Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:00

AIRAN медиажобасы жұмысын тоқтататынын мәлімдеді

Айран
Фото: ашық дереккөз

 AIRAN медиажобасы жұмысын тоқтататынын хабарлады.

Жоба редакциясының мәлімдеуінше, соңғы екі апта бойы AIRAN YouTube-арнасында ешқандай жаңа контент жарияланбаған.

— Соңғы екі аптада AIRAN YouTube-арнасында үнсіздік орнады. Осы уақыт ішінде алаңдаған көрермендер мен әріптестерге біз қиындықтар бар екенін және оны шешіп жатқанымызды айттық. Бұл рас еді. 13 наурыздан бастап біз тікелей эфирлерді тоқтатып, видеолар жарияламадық. Осы уақыт бойы жағдайды түзетуге тырыстық. Бірақ нәтиже болмады. AIRAN MEDIA редакциясы жұмысын тоқтатады, - делінген хабарламада.

Жабылу себептері

Редакция өкілдері жобаның тоқтауына қазіргі жағдай әсер еткенін атап өтті.

— Біз қазіргі қалыптасқан жағдайда жұмысымызды жалғастыра алмаймыз. Төрт жыл бұрын, соғыс пен Қаңтар оқиғалары аясында, біз ұстанымдарымызды айқындап алған едік. Сол принциптер біз үшін бағыт болды. Біз оларды ұстануға тырыстық. Алайда қазіргі жағдайда бұл мүмкін болмай отыр. Елдегі және әлемдегі жағдайды елемеу мүмкін емес, - делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар редакция бұл шешімді трагедия ретінде қабылдамауға шақырды.

— Бұл жерде ешқандай трагедия жоқ. Жобалар пайда болады, жобалар жоғалады. AIRAN – өте мықты жоба болды. Бізді қолдаған адамдарға, біз үшін соңына дейін тұрған жандарға алғыс айтамыз. Сондай-ақ бізге жазған көрермендерге ризамыз. Бірі біз үшін алаңдады, енді бірі «Айран ақыры ашып кетті» деп қуанды. Бұл – қалыпты жағдай. Қоғамда әркімнің өз пікірі болуы керек. Ең бастысы – немқұрайлылық болмауы, - деп атап өтті жоба авторлары.

Айта кетейік, AIRAN — видеожурналистика, деректі зерттеулер және ағартушылық контентке бағытталған тәуелсіз қазақстандық digital медиа жоба.

Орыс тілінде хабар тарататын YouTube-парақшасында 1,18 млн,  Қазақ арнасында 198 мыңнан астам көрермені бар.

Тегтер: