17:44, 23 Қараша 2018
Айдос Сұлтанғали: Анамның көзінше ешкімнен жеңілгім келмейтін
Венгрияның Будапешт қаласында күрес түрлерінен Әлем чемпионатында қазақ балуандары үш медаль иеленген еді.
Бір күміс және екі қола. Солардың бірі қызылордалық спортшы – Айдос СҰЛТАНҒАЛИ. Боз кілемде шеберлігін танытып, жанкүйерлерін қуанта білген азаматпен «Жас Алаш» сайтының өңірдегі тілшісі сұхбаттасқан еді.-Айдос, жеңісін құтты болсын. Бұл жағымды жаңалық тек қызылордалықтарды ғана емес, бүкіл қазақстандықтарды ерекше қуантты. Осы ретте өзіңді оқырмандарға жақынырақ таныстырсаң. Спортқа қалай келдің? Кім себепкер болды? -Үлкен рақмет. Негізінен мен 1996 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келгенмін. Грек-рим күресімен екінші сыныпта оқып жүрген кезімнен айналысып келемін. Спорт залға екі досыма еріп келдім. Спортқа келуіме осы екі досым себепкер болды. Маған өте қатты ұнады. Жаттығудан қалмай қатысатын болдым. Кішігірім жарыстарға шығып тұрдық. Кейін «Бәйге» спортына деген қызығушылығым оянды. Достарыма еріп, атпен шапқан ұнайтын болды. Осы кезде әкемнің шешімімен, Петропавлдағы спортшыларға арналған дарынды балалар мектебіне ауыстым. Сол уақыттан бері күрестен қол үзген емеспін.-Будапеште өткен жарысқа қандай дайындықпен бардың? Өзіңнің нәтижеңе көңілін тола ма?-Әлем чемпионатына үлкен дайындықпен бардық. Жарысқа екі апта қалғанда Белорусияда оқу-жаттығу жиыны өтті. Ол жердің ауа – райы өте керемет болды. Алдағы додаға еш алаңдамай дайындалуға мүмкіндік жасалды. Арнайы кестеге сәйкес жаттығу жасадық. Негізінен 60 келі салмақта өнер көрсеттім. Бірінші украина спортшысымен белдесіп, оны 6-1 есебімен жеңдім. Кейін Жапониядан келген балуаннан айламды асыра алдым. Қырғызстандық спортшыны жеңсемде, осы балуанмен күрескен кезімде белімді жарақаттап алдым. Сол себептен жартылай финалда ресейлік спортшыға есе жіберіп қойдым. Дегенмен, Солтүстік Кореяның спортшысын жеңіп, қола медаль алдым. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Биыл ересектер арасында Әлем чемпионатында алғаш рет сынға түстім. Нәтижеме көңілім толады. Әрине, бұл көрсеткішті жақсартуға болады. Қазір осы мақсатта еңбек етіп жатырмын. Жалпы, мұндай жарыстар спортшыларға үлкен дем береді. Өзіңнің мүмкіндігінді байқай аласың. Өзге елдерден келген балуандармен танысып, өзара тәжірибе алмасуға болады. Жалпы, Қазақстанда грек-рим күресін дамытуға көп көңіл бөлініп жатыр ғой. Мемлекет тарапынан спортшыларға тиісті жағдайлар жасалынуда. Менің бұл додадағы көрсеткішім, осының дәлелі, жаттықтырушылардың маңдай тері.-Жаттықтырушылар туралы әңгіме қозғадың ғой, спорттағы ұстаздарың туралы айтып кетсең?-Мені күреске деген ең алғаш қызығушылығымды оятқан Ғабиден РАЙЫМБЕК есімді ағайым болды. Ол кісі менен спортшы шығатынына сенді. Сол кісінің үмітін ақтағым келді. Кейін Петропавлда Сералы ВИКТОРҰЛЫ жаттықтырды. Өз ісінің нағыз шебері болатын. Еліміздің ұлттық құрамасының жаттықтырушысы Нұрым ДҮЙСЕНОВКЕ ризамын. Нағыз еңбекқор адам. Ешқашан жалықпайды. Күрестің түрлі тактикасын үйретуге тырысады. Біздің әрбір жеңісімізге баладай қуанады. Жеңілісімізде бізді қолдайды. Осы кісілердің арқасында мен жақсы жетістіктерге жетіп келе жатырмын.-Көп жағдайда спортшылар спорттан кеткеннен кейін, материалдық жағынан қиналып жатады. Дәл қазір күрестен бөлек айналысатын шаруаң бар ма? -Менің мамандығым – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Дәл қазір уақытымның барлығы спортқа кетеді. Ұлттық құраманың мүшесі болған соң қаржылай қиындықтар жоқ десем болады. Бірнеше жерден айлық аламын. Осы мүмкіндігімді пайдаланып, жеке кәсібімді ашқым келеді. Ертеңгі күнгі жағдайымның жақсы болғанын қалаймын. Дұрыс айтасыз, спорттан кеткен көп азаматтар кейін кедергілерге ұшырап жатады. Осы ретте, мен мүмкіндігімді бос жіберіп алмауға тырысамын.-Отбасың спортпен айналысқаныңа қалай қарайды? -Негізінен мен үш қыздың арасындағы жалғыз ұлмын. Ата –анам спортпен кәсіби тұрғыда айналысқан кісілер емес. Дегенмен әке-шешем үлкен қолдау білдіріп отырады. Әсіресе, анам үлкен дем береді. Бала кезімде анамның көзінше жаттығатынмын. Ол кісінің алдында ұятқа қалғым келмейді. Қызылорда және Түркістан қалаларында өткен жарысты тамашалауға жақындарымның келгені есімде. Сол кезде қатты толқыдым. Жеңіліп қалған сәтімді жақындарымның көргенін қаламаймын. Мен үшін ол кісілер ең басты – төреші.-Осы саланы таңдағанына өкінбейсің бе? Спортшы болу қаншалықты қиын? -Өте қиын. Сенің барлық уақытың жаттығу залында өтеді. Бір көрсеткішке жету үшін, жатпай – тұрмай тер төгесің. Барлық спортшылар жеңістен дәмелі болады. Бірақ бап пен бақ қатар шапқанда, әр адамның несібесіне қарай бұйырады. 2 жыл бұрын Францияда жастар арасында Әлем чемпионатына қатысқан болатынмын. Барлық қарсыластарымды жеңіп келе жатып, түрік балуанынан ойсырата жеңілдім. Бұл жеңіліс маған қатты әсер етті. Бір ай бойы сол белдесуім түсіме кіріп жүрді. Кейін өзімді қолға алдым. Спорт өте қиын сала. Дегенмен мен өте бақыттымын. Өзімнің сүйікті ісіммен айналысуға мүмкіндігім бар.-Алдағы жоспар қандай? — Қазір чемпионаттан кейінгі демалыстамын. Күнделікті жаттығуымды жасап жүрмін. Алда Қазақстан чемпионаты бар. Содан кейін Астанадағы жарыс бар.Осы додада олимпиадаға жолдама алуға мүмкіндік беріледі. Осы жарыстарға дайындықты үдетіп, жақсы көрсеткіш көрсетуді мақсат етіп отырмын. Сәтің салса, Олимп тұғырын бағындырғым келеді.-Айдос, мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет! Жеңісті күндеріңіз көп болсын.