17:47, 10 Қараша 2018
Айнұр Сағиева. Көңілдің кілті

КӨҢІЛДІҢ КІЛТІәңгімеОл бүгін де алаңдаулы. Көңілі алабұртып, тағатсыздана тосып жүр.
Санаулы сағаттарға ғана берілетін жаздың онсыз да қысқа түнін тезірек өткізіп тастап, жұмысқа ертерек келетін болыпты. Терезеге үңіле қарап жол тосып тұр. Жол тосып тұрғаны әріптестер арасында байқалып қалып, ыңғайсыздық тудыра ма деген оймен, «Менің бұным не?» деп ішінен мырс етіп бір күлді. Жасы елуді алқымдағанда жүрегі құрғыр жас кезді есіне түсіріп, бұлқынғандай. Орнына келіп отырды да, күнделікті жұмыс қамына кірісіп кетті.Күйбеңі бітпейтін күнделікті тіршілік, қызметтестердің барлығы жиналды. Кеңседегі компьютерлерінің пернетақталары тақылдап, әркім өз жұмысымен айналысуда. Ішінде ОЛ да бар. Кабинеттің ашық тұрған есігінен дәліздің ар жағындағы қарсы кабинетте отырған ОҒАН ұрлана қарап қояды. Алаңсыз ақ көңіл, өзінің құдай жаратқан тынымсыз еңбекшіл қалпында қобыраған мың қабат қағазға бас сұғып алған. Арлы-берлі ағылған жұртта шаруасы жоқ. Тіпті естімейтін, елемейтін сияқты, БҰНЫ да. ОНЫҢ көңілін аударып, көзіне түскісі келеді. Бірақ қалай?Жігіт ағасы шағында осы бір сиқырлы сезім қайта айналдырғаны ма? Орыс-қазағы аралас қызметтестері «Еркек қырықтан асқан соң қылық шығарады» деп қалжыңдаушы еді. Қалжыңдары шынға ұласқаны ма? Кешігіп барып сол сәттің келгені ме. Бір күн емес, бір ай емес өткінші сезім дейін десе, күн өткен сайын өршіп келе ме, қалай. Ақыл тоқтатып, сезімі сабасына түскен еркек көп нәрсеге еліге бермеуі керек еді, жоқ, мына сыр бөлек.Соңғы жылдардағы өмірі мүлде тыныш, беймаза, бейғам. Уақыт бір орнында тоқтап қалған сияқты. Үйі мен жұмыстың арасындағы қысқа жол. Бір күні бір күнін қайталап, өмірдің біраз белестерін де артқа тастапты. Жас кезінде уақыт жетпейтін. Пәтер жалдай жүріп, жұмыс істеп, өзі аурушаң болған әйелін әуреге салмайын деп, баласын балабақшаға, одан мектепке тасып жүріп… өмірдің бір шуақты сәтінің лезде өтіп кеткенін байқамай да қалыпты. Ауылда өскен бала бұл тіршілікті қалалықтардың қарбалас өмірі деп ұқты. Сөйтсе, ол кезең қалалық тұрғынның қарбаласы емес, адам өмірінің бір қарбалас кезеңі екен де. Әйелі ертерек қайтыс болып, жалғыз баласы өз бақытын тапқан. «Жалғыздық құдайға ғана жарасқан» деген желеумен достары мен туыстары жарасып кете ме деп талай әйелдермен таныстырды. Сыпайылық танытып танысқанымен, үйленбеді. Уақыт өте келе «таныстырулар» да тоқтады.Желкілдеген жігіт шағында да әлдебіреулер сияқты анау-мынау нәрсеге көп көңіл аудармайтын. «Жастықтың тігіп жалауын» деп әндеткен жандарға да ілесе бермейтін. Әйтеуір ерте бастан сезімге селқос еді. Қуанышты да, қайғыны да бірдей көтеретін. Қайғыға берілмейтін, қуанышқа секірмейтін. Осы бір қылығына өзі де таң қалатын.Жүрегінің сыртында жабуы бардай, ешнәрсеге жүрегімен қуанып, қайғырмайтын. Салмақтың бәрі басқа түсетін. Содан да шығар отыздан асқан шағында-ақ басында бір тал қара шаш қалмай ағарып кеткен. Жолдастары «ақылды басқа шаш тұрмайды» деп күлісетін. Иә, міне өмір бойы осы тұйық мінез, томаға сырмен келген жүрекке шық түсті.Бала кезінде таңмен таласа ерте тұрып аулаға шыққанда, жаздың ауасы тұнық салқын таңында көк шөптің басында мөлдіреп шық тұратын. Күн көтерілген сайын жылы шуаққа шағылысып орнынан жылжи түсіп шөп бойын қуалай келе жерге тырс ете түсетін бір тамшы шық БҰНЫҢ да бойынан жүріп өтті. Бар жан-дүниесі дір ете түсті. Басынан бойына қарай жылжи аққан бір тамшы шық жүрегіне тырс етіп тамып, шырт ұйқысынан оятты.Таң алдында алаңдап оянып, ертерек жұмысқа келіп, тағат таппай әлдебіреуді тосатыны да осылай басталды.Сезімсіз көңілді селт еткізіп, жылусыз жүрекке жан бітірген, алыстап кеткен жастықтың жел қайығына салып тербетуге күші жеткен ОЛ қандай әйел...Әйелдік жасап әлдебір қылығымен қытығына да тиген жоқ. Сол бір жанар… мұң тұнған ба, сыр тұнған ба әйтеуір тап-таза. Тұңғиық тереңге тартады да тұрады. Бар сиқыры қос жанарында тұрған шығар, жалт етіп қарағанының өзі жай емес. Мейірімге толы ма, жаны аши қарай ма, әлде, БҰҒАН осылай көріне ме? Саралауға қауқары да жетпеді. Ынтықтыра тартқан қос жанарға қарай бергісі келеді. Тереңінде не жатыр екен? ОЛ туралы бар білетіні: екі баласы бар, балаларының әкесі жол апатынан қайтыс болған деседі. Тағдырына бой ұсынған ОЛ тынымсыз тіршілікпен күн кешіп, екі баласын ел қатарлы оқытып, жеткізіп келеді...Осындай аяулы жанды өмір неге сергелдеңге салып қояды екен? Өмір де өз сынына төзімді, ақылды адамды таңдайтын тәрізді. Ешкімге алакөздене қарап, ешкімнің ешнәрсесіне ортақ болып көрмеген жан сияқты. Бар сырын қос жанары-ақ айтып тұр, жылы жүзі сәл жымиғанда көздерінің айналасын торлаған әжімдері байқалады. Дауыс көтеріп біреумен ұрсысып, не налып отырғанын байқамапты. Өз жұмысы бастан асып жатса да, басқаларға болысып жүргені.Жан-дүниесінің қарапайымдылығы бойынан да байқалады. Кеңседегі әйел заты жас-кәрісіне қарамай киімдері мен әшекейлерін әшкерелеп, бірімен-бірі жарыса өмір сүруде. Бұл ОЛ тобырға қосылған жоқ. Қымбат тонды несиеге алып, соңғы ақшасына тырнағын боятатын, сонымен өздерін «жарқырып тұру» деп түсінетін әйел затынан емес. Киімдері де денесіне қонымды, шап-шағын. Әйтеуір, алтын-күміс әшекейлерін күн сайын ауыстырып тағатындар қатарынан да емес. Мүмкін, Ол да "әйел санасымен" жарқыратын алтын тағып, малынып тон кигісі келетін шығар, кім білсін?Жеткізері жеткізбей, болдырары болдырмай жүруі де мүмкін...Жоқ, өмір қарама-қайшы. Біреудің бір нәрсесін берсе қолынан, бермесе жолынан алып, жұлынып тұрған әйелдердің төрт құбыласы тең келеді. "Өзімде ғана болсын" дейтін ондайлар бар керегін жан-жағына жиып алады. Құдай оларға шектеу жасамайды да, ал жаны таза, абзал жанды неге тағдырдың тезіне салады екен ?БҰНДАЙ адамдар бақытты болуға тиіс қой...Бір күні сәті түсіп жұмыстан бірге қайтқан. Сөзге тартып, тамырын басып көргісі келген. Жо-жоқ, айтар сөзін ұмытып, тұтылды да қалды. Жұмыстан шығып үйіне асыққан қалың нөпірмен бірге аялдамаға да жетіп қойыпты. ОЛ жылы қоштасты да ағылып кеп жатқан автобустың біріне отырып кете барды.Ғашық болып қалғаннан саумын ба, деп іштей ойлайды да, өз ойына күлкісі келеді. Бір орайы келгенде жолдастарынан осы жасында ғашық болу мүмкін ба деп сұрайын десе, сыры ашылып қалатын сияқты. Әрі-сәрі күйде жүргеніне міне алты айдың жүзі болды. Асығып жұмысқа келеді, жайымен ғана жұмысын істеп отырған ОНЫ көреді де аптығы басылады да қалады. Кейде жұмыс бабымен жолсапарға шығып кетсе қайтуға асығады. ОЛ БҰНЫ тосып отырған сияқтанады. Егер ОЛ алыс жолға шығып кетсе тағатсыздана тосып әлегі шығады. Бір кіріп, бір шығады кабинеттен. Есік ашылған сайын сол кіріп келе жатқандай жалтақтай қарайды. Басқа біреу екенін көргеннен кейін көңілі ортайып қалады. Ал ОЛ келгенде балаша қуанады. Қуанады деген жай сипаттау болар, бет әлпетінің сәл жымиғаны болмаса сыртқы әлемге қуанышын жайып салатын мінез БҰНДА жоқ. Ал ішкі жан-дүниесі әлем-тапырақ… өз жүрегінің дүрсілінен өзінің құлағы тұнатындай тарсылдайды. Ойы сан-саққа тарап, күнделікті қалыбынан ажырап қалады. Өз-өзін игере алмай, кеудесін жарып жіберердей атқылаған жүрегінің аптығын басып, жәйлап хәл-жағдай сұрасады. Хәл-жағдай сұрау ұзаққа созылмайтын бірер ғана сәт. Сол сәтте көзімен аймалап, сағынышын басқандай болады. ОЛ — бейхабар. Екі-ақ ауыз сөзбен жауап беріп сараңдық танытады. Көңіл аудармайды да. Әлде, сыр бермей ме. Әйтеуір біртоға, тұйық. ***** Желтоқсан айы болатын. Сары аяз қысып тұр. Күн қысқа. Қараңғы ерте түсетін мезгіл. Жұмыстан шығып аялдамаға бет алғаны сол еді, артынан біреу келе жатқан сияқты. Әр қадам басқаны анық естіліп аяқ астындағы қар сықырлап тез-тез басып жүріп келеді. Белгісіз бір күш мойнын артқа бұрғызды. СОЛ, қолында ауыр сөмке. Ауырсына көтеріп келе жатыр. Тоқтай қалып, қолына жармасты. Аялдамаға дейін жеткізіп салайын деді. Ол келісе кетті. Бүгін көңілді. Әлденеге қуанышты сияқты. Сөйлеп келеді, сөйлеп келеді. Аяқ астынан жолығудың сәті түскеніне бала қуанған БҰНЫҢ құлағы бітіп қалған сияқты. ОНЫҢ бір сөзін де ұққан жоқ. Қалықтап келе жатқан сияқты, жанында келе жатқан жан сары шұнақ аязды ұмыттырып жіберді ме, бойы жылынып сала берді. Аяз да шымшылауын қойды. Өз ойымен арпалысып келе жатып байқамапты. Жұмысқа асыққанда арасы бітіп бермейтін аялдамаға дейінгі жол қысқарып қалған ба, ойын жиып болғанша аялдамадан бір-ақ шықты. Бірінен кейін бірі автобустар келіп жатыр, кетіп жатыр. Асыққан адамдар жылдамдата кіріп-шығып жатыр. — Сөмкеңіз ауыр екен, үйіңізге жеткізіп салайын, — деді тұншыға. — Жо-жоқ, әуре болмай-ақ қойыңыз, өзім-ақ, — деп қолындағы ауыр сөмкеге жармаса жөнелді. Бойындағы бар жігерін жиып: — Ешқандай да әурешілігі жоқ, — деп, ОНЫмен бірге автобусқа кірді.Оның үйіне жеткенше қараңғы түсті. Қаланың қары тазаланған, жол бойындағы шамдары самаладай жарқыраған көшесімен келе жатыр. Аяз бүріп бара жатса да, жол таусылмаса екен деп тілеп келеді. Өз ойымен әлегі шығып келе жатқанда, 5 қабатты сұр үйдің алдына кеп қалғанын да байқамапты. Үнсіз, ОНЫҢ артынан ілесіп келеді.Екінші қабат. Жып-жылы жинақы екі бөлмелі пәтер. Тып-тыныш. — Жоғары шығыңыз, — деп, қонақ бөлмесін нұсқаған ОЛ бөлмелердің шамдарын жағып, теледидар қосты. Тіршіліксіз тыныш үйге жан кірді. Аяғының дыбысы да білінбей жүріп, жатын бөлмеге барып, киімдерін ауыстырып жеңіл халатын киді де, шай қамына кірісті. Осының барлығын көзбен үнсіз бағып отырған БҰНЫ шайға шақырды. Екеуі үстел басына үнсіз жайғасты. Ыстық шай ішіп бойлары жылына бастады ма, аяз сорған ОНЫҢ екі беті албырттана қызарып, құлпырып шыға келді. Мүлде басқа әйел. Жұмыста қимылдарын байқамайды екен, үйінде тіпті ширақ. Үстіндегі гүлді халаты қандай жарасымды. Ыстық шай бойларын ғана емес, көңілдерін де жібіте түскендей. Аз-аздап сөзге тартып, жөн сұрасты. Әңгімелері жалғасын тауып, сөздері қиюласып ашық-жарқын әңгіме басталды. Жатырқайтындай жаңа таныстар емес. Үйінде БҰНЫ тосып отырған ешкім жоқ болса да, ұзақ отыра беруді жөнсіз санап: — Әйелім қайтқалы шүйіркелесіп отырып шай ішуді де ұмыттыппын. Шәугімнің иесі жоқта шайдың да дәмі болмайды екен, — деп сәл ойланып барып, орнынан тұруға ыңғайланды: — Жай болып кетті, Сізді де мазаладым. Шайыңыз сондай дәмді екен, рахмет! — деп орнынан тұрды да, асүйдің ортасына қойылған шағын үстелді айнала беріп, есікке қарай беттеді. — Асығып тұрмасаңыз Сіз теледидар көріңіз, мен тамақ істеп жіберейін, — деп, ОЛ елп етіп орнынан тұрғанда көздері түйісті... Бірақ, БҰЛ теледидар көрген жоқ. Құрылысы кеңес кезінде салынған қалалық үйлердің барлығына тән аядай ғана ас үйден шыққысы жоқ. ОНЫҢ қасынан ұзағасы келмейді. Әңгіме арасында буы бұрқыраған қуырдақ та, салаттар да дайын болды. Сол түні олар ұзақ әңгімелесті. БҰЛ сезімін жасыра алмады.Ол үйден шыққанда түн ортасы болыпты. Шымырлана түскен аяз бетін шымшылады. Ызғарлы суық бойын дір еткізді. Қалай қарай жүрерін білмей есік алдында аңтарылып біраз тұрды. Бақыттан басы айналып, маңайына ұзақ қарады. Осындай қыстың әрі суық, әрі әдемі түнін алғаш рет көргендей, қапалақтап қар жауып тұр. Аппақ дүниеге қызыға қарады.Такси ұстамақ болды да, ол ойынан айнып қалды. Қуаныштан кеудесіне симай тұрған жүрегінің дүрсілін басып біраз жаяу жүрейін деп шешті. Сырын ішіне бүккен қабат-қабат биік үйлердің қара көлеңкелі тар көшесін аралай өтіп, орталық көшеден бырақ шықты. Тынысы ашылғандай терең демалып, тоқтай қалып жан-жағына көз тікті. Мектеп бітіргелі мекені болған қалада ұзақ жылдар тұрып келе жатса да, дәл осы сәт жайлаудағы көлеңкелі сай-саланы қуалай келе биік таудың жоғарғы басына жеткенде жан-жағыңа рахаттана көз тігіп, терең тыныстайтын балалық шағы есіне түсті. Түнгі қаланың осыншалықты керемет екенін бұрын неғып байқамаған. Айналаны жап-жарық етіп тұрған қызылды-жасылды шамдар, жүйткіген көп көлік. Дәл өзінің көңіл-күйіндей ойнақшиды. Көше шамдары әлі жанып тұр, жарыққа шағылысып сан құбылған үлпе қар жерге түсуге асықпайтын сияқты, ауада ақ мамықтай қалықтайды. Басын жоғары көтеріп аспанға қарады. Кірпіктеріне қонған ақша қарлар, көзін аштырмайды. Ай көрінбейді. Ай қайда? Апасының ыңылдап айтатын әні есіне түсті: Ай болмаса аспанда адасады, Көтермесе көңілді кір басады.Жақсылардың кеудесі алтын бесік,Кілт болмаса сандақты кім ашады. Иә. ОЛ кілт тауып алды. Көңілдің кілтін. Фото: b17.ru