Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:35, 21 Қараша 2018

Айнұр ӘЛТАЕВА. Тағдыр

ТАҒДЫРәңгімеЖаздың басы. Түні бойы бір ой мазалап, дөңбекшіп көз ілмеген Қарлығаш күндегіден ерте тұрып алды.
Күнделікті таңғы тіршілігін жасап, қос білегін  сыбанып Үйге кірген Қарлығаш ойға шомған күйде табалдырықтан аттай сала отыра кетті.Қарлығаш  Жамалдың  тұла бойы тұңғышы. Жарым жан анасының қолғанаты, артынан ерген бауырының сүйеніші, үйінің берекесі үшін қам жасайтын ер мінезді қыз. Жамал өзіне қатысы жоқ әңгімеге араласпайтын нағыз бейнеттің адамы болатын. Отағасынан ерте  айырылған Жамалдың көңіл жұбанышы, жанына демеу осы қос перзенті еді.Балалықтың дәмін шала сезген Қарлығаш ерте есейіп, өмірдің ащы тұщысына еті үйреніп алды. Тып-тыныш ауыл тіршілігімен біте қайнасып, еңбекке ерте араласты.Ол орындықта тоңып қалжыраған күйде отыра  берді.Түпкі үйден терезеге  телміріп   қарап отырған  Жамал темір арбасын қолымен сырғыта  итеріп, Қарлығашының қасына келді. Ып-ыстық алақанымен маңдайын жылытып, күлімдеген жылы жүзімен: — Қарлығашым ...қолғанатым  менің, маған сендей  ақылды, қамқоршы бір түйір қызды  сыйға тартқан  Жаратқанға мың шүкір, — деп еміренді де буырқанып қайнап, шуылдап жатқан шәйнекке қарай бет алып, бар қауқарымен шәйнекті алып дастархан  үстіне  қойды да: — Ақ моншағым, қоңыр қозым келіңдер деп,-дастархан басына дауыстап шақырды. — Анашым, неге әуре болдыңыз, мен бармын ғой, көзім  ілініп кетіпті ғой, — деп ұйқысын бір сілкініп ашып алды. — Құлыным ай, саған масыл болғанан басқа пайдам жоқ, ең құрмағанда шәйіңді қайнатып беруге қауқарым жетеді ғой, -деген Жамалдың әлсіз үні үзік-үзік шықты.Апатайым-ау, олай демеңізші сенің қарайып отырғаныңнан асқан бақыт жоқ қой бізге, сенің берген қара шәйің, мына біз үшін балдай  ғой,- деп Қарлығаш анасын қылғындыра құшақтап алып, анасының әжім басқан бетінен қайта қайта сүйе берді.Қарлығаш бар демін ішіне бір тартып күрсінді де бірдеңе айтатындай кейіппен қарама қарсы отырған анасымен бауырына қарап, отырған орнынан бір қозғалып, дыбыс шығарып: — Апатай мен ойланып толғанып бір шешімге келдім. Қанаттың кезекті ем домына қаржы жинау керек, сол үшін қалаға барып күректеп таппасамда, аяққа тұруға қамданып жұмыс істесем қайтеді. Қазір қол қусырып отыратын заман емес. — Ботам-ау сол қалада не қыласың, осы күнімізге де шүкір.Басымыз аман болсын, сендер аяққа тұрып өз қолдарың өз ауыздарыңа жеткенде  сол қалаға көшіп, бізде ел қатарлы өмір сүретін боламыз. Бірақ әзірше осы шаңырақтың отын өшірмей, шыдай тұрайық.Оған дейін тұрмыста түзеледі. — Ой, анашым-ау, мен жай күзге дейін ғана жұмыс істеймін ғой.Бұл ауылда не бар дейсіз, ал қалада, қалада… — Білмеймін-ау ботақаным, қалада ұрып кетті, соғып кетіпті деген суық хабарды күнде көріп, естіп отырмыз… Менің көз қуанышым тек екеуің ғана, сендерді қанаттыға қақтырмай тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп жеткізу менің аналық парызым ,- деп Жамалдың көңілі босансыды.Оның көп бейнет пен қайғы көтерген әлсіз жүрегінде қорқыныш пен балаларынан айырылып қаламба деген үрейлі ой көмейінде сайрап тұратын.Сөйтіп Қарлығаш анасын көндіріп жаз басталысымен қалаға аттанды.Темір жол вокзалына пойыз келіп тоқтады.Ауылдан бірінші рет ұзаққа шығып тұрған Қарлығаш жан-жағына қарап аң-таң болып тұрып қалды.Үйінен жыраққа кеткен жас қыз вокзал ішінде бір-бірімен соқтығысқан адамдар арасынан суырылып шығып, алға қарай беттей берді. Бірі келіп қуанып, бірі кетіп мұңайтып жатқан сан түрлі тағдырлар, қауышып не қоштасып жатқан бейтаныс адамдардың өмірінің бір сәті осы вокзалда көрініс тапқандай. Ешкімді танымайтын бөтен ортаға тез бейімделу Қарлығаш үшін ересек өмірге ең алғашқы қадамы болатын.Вокзал маңындағы хабарландыру маңдайшасында «жалға үй беремін, бөлме беремін» деген жазулардан ине шаншар бос орын қалмаған. Қарлығаш аяғын баяу басып жақындай түсті,қасына жақындаған сайын ентелеген адамдардың қозғалысы, балға қонған арадай ызыңдап тұр.Пәтір іздеп теңселгендердің көбі  өрімдей жастар екен.Сол көптің ортасына Қарлығашта еніп, жатаханадан бір бөлме алды.Сөйтіп қарбаласқа толған қала өміріне Қарлығашта кірісе бастады.Қаланың тыныс тіршілігін көріп жатырқағанын білдіртпей белін бекем буып, еті тірі қала тұрғындарындай күйбең тіршілікке сіңіп кетті.Көше бойында қатар тізілген дүңгіршектердің біріне барып дүкенші болып жқмысқа орналасты.Күндер зулап өтіп жатты бір күннің бір күнен айырмашылығы, болмай күнделікті өмір қайталанып жатты.Бірақ бұл уақытша ғана болатын…Күнделікті табысын жырымдап жұмсап, жұмысын тыңғылықты атқарып, еңбегінің лайықты бағаланғанын, ең алғашқы табысын қолына алғанда сезген болатын.Қарлығаш  жас аңқау жүрегі бұл қиындықтың көпке созылмайтынын ойлап қажымас қайратын бойына жинайтын.Алайда тағдырдың тосыннан келетін сынағы бұл қызды да айналып өтпеді.Жаздың соңы таяп қалған уақыт болатын. Таң ата ерте оянған Қарлығаш күнде қайталанатын жұмысына асығып барды.Бірақ бұл күн күндегіден басқаша болатынын білмеді.Күндегідей сауда болмаған соң кеш бата Қарлығаш сәл кідіріп қалды себебі, бүгін оның ең соңғы жұмыс күні болатын.Жұмысы аяқталсада кетуге асықпады.Кенет есік ашылып аздап ащы суға тойып алған жас  жігіт кіріп келді.Ойында еш арам ойы жоқ қыз ағалап сұрағанын беріп қолымен енді шотты қаға бастағаны сол еді… түрі келіспеген жігіт қолындағы жалаңдаған суық қаруын қыздың моншағын үзіп жіберіп, тамағына тіреді.Дір –дір еткен даусымен: — Аға, аға деп ышқынған Қарлығаштың үрейден аузына сөз келмей, көз жасы тоқтаусыз жерге күмп етіп тама берді. — Не бар бәрін шығар,- деп долдана сілкінген ұры, одан сайын ентелей түсті. — Аға, сіздің де қарындасыңыз бар шығар.., -деп дір-дір етіп қыз жарты сөзін ішіне жұтып, ұрының бетін қайтармақ болса да еңбегі еш болды. Көзі қызарып кеткен бұл жігіт бар ақшаны қалтасына басып тайып тұрды.