Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:14, 08 Сәуір 2025

Air Astana-ға Қарабаев та, «Самұрық-Қазына» да бас қатырмайды екен

Қарабаев
Коллаж: Qaz365.kz

Еске салсақ, Jas aalash-та «Созылмалы дертке шалдыққан Air Astana және күлегеш Фостер» атты мақала жарық көрген.

 Сол мақалаға байланысты біз көлік министрі Марат Қарабаевтың атына Е-Өтініш платформасы арқылы сауал жолдағанбыз. Сауалымызға көлік министрінің өзі жауап бермейтінін әу баста білгенбіз. Министрлік жауап беруді комитетке жүктепті. Министрлікке қарасты Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Дархан Қатышев біз қойған сауалға әдеттегідей, тек есеп беруден тұратын жаттанды жауаптарын тізіп беріпті.

Мәселен, біз былтыр министрліктің Air Astana әуе компаниясының қызметіне аудит жүргізгенін, ол үшін арнайы комиссия құрылып, тексеру басталғанын айтқан. Біз сол аудиттің есебін сұрағанбыз. Сөйтсек, Қатышев 2024 жылғы 17-30 қыркүйек аралығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызметкерлердің шағымдары негізінде Air Astana АҚ қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізгенін, тексеру нәтижесінде Еңбек кодексін бұзу анықталғанын айтып, өте шығыпты. Ал біз бұл арада біразымыздың таңдайымызды қақтырып, миығынан күлген әуе компаниясының басшысы Питер Фостердің есін тез жинатар нақты деректер келтірілер деп күткенбіз. Бірақ тұшымды дерекке қолымыз жетпеді. Тек Еңбек кодексі бойынша қызметкерлердің арызы ескеріліп, оң шешім шығарылғаны айтылыпты.

Бұдан соң біз сарапшылардың пікіріне сүйене отырып, азаматтық авиацияны дамыту мақсатында министрліктің Air Astana әуе компаниясына қатаң талап қоюы керектігін, шетелдік мамандардың ығына жығыла бермей отандық мамандар дайындау қажеттігін айтып, осы мақсатта қандай шаралар атқарылып жатқанын сұрадық. Алайда министрлік бұл сауалымызға жалпылама жауап беріп, елдегі барлық әуе компанияларының жетістігін тізіп кетіпті. Біз министрлік келтірген Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларындағы жаңа терминалдар жайлы мүлде сұрамағанбыз. Есеп беруге даяр тұратын комитет төрағасының Air Astana-ға қатаң талап қою туралы емес, елдегі барлық әуежайлардың инфрақұрылымы жайлы, ондағы терминалдардың құрылысы жайлы, саланы цифрлық дамыту жайлы айтып қалуға асығыпты.

Біз Jas Aalash-та көтерген тақырыбымызда халықаралық стандарт бойынша әуе компанияларына ортақ нарық берілуі керектігін, олардың барлығында ортақ тариф саясаты болуы қажеттігін, инвестициялық жобаларға бөлінген қаражаттар да бірдей бөлінуі керектігін айтқанбыз. Бұған қатысты Қатышев «2022 жылдың қорытындысы бойынша «Эйр Астана» авиакомпаниясының үлесіне ішкі бағыттар бойынша авиатасымалдаудың жалпы нарығынан шамамен 33 пайыз, Fly Arystan авиакомпаниясы – 32 пайыз, SCAT авиакомпаниясы – 30 пайыз, қалғандарының үлесі – 5 пайыз тиесілі болды» дей келе, ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тиісті тауар нарығындағы үлесі 35 және одан да көп пайызды құрайтын нарық субъектісінің жағдайы басым деп танылатынын айтып ақталыпты. Тіпті ведомство мүшесі «биылғы жылы әуе компаниялары әуе билеттерінің құнына өзгеріс енгізген жоқ» деп те мақтануды ұмытпапты. Біз мақаламызда, керісінше, әуе билеттерінің бағасы тым аспандап кеткенін, оны халыққа қолжетімді ету керектігін де қозғағанбыз. Алайда ведомство өкілдері әуе билеттерінің бағасы 2021 жылғы қараша айындағыдай деп бет бақтырмайды. Сонда көлік министрлігі былтыр жыл соңында ғана депутаттардың «Air Astana-ның билеттерінің бағасы неге удай?» деп, мәжілісте ұлардай шулағанын ұмытып қалған ба?!

Қалай десек те, білдей бір комитет төрағасы орынбасарының қойған сауалдарымызға берген жауабы бізді қанағаттандырмады. Сондықтан Е-Өтініш арқылы министрлікке сауалдарымызды нақтылап, қайта жолдауға мәжбүр болдық.

«Самұрық-Қазынаның» Air Astana-ға билігі жүрмейді...

Министрліктен бөлек біз Air Astana-ға қатысты сауалдарды «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына да жолдағанбыз. Өйткені Air Astana-ның 41% үлесі «Самұрық-Қазынаға» тиесілі. Біз аталмыш әл-ауқат қоры белгілі мөлшерде әуе компаниясының акциясын иеленіп отырғандықтан, қордың әуе компаниясын дамытуға, түсімін арттыруға қатысты қандай ұсыныстар айта алатынын, белгілі бір талаптар қоя ала ма, жоқ па, соны білгіміз келген.

Сауалдарымызға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айдар Рысқұлов жауап жолдапты. Оның сөзінше, әуе компаниясы 2024 жылғы 9 ақпанда IPO өткізу арқылы бәсекелес ортаға берілді. Қазіргі таңда Қор «Эйр Астана» АҚ-ның 50 пайыздан аз акциясына ғана иелік етеді. Осыған байланысты әуе компаниясы қор тобының компаниясы болып табылмайды және қордың оны басқаруға қатысуы акционердің жалпы құқықтарымен шектеледі.

Сөйтіп әуе компаниясының 41 пайыз акциясын иеленетін «Самұрық-Қазына» әуе компаниясына билігі жүрмейтінін мойындады.

Айтпақшы, Air Astana президенті Питер Фостер жолдаған сауалдарымызға жауап берер түрі жоқ. Е-Өтініш платформасын бақылап отырсақ, аталмыш әуе компаниясы, тіпті біз жіберген сауалды қарастыратын белгілі бір маман да тағайындамаған. Өтінішіміз платформаға тіркеген күйінде ешқандай маманға жіберілместен сол бетінше тұр. Күтейік...

Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА