АКАДЕМИК Д.С. ЛИХАЧЕВПЕН ТАЙТАЛАС

Баукең сәлемімді алысымен:
– Саған бір маңызды тақырапты айтып бермекпін.
Зейін қойып, сөзімді бөлмей тыңда, – деді әдетінше шегелей ескертіп. – Вера Павловна екеуміз «Москва» қонақ үйінің төменгі қабатында қыр мұрынды, ат жақты академик Дмитрий Сергеевич Лихачевпен кездесіп қалдық. Қасында түр-өңі өзіне ұқсас жұбайы бар. Ашық-жарқын көңілде хал-жай сұрастық.
– Бауыржан, Вера Васильевна екеуіңіз қайда бет алдыңыздар? Бұлай сұрағаным үшін айыпқа бұйырмаңыздар, – деді Дмитрий Сергеевич қызығушылық танытып.
– Бүгін жексенбі ғой, біраз серуендеп қайтпақ едік, – дедім мен.
. – Сіздерді кездестіргенімізге өте қуаныштымыз. Қолға түсе бермейтін, сырттай тілеулес, сәлемі түзу жандарымсыздар. Мына бүйірдегі мейрамханадан дәм татсақ қалай қарайсыздар? – деді Дмитрий Сергеевич қонақжайлық ниет танытып. Біз қарсылық білдіре алмадық. Төртеуміз шеткерірек, оңашалау орынға барып жайғастық.
Дмитрий Сергеевич өз өмірінен біраз сыр шертті. Дауысы әуезді, ойын дәл де жинақы жеткізеді екен. Сөзден сөз туып, мен:
– Жас кезімде ақылды болдым. Кейіннен ақылымды тот басты. Себебі, сөйлескен адамдарымнан ойымды дамытатын сырлас таба алмадым, – деген едім:
– Сіз жас кезіңізде философия факультетінде оқығансыз-ау, – деді Дмитрий Сергеевич менің таза әскери адам екеніме сеніңкіремей. – Сөз құдіретін жақсы білем, филологтарға дәріс оқимын. Мені сіздің Мұхтар Әуезовіңіз мойындаған, – деді.
– Тағы айтарыңыз бар ма?
– Бар. Сіз жоғары білім алғаныңызды жасырып отырсыз. Сіздің әрбір сөйлеген, мысалы, «мен Отанымды ұлы болғаны үшін сүймеймін, өзімдікі болғаны үшін сүйемін» деген тәрізді сөздеріңізді ешкімнен естіген емеспін. Қарапайым адам сізше сөйлей алмайды.
– Мен мектептен соң Ленинградтағы финанс академиясының бір жылдық курсын бітіріп, біраз уақыт банкіде істедім. Содан әскерге алынып, әскери адам болдым. Ешқандай жоғары оқу орнында оқығаным жоқ.
Таңғалатыным, өз мамандығының шебері атанғанымен жұртпен тіл табыса алмайтын талай ғалымды білемін. Өйткені олар өзінің саласынан ғана сауатты, басқа салада соқыр тауық.
Дмитрий Сергеевич, сіздің шығармашылық талантыңызға ешқандай таласым жоқ. Байқауымша, өзіңізді білгір санайды екенсіз. Өзіңізді-өзіңіз білгір санауыңыз – әлі де шығар биігіңізге шықпағаныңызды білдіреді, – деп едім:
– Бірде нөл. Сіз жеңдіңіз, – деді менің сөзімнің астарына бірден түсініп.
– Біздің Жұмағали Саин деген 1941-1945 жылдардағы Отан соғысында партизан болған ақынымыздың:
– Көтере берме өзіңді,
Топта да бар не жүйрік сан.
Ойлап айт айтар сөзіңді,
Өкініш біреу, ой тоқсан, –
деген өлең шумағы бар, – деп жолма-жол аударма жасап беріп едім:
– Сіз мені тағы да жеңдіңіз. Жасырмай айтуыңызды өтінем, сіз қайда білім алдыңыз? Мен «Волоколамск тас жолын» оқығанда-ақ сіздің жоғары оқу орнын бітіргеніңізді бірден сезгенмін, – деді.
– Кешіріңіз, мен сізге ешқандай баға бере алмаймын. Өйткені сіз біздің елімізде ғана емес, жер жүзіне танымал ғұламасыз. Оның үстіне зергер суретші Мұхтар Әуезов мойындады дедіңіз. Мен Мұхтар Омарханұлымен араласқан адаммын. Ойымды ашық айтар болсам, сіз қазір менімен сөйлесіп отырып, екі нәрседен қателестіңіз, – дедім.
Дмитрий Сергеевич шошыңқырап, ақсұр өңі бұрынғысынан да ақсұрланып:
– Не жөнінде қателестім? – деді абыржи, қасқалана түскен кең маңдайын сипап. Академиктің жұбайы:
– Не дейді?! – деп жақтырмай, маған бажырая қарады.
Вера Павловна:
– Бауыржан, сен артық кеттің. Мен білетін бұл кісі ешкімнің алдында ешуақытта қателесіп көрген емес, – деп академиктің ыңғайсыз жағдайда қалғанын жуып-шаймақ болып, маған жаутаңдай қарады.
– Дұрыс айтасың, Вера Павловна. Бұл кісі өзінің деңгейінен төмендеу адаммен сөйлескенде биік тұратын адам, – дедім. – Мамандық саласы бойынша мен бұл кісінің алдында жіп есе алмаймын. Ал өмір құбылысына түсініп, талдау жасағанда мен бұл кісіден қалыспаймын.
– Бауыржан, өтінем, екі қатемді айтыңыз, – деді Дмитрий Сергеевич алабұртқан көңіл күйде жұбайының да, Вера Павловнаның да тақырыпты басқа жаққа аударғысы келгендеріне ырық бермей.
– Көңіліңізге алмайсыз ба?
– Алмаймын, қайта қуанам.
– Біріншіден, сөйлескен адамыңыз шын, әлде өтірік сөйлеп отыр ма, онысын аңғармайды екенсіз. Бұл сіздің адам психологиясын дұрыс зерттеуге әлі де төселмегеніңізді білдірді. Екіншіден, маған нанбай отырсыз. Бұл өтірікші, мақтаншақ адамдардың арасында көп болғаныңыздың жемісі. Мен сізді не үшін алдауым қажет? Егер мен философ, не филолог болсам ғана ойлы, еркін сөйлеуім керек пе? Сөйлегенде философтардан асып кететін, өлең жазғанда кез келген ақынды жолға қалдыратын, шығарған әнімен жұртты тамсантып, таңдай қақтыратын не бір қарапайым жандар, тіпті қаңғыбастар бар.
Дмитрий Сергеевич ғұлама адам ғой.
– Сіздің пікіріңізге толық қосыламын. Талантыңызға таңғалғанымды жасыра алмаймын, – деді сабасына түсіп, күлімсірей.
– Неге таңғалдыңыз? Әлде сіздіңше, тек ақын-жазушылар, оқымыстылар ғана жақсы сөйлеуі тиіс, қалған жандар жалаң сөйлеммен мағынасыз сандырақтай беруі керек пе? Менің ауылымдағы әріп танымайтын кез келген шал-кемпір айтулы шешеніңіздің өзін жолда қалдырады. Ол кісілердің алдында мен жіп есе алмаймын.
– Рас па? – деп Дмитрий Сергеевич Вера Павловнаға таңырқай қарады.
– Рас. Алматыда біраз уақыт өмір сүрдім ғой. Сонда орыс тілінде сөйлегеннің өзінде қазақ әже-апалар шетінен шешен. Ол кісілердің таланты мен өмірге деген түйсік-түсінігі маған тылсым дүниедей сезілетін, – деді Вера Павловна ағынан жарылып.
– Бауыржан, менің еңбектеріммен таныссыз ба?
– Азабы таусылмас ғылым-білімнің егіс алқабында мол өнім жинап, Отанымыздың ғана емес, әлемнің азаматы атанған сіздің еңбектеріңізді оқымау – көзі қарақты оқырманға сын. Мен «Очерки по истории литературных форм литописания Х1-ХҮ1 вв.» деген тақырыпта қорғаған докторлық дисертацияңызды кезінде зерттеп оқығанмын. Петроград университетінде білім алғаныңызды, «контрреволюционер» аталып, 5 жылға сотталғаныңызды, тар қапастағы жинаған тәжірибеңізге сүйеніп, «тар қапас менің екінші, ең басты университетім болды» деп жазғаныңызды да білем. Жақында «История культуры древней Руси» деген кітабыңызды оқыдым.
– Рақмет, Бауыржан. Бала кезіңіздегі алған тәрбиеңіз жөнінде айтыңызшы?
– Мен мақтана алмаймын. Соғыстың, соғыстан да қауіпті кейбір адамдардың кесірінен шығатын шыңыма шыға алмадым. Көлденең кедергі көп болды. Оған ренжімеймін. «Бізді жерге қаратпа. Сені кім тәрбиеледі дегізбе. Біреуге тіл тигізбеу үшін ешкімге ренжімеуің керек», – деп тәрбиелеген әкеме шексіз ризамын.
– Олжас Омарұлының «Аз и Я» кітабы жөнінде қандай пікірдесіз?
– Мен зерттеуші ғалым емеспін. Көп оқырманның бірі ретінде айтарым, жоғары пікірдемін. Сіздің Олжас Омарұлын сынағаныңыз орынсыз. Оған Олжас емес, өткен тарихыңыздың сол кездегі кемшілігі кінәлі. Немене, сізше, орыс князьдары қателеспеуі керек пе? Ол кезде олардың қылыш, найза, жылқы дегенді білмегендері рас қой. Олжастың «Аз и Я-сына» жазған қарсы пікіріңізбен мен ғана емес, кез келген ойшыл, әділетті адамзат баласы келіспейді деген сенімдемін. Князь Игорьдің қазақтармен достық қарым-қатынаста бола тұрып, бейғам жатқан оларды қырып-жойғанын, мал-мүлкін тонағанын сіз «орыс жері» үшін жүргізілген батыл жорық депсіз. Мен оны басқыншы, әділетсіз жорық деп білемін. Кейінгі жорығында княз Игорьдің қазақтардан масқара боп жеңіліп, княздығынан айырылғанын қалай ақтайсыз? Олжас Омарұлы: «Слово о полку Игорове» кітабын алғаш оқыған оқырман өңі қызарады, екінші оқығанда көгереді, кейде ағарып-бозарады» деп дәлелдеп, тек шындықты жазды. Бұл пікіріммен келісесіз бе?
– Келісем. Алғашқы кезде қызбалыққа салыныппын. Бертін келе артық кеткенімді білдім, оны мойындаймын.
– Мойындағаныңыз – ерлік.
– Сіздер жөнінде мағлұматым аздау екен. Мүмкін болса, маған өз халқыңыздың ерекшелігі туралы әңгімелеңізші?
– Сізге түсініктірек болу үшін кезінде көп қиындық көрген, тіпті кейде ішер тамағы да болмаған, сонда да жасу, мұң шағу дегенді білмей ізденген шымкенттік Батыр Өтеп деген тамаша суретшінің туындылары бойынша ой қозғайын. Оның салған суреттері өмірдің үнемі өзгеруде болатынын, бәрі адамның жеке басына байланысты екенін, тек өзіне ғана сеніп, алға, жақсылыққа ұмтылу керектігін, кімде кім шынайы өмір заңдылығымен санаспаса, қиын жағдайға ұшырайтынын алға жаяды. Суреттеріндегі қылыш – имандылық, садақ – ақыл, найза – көкіректің тазалығын білдіреді, бес қару – бес сезімімізді шыңдауымыз қажеттігін есімізге салады. Қазақтың «бес қаруың сай болсын» дегені – бес сезімің сай болсын, дүние – кезек, бәрі қайта айналып келеді дегені.
Біздің ата-бабамыздың салт-дәстүрінде, әдет-ғұрпында ешқандай өтірік жоқ. Өтірік тірі өлік деген сөз. Бізде автомат, пулемет, зеңбірек болған емес. Қазақтың қаруы – ақыл мен иман. Сондықтан біздің өмірімізде рухани даму, сананың дамуы ерекше орын алған. Мұны суретші Батыр Өтеп гүл бейнесі арқылы бейнелеген. Гүл – мәңгілік өмір. Қорқыт атаның ақ қобызы – тіршіліктің оянуын білдіреді. Біз қазір оянып жатырмыз. Суретші салған көгершіндер жердің оянуының хабаршылары. Қыз – Қыдыр, жаңа өмірдің келуінің көрінісі. Төңкеріліп жатқан қазан – қазынамыз, семсер – серт. Біз ата-бабамыздың салт-дәстүрін қайта қалпына келтіруіміз керек. Ол үшін адамдарымыздың ішкі сезімін тазартып, нәпсімен соғысуымыз қажет. Нәпсі – тажал. Нәпсіні имандылық жеңеді. Сонда адамдар дүниеге емес, рухани өмірге ден қояды. Қазақ халқы рухани әлеммен құпия байланысып, қайғы-мұңға берілмеген халық. Біздің барлық ертегіміз де, батырлар жырымыз да, шешендік сөздеріміз де, мақал-мәтелдеріміз де астарлы ойға бай. Олар сол кезгі қоғамдағы адамдардың ішкі жан дүниесінен хабар береді. Ол кездегі адамдарды қараңғы деп келдік қой. Ол қате, қараңғы емес, қайта өте таза, әділ, ақылды болған, біреуге жамандық, қиянат жасамаған.
Батыр Өтептің бір суретінде мысық тышқанды аулап жүргені бейнеленген. Оның қасындағы жолбарыс – ата-бабамыздың батырлық рухы, ақбоз ат – салт-дәстүріміздің, тіліміздің бейнесі.
Таңертең адамдар ұйықтап жатқанда құс сайрап, кім-кімді де рахатқа бөлейді ғой. Суретшінің келесі туындысында сол сәт бейнеленген. Жас жігіттің ту сыртындағы көкке ілініп, сайраған бозторғай – келе жатқан жаңа өмірдің хабаршысы, киіз үйдегі ата-ана, бала көрінісі – қамқоршы болуымызды тілеген бүгінгі өміріміз.
Қазақтың «малымды да ал, жанымды да ал, пейілімді алма» дегені жайдан жай айтылмағанын, дүниеқоңыздық қатыгездікті тудырып, адамгершілікті жоятынын суретші түрлі табиғат құбылысының көрінісі арқылы әйгілей түскен.
Бұған көңіл бөлгенім, ХII ғасырдағы орыс халқы ұсақ княздіктерге бөлініп, бірімен-бірі жауласып, бірін-бірі өлтіріп, берекесіз өмір сүргенін, олардың басын біріктіруді көздеген княз Игорьдің игі талпынысын ұнатқанымнан. Ал қазақ халқы ежелден бауырмал халық болған. Мәдениеттілік жағынан біз ең таза, рухани баймыз, бүгіндері ұмытыла бастаған салт-дәстүрімізді, тілімізді қайта түлетіп, тұғырына қондыра алмай жатқан кезіміздің өзінде де іргетасымыз берік деген ойдамын.
Біреулер икемделуді халқымыздың даналығынан деп ойлайды. Ол өмір сүру тәсілінен қалыптасқан. Оның себебін, тамыры қайда жатқанын зерттеп, түсіну, талдап, дәлдеу керек. Қазақтың үлгі етер озық қасиеттері көп. Ол қасиеттер басқа халықтарда мүлде кездеспеуі де ықтимал. Себебі, олар отырықшы халықтар. Мысалы, біз тамақты киіз, көрпеше үстінде ішкенбіз. Ол біздің мәдениетсіздігімізден емес, өмір сүру тәсілімізден туған шешім. Бір мал жайылымынан, екінші мал жайылымына көшкенімізде стол-мстолды арқалап жүрмейміз. Түйеге, ат арбаға арта салатын киіз, көрпешені алып жүру ыңғайлы.
Киіз қазақты суықтан, ауры-сырқаудан сақтаған. Қыс келісімен үйлеріне сыртынан, ішінен тұтқан, күн ыстығынан, не жаңбырдан қорғану үшін сыртынан, ішінен жапқан. Ол біздің ең жоғарғы мәдениетиетіміздің бірінен саналған.
Қазақтың тамағы да ерекше болған. Түрлі шөппен қоректенген малдың сүтінде де, етінде де витаминнің бәрі бар. Қазақтың дені сау, жаны бай, жомарт, бауырмал болуының себебі содан. «Құдайы қонақпыз» деп келген бейтаныс жандарды да төріне шығарып, тегін тамақтандырып, құрметтеген.
«Слово о полку Игрове» ХІІ ғасырда жазылған. Оны бүгінгі орыстар аударма арқылы ғана оқиды. Демек, сіздің тіліңіз тұрақсыз, керісінше, біздің тіл тұрақты тіл. Сол себепті көне жыр-дастандарымызды немере, шөберелеріміз еркін оқи береді. Бұл ынтымақ-бірлігіміз жарасқан тұтас халық болғанымыздың белгісі.
Ынтымақ-бірлігіміздің берік болу сырын тереңірек түсінуіңіз үшін екі шағын оқиғаны талғам таразыңызға ұсынайын. Арал өңірінде ешкімнен жеңіліп көрмеген Жетес деген керемет шешен бидің жаңадан желігіп шыққан жас би Мырзақұлды қалай тәубаға келтіргенімен танысыңыз.
Мырзақұл жақсы атанып, билік тізгінін қолына ап, ел ішін араламай ма? Ана ауылға, мына ауылға барса да, жұрттың бәрі:
– Шіркін, Жетес қартайып, үйінде шөгіп жатыр. Біздің өңірде одан өтер білгір би, одан өтер шешен бар ма? – деп ауыздарының суы құрып мақтай береді екен. Ол ол ма, шешілмей жатқан дау болса, Жетес биді сүйретпеге сап, не түйенің үйшігіне отырғызып, ауылдарына алып кететін көрінеді. Мұның бәрін Мырзақұл іштей қызғанып, өзінше менен өткен білгір жоқ деп кеудесіне нан пісіп жүріп, бір күні:
— Осы қайда бармайын, қай жиында болмайын, жұрт тек Жетесті мақтай
береді. Мен ол кісіні сынаймын. Сынымнан өтсе ғана мойындаймын, өтпесе, мойындамаймын. Жетес шын білгір, шын дана болса, он жігіттің ішінен мені танып алсын, – деп он жігіт бірдей киініп, жасы тоқсаннан асып, көзі жақсы көрмей, үйінен шыға алмай отырып қалған Жетес шешеннің алдына барыпты. Бұған дейін ол кісі:
– Сізді Мырзақұл менсінбей жүр, – деген алыпқашпа сөзді естіген екен. Он жігіт «ассалаумағаликум» деп сәлем бергенде, Мырзақұлдың қулығын сезе қойып, Жетес шешен:
–Әй, Мырзақұл, сені жұрт қатарынан озып туған деп аяқ-қолыңды жерге тигізбей мақтап жүр еді. Олардың онысы жай сандырақ екен ғой. Қатарың бір сәлем бергенде, сен маған екі сәлем беруің керек еді, – дегенде:
–Ассалаумағаликум, Жетес ата! – деп Мырзақұл орнынан ұшып тұрып, қолын алыпты. Жетес шешен қолын жібермей ұстап отырып:
–Өзің кеп түстің бе қақпанға? – дейді.
–Ой, шіркін-ай, Жетес таудың басындағы кісі екен ғой, біз деген етекте жүрген жай көптің бірі екенбіз, – деп Мырзақұл мойындап, аяғын құшқан екен.
Екінші Семей өңірінде өткен оқиға. Серікбайдың өзінен 7 жас үлкен немере ағасы Кәрібжан адуынды, қатал, өз дегенін орындатқанды қалайтын, Меккеге барып, қажы атанған кісі көрінеді.
Серікбай осы ағасының айтқанынан шықпай, не десе де мақұл дейтін көрінеді. Тек бір рет ауыл арасындағы даулы мәселеде Кәрібжан ағасының бұра тартып бара жатқанын сезе қойып, ес жиғызар әрекетке көшпесе кеш болатынын ескеріп, сөзін бөліп жібереді. Мұндай мінезді күтпеген Кәрібжан ашуға мініп, алақанымен інісінің арқасынан салып қалады. Серікбай орнынан ұшып тұрады.
Үй толы иін тіресіп отырған Керей-Найманның игі жақсылары мына күтпеген тосын қимылдың соңы сойқанға ұласпаса жарады деп шошып кетеді. Серікбай кереге ұшында ілулі тұрған тобылғы сапты қамшыны жұлып ап, ағасы Кәрібжанның қолына ұстата қойып: «Қажы аға-ау, алақаныңызға қатты тиіп жүрер, мені мына қамшымен сабағаныңыз жөн» – дейді. Сонда үй толы игі жақсылар Серікбайдың мына тосын әрекетінен аға сыйлаудың үлгісін көріп, риза боп, ақ баталарын берген екен.
– Керемет өнеге! Бауыржан, халқыңыз туралы тамаша мағлұмат бергеніңіз үшін үлкен рақмет.
– Оқасы жоқ.
Дмитрий Сергеевич қоштасарында:
- Бауыржан, жасымның үлкендігін бедел көрмей сізді дұрыс түсінуге барынша талпынып бақтым. Сіз терең, өте терең адам екенсіз, мен мойындадым, мойындамасқа амалым жоқ, – деді қолымды қайта-қайта құшырлана қысып...