шыққанына бір айдан асты, сіз қалай білмейсіз, мұндай өтініштің талайын өздеріңізге тапсырдық, ішке кіріп те сөйлестік, бірақ нәтиже болмады, сондықтан бұл жолы біз сыртта күтеміз. Өзіңіз кабинетіңізге барып, біздің талаптарымызбен танысып, нақты жауабын айтыңыз. Оған дейін біз сізді осында күтеміз» деді. Осыдан соң Бауыржан: «Бұл мәселені табан астында шеше алмаймын» деп бұлтаққа басты. Тағы да шу, тағы да айғай. Енді режиссерлер мен продюссерлер ашуға ерік беріп: «Мұны шеше алмасаң, шешетін адамды, Қосубаевтың өзін шақыр» деп дабырлады. «Қосубаев жұмыс орнында жоқ, заңды еңбек демалысына кетті» деді Шүкенов. Екі жақ көп ырғасып, ақыры ымыраға келді. Шүкенов наразы топтың өтінішін тиісті орындарға айту үшін ішке кіріп кетті де, қанша күткенімізбен шықпай қойды.
Ары қарай оқиғаның қалай өрбігенін актер, режиссер Азамат Шарғын:
«Шүкенов сыртқа сағат 17:00-де қайта шықты, біз оған дейін күтіп тұрдық. Сөйтсек, о кісі Мәдениет және Спорт министрлігі комитет төрайымы Роза Карибжанованың қаржы жағынан орынбасары Айдын Қапашевтың жауабын алып келіпті, оның бар айтқаны мынадай: «Бұл талап президенттің, Мемлекеттік хатшы сияқты тұлғалардың атына жазылыпты, сондықтан мұның жауабын бір күнде бере алмаймыз». Шүкеновтің ауызша айтқаны осы болды. Қолымызға ешқандай нақты қағаз, ресми жауап ұстатқан жоқ, ол осылай деді де бізбен сөйлеспей кетіп қалды.
Ең сорақысы – митингтен соң бізді қудалау, қысым көрсету басталды. Нақтылап айтсам, белгілі композитор, сценарист өнертанушы Ерлан Төлеутайды, Қазақстан анимациялық студиялар қауымдастығы президенті Адай Әбелдиновты, продюссер Жансерік Шонаұлын, белгілі режиссер Нұргелді Садығұловты, сондай-ақ продюсер Ардагер Сантыбаевты, режиссер, Пусан кинофестивалінің Гран При иегері Елзат Ескендірді және мені «әкімшілік құқық бұзушылық бойынша қозғалған іспен танысып, түсініктеме жазыңыздар» деп полиция бөлімшесіне шақырып жатыр. Ары қарай не болатынын білмеймін, бәлкім, бізге «заңсыз митинг ұйымдастырдыңдар» деп айыппұл салатын шығар, тіпті біраз уақытқа қамап та тастайтын болар. Мүмкін ескерту жасап, түсініктеме жаздырып қоя берер. Енді оны бара көреміз.