Әкім сайлауы. Түркістандықтар алғашқы кандидаттарды біледі
Тағы бір саяси науқанның төбесі көріне бастады. Биыл қанатқақты жоба ретінде аудан әкімдері сайлануы тиіс.
Егер ол сәтті жүзеге асса, 2025 жылдан бастап аудан мен қала әкімдері қызметтеріне тек сайлау арқылы отыратын болады.
Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, Түркістан облысында сайлау өтетін төрт аудан белгіленген. Олар: Шардара, Мақтаарал, Созақ, Бәйдібек аудандары. Әзірге бұл жөнінде ресми мәлімет жарияланған жоқ. Бірақ додаға астыртын әзірлік қызу жүріп жатыр.
Бұған дейін таратылған ресми мәліметтерге қарағанда сайлаудың қашан өтетінін облыс әкімінің ұсынысы бойынша облыстық мәслихат бекітеді. Аудан әкімі болуға кандидаттарды облыс басшысы және саяси партиялар ұсынады. Өзін-өзі ұсынуға да болады. Ол үшін кандидат тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте тұратын сайлаушылардың кемінде бір пайыз қолын жинауы керек.
Әкім сайлауына түсетін адам ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде жарна төлейді. Кандидатқа қойылатын талап онша қатаң емес сияқты. Жасы 25-тен кем болмауы тиіс. Мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесінің болуы міндетті емес. Кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде орташа жылдық штат саны кемінде елу адам болатын орта кәсіпкерлік субъектілерінің, не коммерциялық емес ұйымдардың басшы лауазымдарында екі жыл жұмыс өтілі болса жетіп жатыр. Сайланған әкімнің өкілеттік мерзімі – 4 жыл. Бір адам қатарынан екі реттен артық әкім болып сайлана алмайды. Тағы бір жаңалық, сайланған аудан әкіміне мәслихат депутаттары сенімсіздік білдіре алады. Егер мұндай ұсыныс мәслихат сессиясында басым көпшілік дауыспен қабылданса, депутаттар әкімді атқарып отырған лауазымынан босату жөнінде мәселені өңір басшысының алдына қояды. Яғни бұған дейін мәслихат депутаттары аудан әкіміне бағынышты болса, енді сайланған әкім депутаттардың қас-қабағына қарайды деген сөз (әрине, бұл біздің бергі жақтағы болжамымыз. Шын мәнінде қалай боларын уақыт көрсете жатар).
Түркістан облысында сайлау науқаны осы тамызда басталып кетуі әбден мүмкін. Ел аузында кімдердің әкім болатындығы туралы әңгіме көп. Созақ пен Мақтаарал аудандарының әкімі болуға қазіргі әкімдер Мұхит Тұрысбеков пен Бақыт Асановтың ұсынылатындығы айтылуда. Мұхит Тұрысбеков Созақ ауданының тізгінін былтыр қаңтарда ұстаған. Бақыт Асанов 2018 жылы Мақтаарал ауданы қайта құрылған кезден бері әкім. Ал Бәйдібек пен Шардараға әкім болуға кандидаттар депутаттық корпустан келетін көрінеді. Қысқасы, әлі өтпеген сайлаудың нәтижесі қазірден белгілі.
Жалпы бұл елімізде өтіп жатқан алғашқы әкім сайлауы емес. 2001 жылы тәжірибе ретінде тұңғыш мәрте ауыл әкімдерінің сайлауы өткен. 2007 жылы кезек аудан әкімдеріне келген еді. Бірақ бұл үрдіс жалғаспай қалды? Неге?
Біз осы жөнінде бүгінде зейнеткер, 2001 жылы республикада өткен алғашқы әкім сайлауына қатысып, жеңіске жеткен мақтааралдық Пердеш Есенбековпен тілдескен едік.
— 2001 жылы Қазақстанның әр облысы тәжірибе ретінде екі ауыл әкімінен сайлаған. Оңтүстік Қазақстан облысында сайлау Төле би ауданы Бірінші мамыр ауылдық округінде және Мақтаарал ауданының Үлгілі ауылдық округінде белгіленді. Мен Үлгілі ауылының әкімі болуға кандидат ретінде тіркелдім. Науқан америкалық модель бойынша өтті. Әр ауылда тұрғындардың атынан өкілдік ететін таңдаушылар жасақталды. Жалпы ауылдық округ бойынша 20 таңдаушы шықты. Осыдан кейін олар ауыл әкімі болуға кандидат ретінде тіркелген 5 азаматқа жасырын дауыс берді. 20 таңдаушының 10-ы маған таңдау жасады. Ауыл әкімі болып сайланғаннан кейін Астанада осы науқанның қорытындысы бойынша үлкен жиын өтті. Жиында сөз сөйлеп, өзімнің ұсыныстарымды айттым. Алайда ауыл әкімін сайлау кейін тоқтап қалды», – дейді ол.
Бұрынғы әкімнің айтуынша, Оңтүстіктегі сайлау барысына, азаматтардың еркін таңдау жасауына кері әсер ететін факторлар көп. Соның бірі – рушылдық. Сайлау кезінде руға, атаға бөліну қатты байқалады. Ескі дертті рушылдыққа салынған ауыл ақсақалдары, ел ағалары қоздырады. Бірақ қалай десеңіз де әкімдерді сайлауы ерте ме, кеш пе бәрібір жүзеге асуы тиіс дүние. Бір күдік, бір үміт. Мәселе сайлаудың әділ өткенінде ғой. Ертең тек билік ұсынған кандидаттардың бағы жанып жатса, әкім сайлағаннан кім ұтады, кім ұтылады? Алдағы сары күзде біраз қызық болайын деп тұр.