Айдос САРЫМ. Үйлену оңай, үй болу... немесе Мақтаарал мен Сарыағаш мемлекеттік мәселеге айналып кетті

Кезінде бюджетті үнемдеу, билік жүйесін оңтайландыру деген желеумен жабылып қалған біраз шекаралық аудандардың өңі мен құты қашып, халқы қалаға немесе басқа аудан орталықтарына ыққаны белгілі.
Соңғы кездері осы аудандарды қалпына келтіру жұмысы қолға алына бастады. Жақында Алматы облысындағы Райымбек ауданы қалпына келтірілетіні белгілі болды. Күні кеше Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты бұрынғы екі ауданның орнына бес ауданды қалпына келтіру туралы шешімді қабылдап тастады. Осы екі жаңалық туралы кеңінен әңгіме қозғап көрелік.
Шекаралық аймақтарда халықты орнықтыру, жұрт санын сақтау, жаңа кәсіп ашу, олардың өміріне жан бітіру тұрғысынан бұл сөзсіз қажетті шара. Әңгімені Алматы облысынан бастаған дұрыс шығар. 1997 жылы елдің бюджеті апта сайын қысқарып, республикалық және аймақтық бюджеттер күн сайын қайта қаралып жатқан кезде Кеген және Нарынқол аудандары біріктіріліп, олардың орнына жаңа Райымбек ауданы құрылған болатын. Бұл «оңтайландыру» нәтижесі бұрынғы Нарынқол ауданының құлдырап, халқының біразы Алматыға, одан қалғаны жаңа аудан орталығы Кегенге қарай үдере көшуіне себеп болды. Қытаймен шекаралас бұрынғы Нарықол ауданының стратегиялық маңызы бар ауылдар мен кенттерінің халі мүшкілденіп, берекесі қашты. Бұл туралы 2004 жылы марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы «Егемен Қазақстан» газетінде үлкен мақала жариялап, мәселе көтерген болатын. Міне, араға 12 жыл салып тарихи әділеттілік орнағалы жатыр. Бұрынғы аудандарды қалпына келтіріп, олардың жұмысын қамтамасыз ету үшін шамамен 2,4 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаражаттың 800 миллионы облыстық бюджеттен шығарылса, қалғанын республикалық бюджет өтейтін көрінеді. Осының арқасында Нарынқол–Райымбек аймағында қайтадан мемлекеттік органдар жасақталып, жаңа еңбек орындары құрылмақ. Біріккен екі ауданда осыған дейін 80 мыңнан астам адам тұрғанын ескерер болсақ, мұның өзі зор мүмкіндік болғалы тұр. Мәселе тек осы шешімнің жалғасын тауып, ауыл шаруашылығы мен жергілікті кәсіпкерлікті қолдау шараларының нақты жоспарымен қамтылуында. Онда үміт бар. Сонда ғана шекаралық ел мен жерді болашақ ұрпақ игілігі үшін аман алып қала аламыз.
Ал енді оңтүстікке қатысты жаңалықты талдап көрелік. Осыған дейін, 2018 жылдың 16 ақпанында Сарыағаш және Мақтаарал аудандарының өкiлдi және атқарушы органдарының аудан аумағын бөлу жолымен аудандар құру, оларға атау беру, әкімшілік орталықтары мен шекараларын белгілеу туралы бiрлескен шешімдері қабылданған болатын. Яғни Мақтаарал ауданын үш ауданға – Мақтаарал, Асықата, Жетісай, ал Сарыағаш ауданын екі ауданға – Сарыағаш, Келес деп бөліп, бұрынғы аудан орталықтарын қайта қалпына келтіру ұсынылған еді. Бұлар да сол 1997 жылғы «оңтайландыру» құрбандары болатын. Бүгінгі Мақтаарал ауданында тұрғындар саны 304 684-ке жеткен. Ауданда 182 елді мекен, бір қала, үш кент және 20 ауылдық округ бар. Жерінің аумағы – 1,8 мың шаршы шақырым. Ал Сарыағаш ауданында қазіргі таңда 326 915 адам тұрады. Аудан аумағы – 7,6 шаршы шақырым. 154 елді мекен, бір қала, бір кент және 23 ауылдық округтен құралған. Екі аудан да Өзбекстанның 10 ауданымен шектеседі. Аудандарды қайта құрып, қосымша штаттық бірліктер ашудың шығыны 15 миллиард теңгеге жуықтайды екен. Оның негізгі бөлігін жергілікті бюджеттен бөлу көзделіп отыр.
Ал енді қарапайым есеп-қисап жасап көрелік. Оңтүстікте жаңадан құрылайын деп отырған бес ауданның жер аумағы – 9,4 мың шаршы шақырым. Бұл бес ауданда 630 мыңнан астам адам тұрады. Алматы облысында құрылатын екі ауданның аумағы – 14,2 мың шаршы шақырым. Мұнда жоғарыда көрсеткендей, 80 мыңнан астам халық тұрып келеді. Екі аймақтағы халық тығыздығын осыдан-ақ есептеп, бір шаршы шақырымға қанша адам келетінін өздеріңіз-ақ есептей беріңіздер. Оның үстіне барлық аудандарда егістік-шабындық жерлердің шектелгенін ескерсек, ол жерге барша дәмелі азаматтардың қолы ешқашан жетпейтінін ескерсек, оңтүстіктегі жағдайдың ушығып тұрғанын сарапшы түгіл, бес жасар бала да түсінеді. Оңтүстіктегі «қайта құру» науқанына түрткі болған жердің босауы халықтың босуы емес, керісінше, халықтың асқан тығыздығы мен жер тапшылығы екені де белгілі. Сең осыдан бірер жыл бұрын орын алған этносаралық қақтығыстар, яғни қазақ-тәжік арасындағы кикілжіңдерден кейін қозғалған болатын. Оның үстіне мынаны да ескерген дұрыс болар. Бұрынғы Райымбек ауданындағы қазақтардың үлесі 99,1 пайызды құраса, Сарыағаш ауданында қазақ саны – 88,5 пайыз, ал Мақтаарал ауданында 83,2 пайызды құрайтын. Қалғанын негізінен тәжік және өзбек этносының азаматтары құраған болатын. Халқы күн сайын артып келе жатқан, ал игеруге келетін шаруашылық жерлердің тапшылығы қашанда, қай елде де қақтығысқа алып келетіні белгілі. Олай болса Сарыағаш пен Мақтааралдың бұл заңдылықтан сытылып шыға алмайтыны бесенеден белгілі еді.
Бұған басқа да аймақтық-өңірлік проблемаларды қосуға болады. Мысалы, бүгінгі Мақтаарал ауданын үш жағынан көршілес Өзбекстан қоршап жатыр. Кеңес заманында аудан мен облысты Өзбекстан арқылы өтетін теміржол мен тас жол жалғастыратын. Бүгінгінің коммуникациялары сол заманнан бері аса қатты жақсара қойған жоқ десек артық кетпейміз. Мұның өзі стратегиялық тұрғыдан зор қауіп екенін айтсақ еш қателеспейміз.
Бұған халық санының үнемі артып, халық тығыздығының үнемі өсіп келгенін қосу керек. Жалпы алғанда, кез келген жер үшін халық санының артқаны жақсы үрдіс. Халық санының өсуі жергілікті бәсекелестікті арттырып, жұрттың мығымдығын, мобильділігін күшейтеді. Алайда халық санының артуы табиғи және экономикалық шектеулерге тап болатын болса, онда бәсекелестік асыра бәсекелестікке әкеліп, арты әлеуметтік, этносаралық немесе дінаралық қақтығыстарға апаруы заңдылық. Аймақта негізінен мұсылман қауымы отырғандықтан, негізгі шиеленістер мен кикілжіңдер этносаралық деңгейде өтіп жатады. Жерсіз, күйсіз жүрген қаймана қазақ жан-жағына қарап, «біз жай-күйсіз жүрміз, есесіне тәжік ағайындардың жері бар, жағдайы бар» деген күңкілді арттыра бастайды. Күңкіл бірте-бірте жиналып-жинақталып, ерте ме, кеш пе, бір жарылысқа әкеліп жатады. Мысалы, сол Мақтаарал ауданында 2007 жылдан бері бір емес, 10-нан астам этносаралық қақтығыс орын алған деген дерек бар.
Сол Мақтаарал ауданындағы халық саны тәуелсіздік жылдарында 35 пайызға артқан. Бұған шеттен келіп жатқан қандастарымыз бен бақуатты өмір іздеген тәжік-өзбек ағайындардың миграциясын қоссақ та болады. Тек соңғы бес жыл ішінде ауданға көрші елден 1200-ден астам отбасы көшіп келген. Ауданда бір шаршы шақырымға 166 адамнан келеді. Бұл көрсеткіш бойынша аудан республикалық орта көрсеткіштен 25 есе озып отыр. 2030 жылға қарай аудан халқы 400 мыңнан асады деген ғылыми дерек бар. Яғни жерге, экономикаға, бюджетке, әлеуметтік салаға жасалатын қысым аса түседі деген сөз. Ауданда жер жырту, мал бағуды айтпағанда, жекеменшік үй салатын бос жер жоқтың қасы. Аудан тұрғындары малын бағу үшін көршілес Шардара және Сарыағаш аудандарының жерін жалға алуға көшкен. Ол аз дейсіз бе? Мақтааралдық ауылдардың кейбірі дүниеден өткен адамдарын жерлеу үшін де көрші аудан жерлерін арендаға алуға мәжбүр. Қазақстанның басқа қай аймағында осындай жағдай бар?
Сарыағаш ауданының да мәселелері осы іспеттес.
Аталмыш екі аудандағы тағы бір ушығып отырған мәселенің бірі – жұмыссыздық. Аймақ жастарының біразы ел аралап кетті деген күннің өзінде, екі аудандағы жұмыссыздар саны республикалық көрсеткіштен жоғары. Және де олардың басым көпшілігі қазақ жастары. Жер-су тапшылығы, ресурс дефициті, айналып келгенде, жергілікті ауылшаруашылықтың мүмкіндіктерін шектеп тастаған. Әрбір үйдің, әулеттің көпбалалы екенін ескерсек, әкеден балаға мирас болып қалуға тиісті жер телімдерінің ұрпақтан-ұрпаққа дейін қысқарып, азаятыны да түсінікті. Оның үстіне ауылшаруашылық технологиялардың жылдан-жылға дамып келе жатқанын ескеру де қажет. Бұрындары ондаған-жүздеген адам істейтін жұмыстарды бүгінде бір техника ғана атқара береді. Өйтпесе ауылшаруашылық өнімдері бәсекеге қабілетті бола алмайды, бағасы шарықтап кетеді. Бұл өнімдерді өңдейтін өнеркәсіп түрлері де техникалық дамуды талап етеді. Яғни бүгінде аймақтағы жаңа кәсіп, жаңа өнеркәсіп түрлерін ашу мүмкіндіктері де табиғи-экономикалық шектеулерге тап болып отыр деген сөз. Қанша өнеркәсіп пен жұмыс орындары ашылса да, жұмыссыздардың саны халық өсімі мен миграция арқылы толығып, тіпті артып отыратыны анық.
Осындай жағдайда жаңа аудандардың құрылуы не береді? Шындап келер болсақ, жаңа аудандардың құрылуы да еңбек орнын ашады. Әкімдердің, олардың аппараттарының, аудандық мекемелердің саны артады. Мысалы, Мақтаарал ауданында 360 мың адамға 400-ден астам жергілікті атқару органдарының қызметкері бар екен. Демек, 2300 адамға бір мемқызметкерден келетін. Салыстырамын десеңіз: Қарағанды облысының аудандарында 700 адамға бір шенді, ал Атырау облысында шамамен мың адамға бір шендіден келеді екен. Жаңа аудандардың құрылуы шенді-шекпенділердің санын 3-4 есе өсіреді, адам басына шаққандағы үлесін көбейтеді. Бірақ шенділердің санының артуы жылдар бойы қордаланған мәселелерді түбегейлі тұрғыда шеше ала ма? Рас, биліктің ширақтығы артар, аудандарда болып жатқан көңіл күйді зерттеу, кикілжіңдер мен қақтығыстардың алдын алу мүмкіндіктері артар. Бірақ күн сайын саны өскен қалың ел мен дефицит жердің мәселесін шеше ала ма? Жоқ! Тағы да жоқ!
Шындап келетін болсақ, Мақтаарал, Сарыағаш мәселелері бүгінгі күні аймақтық, облыстық мәселе емес. Бұл ұлттық, мемлекеттік мәселеге айналып кетті. Яғни олардың оңтайлы шешілуі, басты кілті жергілікті жерде емес, Астанаға, Ақорданың жүргізген саясатына тікелей байланысты. Егер болашақта жер дауынан туындаған көптеген жанжалдардың, тіпті (құдай сақтасын) қантөгістердің алдын алғымыз келсе, халқы тығыз отырған оңтүстік аймағынан жастарды халқы босып, жері босап жатқан Арқа облыстарына, әсіресе Қытаймен, Ресеймен шекаралас аймақтарға көптеп көшіру, көшкен жұртты әлеуметтендіріп, орнықтыру жұмыстарын бүгіннен бастап қолға алуға міндеттіміз. Бүгінгі күні үкімет межелеген жоспарлардың барлығын мардымсыз, жігерсіз, құлықсыз деп табуымыз қажет. Және де олардың қазақ қауымына, қоғамына арқа сүйемей жүргізіліп жатқанын, тек бюрократиялық жолдармен іске асып жатқанын баса айтуымыз міндет. «Арқаға көш, Алаш!» ұраны қазақ қолдауына ие болуы, қоғамдық белсенділік арқылы жүзеге асуы керек. Онсыз барлық бағдарламалар бюрократияның ойыншығына, ұрлық-қарлыққа, жемқорлыққа тап болып, түкке керегі жоқ қағазбастылыққа апарады. Бюрократтардың қалайтыны да сол болар: себебі халық, қоғам араласса, ұрлықтың жолдары азаяды. Ал бізге, қарапайым қазаққа, шенділердің қалтасының қампиғаны емес, елдің тыныштығы, жердің тұтастығы, ұлттың бірлігі керек. Олай болса оңтүстіктегі жаңа аудандардың ашылғаны үлкен қадамдардың бірі ғана, біріншісі ғана болуы шарт. Ол қадам тек шенділердің ермегі болмасын дейік. Қазақ қоғамы келесі батыл қадамдарды күтіп отыр.
Айдос САРЫМ, саясаттанушы
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Оңтүстік Қазақстан облысында бес аудан құрылады