Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:45, 25 Шілде 2023

Әкесі Нұротаннан. Қазығұртта депутат кәсіпкерді соққыға жықты (видео)

None
None

Депутат пен кәсіпкер арасындағы төбелес Қазығұрт ауданындағы Қызылқия ауылында болған.

Ауыл ішіндегі ескі фермаға жергілікті кәсіпкер 150 бас ірі қарасын әкеліпті. Оған маңайындағы тұрғындар наразылық білдіріп, сасық иіске тұншықтық деп әкім мен депутатқа шағымданған. Бұл туралы ktk жазды.

Осы бойынша сөйлеспек болған депутат көшеде көлігіммен келе жатқанда тоқтатып алып, ай-шайға қарамай жұдырық ала жөнелді дейді таяқ жеген Мұстафа Әлжанов.

«Ол алдымен бір көзімнен, кейін екінші көзімнен ұрды. Кейін жағымнан тиген соққыдан есімнен танып қалдым», — дейді Мұстафа Әлжанов.

Ауыр соққыдан қабағы қарс айырылып, мұрны сынған 45 жастағы кәсіпкер ауруханаға барған. Сонда 11 күн емделіп күні кеше шыққан ол полицияға да арызданыпты. Бірақ, жәбірленуші депутаттың жазаланатынына сенбей отыр.

«Ол әкесіне сеніп істеді ғой ол бар нәрсені, әкесі Нұротаннан 2 рет па депутаттыққа түскен ауданда, бандитсымақ. Судмедэкспертқа барып ақшаға сөйлессем көнбей жатыр деп айтып жіберіпті. Болды ғой, ол ақшаны барлық жерге ұсынып жатыр. Егер судмедэксперт не шығарады, жеңіл дейтін болса демек сатып алып қойды», — дейді Мұстафа Әлжанов.

Ал, басы дауға қалған депутат Яссауи Мүслім болса кәсіпкердің малы екі айдан бері ауылды шулатты деп отыр. Тұрғындар өтінген соң ауылдас кәсіпкермен көшеде сөйлеспек болғанда әңгімелері жараспай қалғанын мойындайды. Бірақ, ұрмақ түгілі саусағым да тиген жоқ деп ақталып отыр.

«Ол кісі айтты ауданның прокурорымен сөйлесіп қойғам, қолыңнан келгенін істе деді. Сол арада сөзге келіп, машинадан түсті. Бірбіріміздің жағамыздан ұстастық, мен итеріп жіберіп едім, құлады. Сөйтіп тұрды, қасы жыртылды, екеуміз екі жаққа бұрылдық та кеттік. Ол кісі мен саған көрсетем деді, мейлі оны өзіңіз білесіз дедім. Бетпен бір рет құлады, жаман құлады бірақ», -  Қазығұрт аудандық мәслихаттың депутаты Яссауи Мүслім.

Қазір бұл бойынша аудандық полиция басқармасы «денсаулыққа орташа дәрежелі зиян келтіру» бабымен қылмыстық іс қозғады. Депутаттың ұрғаны дәлелденсе онда 33 жастағы Яссауи Мүслім мандатынан айрылмақ. Бірақ, депутат кәсіпкердің әрекетін  жала жабу дерегімен қарсы арыз жазбақшы.

Тегтер: