Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:35

Аида Балаева журналист Ботагөз Омарованың ұсталуына қатысты пікір білдірді

Аида Балаева
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналист Ботагөз Омарованың ұсталуына байланысты жағдай министрлік бақылауында екенін мәлімдеді.

— Мәдениет және ақпарат министрлігі журналист Б. Омарованың ұсталуына қатысты жағдайды бақылауда ұстап отыр. Мұндай жағдайларда асығыс тұжырым жасауға, дәлелсіз қорытынды шығаруға және заңда көзделген барлық рәсімдер аяқталмай тұрып алдын ала баға беруге жол берілмеуі тиіс екенін атап өтеміз. Сондай-ақ оқиғаның мәнін бұрмалайтын немесе процесс қатысушыларын негізсіз қаралайтын мәлімдемелерге жол берілмеуі қажет, — деп жазды Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол бұл іс бойынша шешім әділ болады деген сенім білдіріп, таратылатын ақпараттың шынайылығын тексеру журналистердің негізгі міндеттерінің бірі екенін еске салды. Бұл талап «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының заңында бекітілген.

— Сонымен қатар заңнамада, атап айтқанда 68-бапта, журналистердің жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершіліктен босатылатын жағдайлар да қарастырылған. Оның ішінде ресми мәлімдемелерді сөзбе-сөз келтірген кезде жауапкершілік қарастырылмайды. Осындай мәселелерді қарау барысында «Заң мен тәртіп» қағидаты қатаң сақталуы тиіс, өйткені заң бәріне бірдей, — деді вице-премьер.

Аида Балаеваның айтуынша, министрлік жағдайдың өрбуін мұқият бақылап отыр және қажет болған жағдайда өз құзыреті шеңберінде араласуға дайын.

— Барлық процессуалдық әрекеттер заң талаптарына сай, қандай да бір сыртқы араласусыз жүргізілуі тиіс, — деді ол.

Айта кетейік, сот журналист Ботагөз Омарованы екі ай мерзімге үйқамаққа алу туралы санкция берді. Ол «көрінеу жалған ақпарат тарату» ісі бойынша күдікті ретінде танылған.

Бұған дейін, 20 наурыз күні сағат 17:54 шамасында Ботагөз Омарова өзінің Сейфуллин көшесі, 37 мекенжайындағы полиция бөлімінде екенін хабарлаған. Кейін Астана қалалық полиция департаменті «көрінеу жалған ақпарат тарату» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Бұған арыздың түсуі негіз болған.

Алғашында Омарова бұл іс бойынша қорғау құқығы бар куәгер ретінде өткен. Полиция департаменті ғимаратына бірнеше сағат бойы Құқықтық медиа орталығының өкілдері келіп, журналисті күткен. Сондай-ақ Астанадағы әріптестері де оған қолдау білдіріп, жағдайға алаңдаушылық танытты және құқық қорғау органдары тарапынан нақты ақпараттың жеткіліксіз екенін атап өтті.