Оның ішінде Қарлығаштың осы күнге дейін жинаған тергені де бар еді.Көзі қызарып, ақша құлқынын тескен бұл жігіт Асқар болатын .Әке шешесі маңдайынан шертпей еркелетіп  өсірген  ұлының қанды қол қарақшы боларын сезбегенде шығар.Бұл оның қолындағы барын құмар ойынға салып, күнделікті арам ақшаға мастанып келе жатқан сәті болатын.Оңай жолмен ақша тауып үйренген ол, сол күніде оңай олжа тапқысы келіп осы қадамға барды.Дүкен іші тып-тыныш.Қарлығаш дүкен сөресінде тұрған заттардай мелшиіп тұрып қалды.Кенет  қыз жерге сылқ етіп құлады. Жел тұрып қала көшесін шаң басты, әрі бері өтіп бара жатқан адамдар қарасы көбейді, әркім өз тіршілігімен әуре болып жүр.Салқын жел дүкен ішіне кіріп, жерде жатқын  қыздың тұла бойын суыта бастады. Көз жанарына  толған ащы жасын жел сырғытып, анасының бейнесі мен бауыры Қанаттың үміт толы көздері көмескі тартып, алыстан сағым болып көрінді. Бұл салқынды ол  ары қарай сезбеді.Себебі Қарлығаштың, соңғы демі де осы жерді үзіліп, соңғы үміті де желмен бірге ұшқан болатын.Тіршілік атаулы тоқтап қалғандай тыныштық жайлаған дүкенге адымын санап басып бейқам қадаммен ілгері басып егде тартқан ер адам кіріп келді де жанталаса қыздың жанына барып.Әй,қарағым-ау, көзіңді аш, бұұл… бұл… не болды өзі деп қол аяғы дірілдеп сөзін жұтып қойып, далаға шығып, жым –жырт болып кеш батқанда тыныштық орнаған көшені басына көтеріп, көмек шақырды.Ол күнде осы дүкенге келіп, күнделікті тапқын напақасына азын аулық сауда жасайтын таксист Берік болатын.Абыр сабыр  болған дүкен ішінде көріністі көруге асыққан  кісі аяғы толастар емес.Берік жылы жүзді, қара көз қыздың енді  «ағалап» сауда жасамайтынын ойлап, қазақтың  бір қызғалдағының көз алдында ерте солғанына қарап шыдап тұра алмай, бала сияқты солқылдап жылай берді.Жақын танымасада күнде кеш ауа осы дүкенде сыңғырлаған нәзік үнімен адамға мейірім уялатып, амандық сұрап иіліп тұратын Қарлығашты осындай кейіпте көретінін білмеген еді.Ол дірілдеген қолдарымен үзілген ақ моншақтарды жинай бастады.***Жаз соңы, тымырсық тартқан тамыз айы. Жүйіткіген пойыз станцияға келіп тоқтады.Аппақ сақалы тарам тарам қарт кісі, көз алмай, бар зейінімен оқып отырған кітабына белгілеп, бетін жай ғана жауып қойды.Орнынан тұрып көзілдірігін кітап бетіне қойып, баяу сабырлы  жүрісімен далаға шықты.Таза ауа жұтып терең тыныстаған ақсақалдың жүзінде қарттық тұрғанымен  ширақтық байқалады. Бірі мініп бірі түсіп жанталасып жатқан жолаушылар арасынан сабырлы, салмақты жүрісімен пойызға қайта мінді.Орнына жайғаса бергені сол еді, жас қара торы жігіт кіріп келіп: — Ассалаумағалейкум, — деп үлкен кісіге илтипатпен сәлемін берді.Бойынан қарапайымдылық пен қазақылық байқалған жігітке қарт марқая қарап — Уағаликумассалам, үлкен азамат бол деп күлімсіреп қолын алды. Қаланың қым қуыт тіршілігінде адамдар арасында сәлем беру қалып бара жатқан дағдыға  айналсада, бейтаныс боз баланың амандық сұрағаны оның ішін жылытып жіберді.Қарт көңілі ауып жас жігітті жанына жақын тартып, жөн сұрасты.Жас жігіт ақсақалға жөнін айтып, ыстық шәй әкеліп, әңгімелері жарасып-ақ кетті. — Ата өзіңіз қалада тұрасыз ба? — Иә балам,қала тұрғынымын. — Жастығымның барлық сәтін осы қалада өткіздім, алғаш еңбек жолын осы қалада бастадым,өмірлік жарымды осында жолықтырып отбасын құрдым… — Мен секілді уақытша қонақ емес, осында тұрақтанған қазақ екенсіз ғой,- деп күлімсіреген жігіт, бой-бойлап кеткен терін бір сүртті. — Дегенімен, қалада тұрған аты болмаса,қашанда қаймана қазақтың кіндігі ауылда байланған ғой.Мен де сен секілді айдарынан жел есіп, ауылдың құмына аунап өскен қара домалақ баласы едім.Есейіп, бұғанамды бекіген шағымда осы қалаға келіп оқыдым, кейін бұл шаһарға да үйренісіп, тұрақтадым.Қазір балаларымның барлығы қалада тұрады.Жастай етімнің тірісінде жұмыс істеп тырбаңдап жүріп, қарттықтың қалай келгенін білмейде қалыппын ғой,- деп қарт көңілі құлазып, күрсінді. — Ата, сіз нағыз бақытты жансыз.Қалаға қорықпай келіп, еңбек еттіңіз, енді міне қартайғанда балаларыңызда осы қала тұрғындарына айналды емес пе? Сіз сол кезде батылдық танытпағанда барлығы басқаша болар ма еді? — Балам, адам баласына бақытты болу үшін қалада не ауылда тұруы шарт емес.Бақыт деген мекен, мезгіл талғамайды.Ол адамның да қалауына бағынбайды, барлығы жаратқанның қалауымен болады. Бала  ақсақалдың айтқанына келіскендей, басын изеді. — Ата, қалада көршілермен ауылдағыдай емін еркін араласу жоқ шығар? — деп жас бала қала тіршілігімен етене танысқысы келіп сұрақты үстін үстін қоя берді. — «Көрші ақысы тәңір ақысы» демекші, сондықтан қала болсын, ауыл болсын көршілермен жақсы мәміледе болу әр мұсылманың парызы болғандықтан көршілермен араласуға ешқандай кедергі жоқ… Көңіл қалап тұрса оған ештеңеде кедергі емес,-деп қарт  орнынан тұрып, сыртқа шығып кетті.Арадан аз уақыт өткенде ақсақал қайта келіп, жай намазын төсеп жіберіп намазын оқуға кірісті.Намазын оқып болып орнына жайғасқан атаға жас жігіт көзін алмай қарап: — Ата сіз намаздың уақыты келгенін қайдан ғана сезіп қойдыңыз?- деп таңданды.Қарт күлімсіреген жүзімен мүдірместен: — Балам, адам баласы өзінің жақсы көрген, сүйген адамымен қауышуға асығады емеспе? Сол сияқты менде  үстіме ең әдемі киімдерімді киіп, намаз уақыты кіргенде дәл солай асығамын,-деп жауап берді.Сәл ғана үнсіздіктен кейін, білмейтіні көп жас бала қартты жанына жақын көріп, әңгімені ары қарай жалғастырғысы келіп, көкейінде тұрған сауалын айтып, шерін тарқатты. — Ата, мен анамның үміт артқан жалғызы едім, әкемді көрген жоқпын, ол кісі бала  кезімізде қайтыс болған екен. Жұрт қалаға  үдере көшіп жатқанда, анам ауылдағы қара шаңырақтың отын өшірмеймін деп ауылда қалып, жастығын бізге арнап, жастай еңбекте еті өлген анам бізді өсіріп жеткізді.Бейнеттен дертке шалдығып, бара-бара асқынып арбаға таңылды,-деп күрсінді де стакандағы суды ішіп, даусының дірілін жасырғысы келді. — Бала күннен анамды қаратып, екі қолын жылы суға малып, қалаға көшіріп әкетем деген менің  арманыма айналды.Сол арманға жету үшін сабағымды жақсы оқып, мектеп бітірдім.Арманымның орындалуы үшін оқуға керек болғандықтан,құжаттарымды тапсыруға қалаға аттандым.Анам мені жібергісі келмесе де, қимастықпен шығарып салды…-  Ана деген бала үшін жанын шүберекке түйіп, күндіз түні тілеуін тілеп жабығатын жалғыз адам ғой, сондықтан ол  қайда жүрсеңде алаңдап байыз таппайды.Оны өзің ата-ана болғанда білесің балам,- деп жігіттің сөзін шорт кесіп, ойын тәмамдады. — Иә ата, мен анашымды түсінемін ол маған жақсы болсын дейді ғой, оның қалаға көшкісі келмейтін үлкен себебі бар.Менің бала кезімде анам дәл сол, мені шығарып салған станциядан әпкемді қам көңілмен шығарып салып еді.Арадан бірнеше ай өткенде, анам екеуміз күиіп алмақшы болып станцияға келіп күттік, бірақ ол келмеді.Анамның етегі жасқа толып,үмітін үзбей күнде сол станцияға барып, телміріп отыратын.Ауылға қаралы хабарлама келгенде ғана, Қарлығаштың  қайта оралмайтынын білдік.Анам сондада өзін алдап станцияға күнде келетін…Сол оқиғадан кейін анам қала десе бойын қорқыныш билеп, жүрегі шайылып қалды.Мен оқуға түстім, ендігі анамды өзіммен бірге қалаға алып кетейн десем анам сол қорқыныштан әлі күнге дейін арыла алмай жүр.Қала  қатыгездік пен қылмыстың ортасы  деген ой оның санасында   қалып қойғандықтан,қалаға көшуге жүрексінеді,-деп әңгімесін аяқтады.Баланың бар шерін тыңдап отырған қарт  балаға қарап: — Балам, анаңның бұл қорқынышы орынды, алайда, сен айтып отырған әпкеңнің тағдыры солай болып тұр ғой.Ол қалаға келмесе де дәм тұзы таусылар еді.Оған қаланың еш қатысы жоқ. Егер де әр адам баласы өз тағдырының хабаршысы болса, барлық адамзат бақытты болар еді ғой.Сәби шыр етіп  дүние есігін ашқанда Алланың қалауымен періштелер  оның маңдайына тағдырын жазады, тал бесіктен жер бесікке жеткенге дейін сол тағдырдан асып ешкім ешқайда бара алмайды. Жердің қай шетінде жүрседе  ажалдың  ащы дәмін  әр  бір жан  и есі  татады. «Жазымыштан озымыш жоқ» деген осыдан қалған-ау, сірә деп ақсақал салмақты ойын аяқтағаны сол еді, пойыз  кезекті станцияға келіп тоқтады.Пойыздан жүзі қуанышқа толы жас жігіт түсті де, жан жағына көзін жүгіртіп өтті, барлығы өзгерген, тек өзгермеген жалғыз көз қуанышын асыға күткен анасының махаббаты еді. Жан-жағына қарап жалғыз ұлын тосқан ана  тоқтаған пойыз вагондарынан көзін алмай, үздіге қарайлайды. Жүрісін жиілеткен жас жігіт құшағын кең жайып, сағыныштан сарғайып елеңдеген  анаға қарай қадамын басты.Бұл Жамалдың қоңыр қозысы Қанат болатын…Ақылы дария қарт өзі айтып отырған «тағдырдың» осыдан бірнеше жыл бұрын көз алдында  ажал құшқан дүкенші қыздың бауырын алдына  айдап әкелгенін Берік ақсақал да, бозбала  Қанатта сезбеген болатын……Фото: artru.info
Тегтер: