Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 08 Маусым 2022

Әйелдердің зейнет жасын төмендету үшін құрбандық күтіп отырмыз ба?

None
None

Еліміздің өзекті мәселелері адам қанымен ғана шешілетін болды. Бұл тіпті үрдіске айналды.

Қоғамымыздың «жан жарасына» айналған мәселелер ушығып, өзегі сыртқа шықса да билік назарын аудармайды. Нәтижесінде ол мәселе бір немесе бірнеше адамның «басын жұтып»,  қоғам наразылығы күшейе бастаған соң ғана үкімет халықтың қаһарынан қорқып әрекет ете бастайтын болды. Халық та, билік те адам қанымен келетін нәтижеге үйреніп алды.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін айта кетсек, 2019 жылдың басында астананың Көктал-1 елді мекенінде көмірмен жылынатын жер үйде өрт шығып, бір отбасының бес қызы көз жұмды. Бұл қайғылы оқиға қоғамда резонанс туғызып, биліктен елдегі көп жылдан бері қордаланған әлеуметтік проблемаларды шешуді талап еткен аналар наразылығына түрткі болды.Бас қаладан басталған көпбалалы әйелдер наразылығы Алматы, Шымкент, Ақтөбе және басқа аймақтарда жалғасты. Аналар наразылығы Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметті отставкаға кетіріп, бес қыздың өлімінен кейін көп қоғам сынына ұшыраған Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованы тағынан тайдырды. Ең бастысы бес қыздың өліміне бір ай толмай жатып көпбалалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңгеден атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Осылайша елімізде көпбалалы отбасыларға жәрдемақы тағайындауға бес қыздың құрбан болуымен қол жетті. Алайда алғашында аналардың қаһарынан қорқып, 2020 жылдың соңына дейін көпбалалы шаңырақтағы әр балаға 21 мың теңге төлеп келген билік, кейін аналардың «ашуы басылды» ау деген мезетте билік басындағылар «елде үкіметке қол жаятындар» көбейіп кеткенін, «масылдық артып бара жатқанын» айта келіп, ақыры жәрдемақы көлемін бала басына он мың теңгедей көлемге түсірді. Осыған дейін ол да болмағандықтан, халық балалардың киіміне тартса тамағына жетпейтін сол болмашы жәрдемақыны қанағат тұтып келеді. Бастысы балалар өлімінің өтеуімен жәрдемақы жүйесін қалыптастыра алдық.

«Қаңтар қырғынының» да басы қымбатшылыққа наразылық танытумен басталған болатын. Қымбатшылықтан әлеуметтік жағдайы нашарлаған халық, еріксіз көшеге шығып, билікке талап қойды. Соңы ресми дерек бойынша 238 адамның қаза болуымен аяқталды. Қаңтар қырғынынан соң «Жаңа Қазақстан» құрылатыны айтылып, талай мәселенің шеті ашылғанымен шын мәнінде, бұл біз үшін өте қымбатқа түсті. Өйткені жүздеген жанның қаны төгілді, еш күнәсіз, қымбатшылық түгілі, әлі есін білмейтін періште сәбилер опат болды.  «Жаңа Қазақстан» құрармыз немесе құрмаспыз, бірақ көшедегі қаңғыған оқ тиген, наразылық шеруі түгілі сол күнгі оқиғалардан еш хабарсыз өз шаруасымен жүріп қаза тапқан қарапайым халық алдында ешкім де, ешқашан ақтала алмасы анық. Періште сәбиді жұтып, қол жеткізген «Жаңа Қазақстанымыздың» бұдан соң қадірі бар ма тіпті. Бір анығы дәл қазір билік әдетінше «адам қанын» ақтау үшін жанталасып бір әрекеттер жасауда. Тағы да қаннан соң нәтиже боларына үміт артып халық соңын күтіп отыр...

Еліміздегі тағы бір өзекті мәселе жыл сайын қайталанатын сарбаздар өлімі еді. Армия барып ажал құшқан барлық сарбазды тізіп, жылап тұрған жанымызды одан ары күңіретпей-ақ қояйық. Бірақ әскерге сау барып, сосын есінен айырылып, одан қалды табытпен оралып жатқан сарбаздар қатары биылдың өзінде айтарлықтай болды. Қаза тапқан сарбаздардың жақыны қанша дабыл қақса да селт еткен ешкім болмады. Тіпті  ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов та халық алдына шығып, алаңкөңіл халыққа басу айтпады. Ал айдың күннің аманында бір айда бірнеше рет тіркеліп жатқан сарбаздар өлімі халықты алаңдатып отыр. Отан қорғамақ түгілі, сарбаздарын сақтай алмай отырған министрден не үміт, не қайыр?!

Кеше ғана 4 маусымда Маңғыстау облысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне қарасты әскери бөлімде әскери борышын өтеп жүрген Түркістан облысы Сарыағаш қаласының тұрғыны 19 жастағы Еділ Тешебаевтың асылып қалуынан соң, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев армиядағы жиілеп кеткен адам өліміне қатысты арнайы комиссия құруды тапсырды. «Мемлекет басшысы осындай келеңсіздіктердің себебін тергеп-тексеру, әскери қызметшілер арасындағы заңсыздықтарды жою және келешекте әскердегі мұндай теріс іс-әрекеттерді болдырмау үшін өзінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовтің басшылығымен арнайы комиссия құруды тапсырды. Осындай жағдайға жол берген офицерлер жазаланатын болады» дейді Ақорда таратқан ақпарат. Мейлі ғой жыл басынан бергі бұл бірінші сарбаз өлімі емес. Осыған дейін де бірнешеуі түрлі себеппен қайтыс болды. Қоғам болып шуласа да үкімет селт етпеді.  Әйтпесе әскердегі әлімжеттік, үздіксіз үйлерінен ақша сұрау мәселесінің қозғалғанына көп болды. Бірақ Қорғаныс министрлігі де, мемлекет басшысы да, тіпті «саққұлақ» үкімет те халықтың зарын естімеді. Егер ертерек әрекет жасағанда бұл сарбаз өлімі тіркелмес пе еді?! Әйтеуір осыған дейінгі өлім аздық етті ме, президент де басқасы да енді қозғала бастады. Яғни кейбір өзекті мәселелердің алдын алу үшін бір өлім аздық етеді. Сарбаз өлімін тоқтату үшін де, мәселенің шешілуі үшін де бірнеше сарбаз құрбан болуын қоғам болып күттік. Сең қозғалды әйтеуір. Қоғамымыздың әр мәселесін шешу үшін қазағым құрбан болып жатыр. Билігі халқына жаны ашымайтын елдің мәселесін Құдай халқын құрбан ету арқылы билікке ұқтырып жатқандай. Оны ұғатын үкімет қайда...

Қоғамды алаңдатып, әлсін-әлсін көтеріліп жүрген мәселенің бірі –әйелдердің зейнет жасының ұзаруы болып тұр. Талай рет «Үкіметте қаралып жатыр», «Парламенттің талқылауында» деп алдаусыратқанмен мәселе шешілер емес. Кәрі сүйегін сүйреткен аналарымызға алпысты маңайлайтындай жағдай жасамай отырсақ та, зейнет жасын созып қойдық. Ал енді бұл мәселенің шешілуі үшін үкімет кімнің құрбан болуын күтіп отырғаны белгісіз. Бір анығы дәл қазір халқымыз үшін бұл мәселе өзекті болып отыр. Қанмен ғана саудаласуға кімет те төселіп алды, халық та құрбандыққа еті үйреніп барады. Арты қайыр болғай тек...

Тегтер: