Әкімдік: Ұшақ апатынан қаза болғандардың саны 14-ке жетті
"Әзірге толық емес ақпарат бойынша ұшақ апатынан 14 адам қаза болды" деп хабарлады Алматы қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Әсет Мақажанов Азаттық тілшісіне.
Оның айтуынша, толық ақпарат сағат 11:00-де Алматы әуежайында болатын брифинг кезінде айтылады.
27 желтоқсан күні таңертең Алматы маңына Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы құлады. Ұшақта 100 адам — 95 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған.
Төтенше жағдай комитеті аты-жөні анықталған апаттан қаза болғандардың тізімін жариялады:
- Николай Астанов 1971 жылы туған;
- Хайдаров Р. 1940 жылы туған;
- Бауыржан Қалиев 1974 жылы туған;
- Базархан Карибаев 1974 жылы туған;
- Марат Мұратбаев 1961 жылы туған;
- Абай Нұрбаев 1982 жылы туған;
- А.Исина
Әкімдік жараланған адамдардың санын айтпады. Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, №4 қалалық клиникалық ауруханаға 19 адам жеткізілген. №1 Алматы облыстық ауруханасына түскен алты адамның бесеуінің жағдайы — ауыр деп хабарлады дәрігерлер таңертең.
Алматы әуежайының хабарлауынша, №2100 рейспен Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан ұшақпен байланыс жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 7:05 кезінде үзілген.
Талғар аудандық полиция басқармасына "Гүлдала елді мекенінің маңына ұшақ құлағаны" туралы ақпарат таңертеңгі сағат 7:30-да түскен. Азаттық тілшілері апат болған аумақты полиция қоршап тастағанын хабарлаған.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Fokker-100 ұшағы "ұшу кезінде биікке көтеріле алмай" екі қабатты тұрғын үйге соғылған. Премьер-министрдің тапсырмасымен үкімет комиссиясы құрылған.