Ақкенженов Қазақстанды қалай жағымсыз кейіпкерге айналдырды?

Қазақстан әлемдегі мұнай экспорттаушы елдер үшін жағымсыз кейіпкерге айналды. Әсіресе Сауд Арабиясы сияқты мұнай алпауыттары Астанаға ашулы. Бұған Қазақстанның ОPЕC+ белгілеген мұнай өндіруге арналған квотаны сақтамауы себеп болып отыр.
Біздің билік ОPЕC+ шартын 2024 жылдың басынан бері сақтамай жүр. Мұның соңы үлкен сауда соғысына ұласып, мұнай бағасы қатты төмендеуі мүмкін. Қара алтын арзандаса, Қазақстан экономикасына ауыр соққы болары белгілі. Демек тәртіп бұзып, сауда соғысына себеп болған «тентек бала» ең алдымен өзі таяқ жейді.
Қазақстан үкіметі былтыр шектен тыс мұнай шығарғанын мойындап, 2025 жылғы қыркүйекке дейін артық өндірілген өнімге өтемақы төлеуге уәде еткен. Сол кездегі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ОPЕC+ міндеттемесін бұлжытпай орындаймын деп бірнеше мәрте мәлімдеме де жасады. Бірақ ол уәдесінде тұра алған жоқ, созбұйдаға салып ұйымды біраз уақыт алдап жүрді де, биыл наурызда қызметінен кетті.
Ал оның орнына келген Ерлан Ақкенженов Сәтқалиевтің түлкібұлаң саясатын да, дипломатияны да қайырып қойып, Астананың түпкі ойын ашыққа шығарды. 23 сәуірде Reuters басылымына сұхбат берген министр Қазақстан мұнай өндіруде ОPЕC+ келісіміне емес, бірінші кезекте елдің ұлттық мүддесіне сай әрекет ететінін айтты. Бұл сөздің астарында ОPЕC+ белгілеген квотаны сақтамаймыз деген ой жатқанын әлем елдері жақсы аңғарды.
Бірақ Ақкенженов күші тасып, халықаралық ұйымды көзге ілмей отырған жоқ. Екі түйенің ортасында қалған шыбынның күйін кешіп отыр. Бір жағынан ОPЕC+ жағадан алып, өндірісті азайтуға қыстайды, екінші жағынан ел мұнайының 70 пайызын шеңгелдеп отырған шетелдік инвесторларға сөзі өтпейді. Қазақстан мұнайының басым көбін «Теңізшевройл», «Қашаған» және «Қарашығанақ» кеніші өндіреді. Олар ұзақ жылға халықаралық консорциумдарға жалға берілген. Консорциумға біздің үкімет тек ұсыныс жасай алады, талап ете алмайды.
Ақкенженов бастаған баға соғысы
Министрдің мәлімдемесі шекарадан шығып, әлемдік ақпарат құралдарында қызу талқыға түсті. Reuters, Bloomberg және Argus қатарлы танымал шетелдік басылымдар «Қазақстан мұнай алпауыттары мен ескі кен орындарының ортасында қалды»; «Сауд Арабиясы Қазақстанның әрекеті үшін баға соғысын бастауы мүмкін»; «Қазақстан ОPЕC+ келісімін бұзды»; «Қазақстандық министр қатаң мәлімдеме жасады. ОPЕC+-те ішкі шиеленіс күшейеді» деген сияқты шулы тақырыппен мақалалар жариялады.
Онсыз да Қазақстанды іштен шыққан жаудай көріп жүрген картель мүшелеріне Ақкенженовтің әңгімесі мүлде ұнаған жоқ. Арабия бастаған мұнай алпауыттары мамыр, маусым айларында өндіріс көлемін арттыруға бел буды. Өзінің не бүлдіргенін кеш түсінген Ақкенженов өз сөзін «Қазақстан халықаралық міндеттерін сақтай отырып, ұлт мүддесіне сай әрекет етеді» деп түзеткен. Бірақ ОPЕC+ өкілдері оның сөзіне сенбей, Астананы «жазалауға» ниеттеніп отырған ниетін аңғартып жатыр.
OPEC+ елдерінің кезекті жиналысы 5 мамырда өтеді. Сол отырыста Қазақстанға қысым күшеймек. Видеоконференцияда маусым айының жоспары жасалады. Бұған дейінгі дерек бойынша, ұйым маусымда мұнай өндірісін тәулігіне 138 мың баррельге арттыратыны белгілі болған, бірақ енді ол ойынан айнып, мамырдағы сияқты тәулігіне 411 мың баррель артық өндіруді жоспарлап отыр. Ұйымға мүше елдер бір уақытта өндіріс көлемін ұлғайтса, мұнай бағасы құлайтыны анық. Картельдің өз ішіндегі дау әлем мұнай нарығына әсер етпей қоймайды. Мысалы, сәуірде америкалық шикі мұнай фьючерстері 3 пайыз арзандап, бір баррелі 62 долларға түсті, ал Brent құны 2 пайыз құлдырап, 66,19 доллар болды.
Қазақстан OPEC + талабын неге орындай алмайды?
ОРЕC+ квотасына сәйкес Қазақстандағы мұнай өндіру көлемі тәулігіне 1,468 миллион баррельден аспауы керек. Бірақ еліміз бұл шектеуді көптен бері бұзып жүр. Мысалы, биыл наурызда еліміз тәулігіне 2,17 миллион баррель мұнай өндірген. Ал ақпанда бұл көрсеткіш тәулігіне 1,77 млн баррель болған. Демек Қазақстан өнімді шектеудің орнына арттырып жатыр деген сөз. Наурызда өндіріс көлемінің жылдам өсуіне «Теңізшевройлдың» жаңа жобасын іске қосқаны әсер етті. Chevron компаниясы бұл жобаға бақандай 48 млрд доллар жұмсаған. Демек ол дәл қазір өндірісті тежеп, пайданы азайта қояды дегенге сену қиын.
Сондай-ақ энергетика министрінің айтуынша, бұрыннан жұмыс істеп тұрған кен орындарын тоқтату мүмкін емес. Егер жұмыс тоқтаса, бәрі қирап, қайта іске қосуға жарамай қалады. «Ескі кен орындарын жабу – өз аяғымызға оқ атумен бірдей» дейді Ақкенженов. Бұл мәселенің бір жағы ғана. Қазақстан дәл қазір өндіріс көлемін қысқартумен құтылмайды. ОPЕC+ бізден 2024 жылдың басынан бері артық өндірген мұнай үшін өтемақы талап етіп отыр. Оның орнын толтыру үшін Қазақстан бірнеше ай бойы тәулігіне 1 миллион баррель ғана мұнай шығаруы тиіс.
Мұнай өндірісін мұнша қысқартсақ, ел экономикасы тоқырауға ұшырап, ұлттық қор мен бюджетке түсетін қаржы қысқарады. Елдің сыртқы саудадағы экспорт көлемінің тең жартысынан астамы мұнайға тиесілі. Демек қара алтын өндірісі мен саудасын тежеуге Астана ешқашан тәуекел ете алмайды.
ОРЕC және ОРЕC+ құрамындағы елдердің көбінің мұнай өнеркәсібі толықтай мемлекет меншігінде. Мысалы, Сауд Арабиясында 100 пайызға жуық мұнайды мемлекет игереді. Олар бір бұйрықпен өндіріс көлемін көбейтіп немесе азайта алады. Ал біздің елде 70 пайыз өнім шетелдік инвесторлар қолында екенін айттық. Олар Ақкенженов түгіл Астанаға да құлақ аспайды. Бірақ бұл жағдайды ескеріп отырған ОPЕC+ жоқ, Қазақстанды қыспаққа алып отыр.
Біздегі 3 ірі кенішке Батыс елдерінің компаниялары иелік етеді. Ал ол елдер үшін ОРЕC – мұнай бағасын қолдан қымбаттатып отырған монополиялық ұйым. Демек біздің инвесторлар ОPЕC+-пен одақтаса алмайды. Егер консорциумдар ұйымды қолдап, өндірісті қысқартса, АҚШ, Ұлыбритания сияқты өз елдерінде картельмен сөз байласып, бағаға әсер етті деген айыпқа ұшырап, монополияға қарсы тергеуге тап болуы мүмкін. Демек Қазақстанның қазіргі жағдайы «былай тартса – өгіз өледі, былай тартса – арба сынады» болып тұр. Осы жерде міндеттемесін орындай алмайтынымыз бар, ұйымға не үшін кірдік деген сұрақ туындайды.
Қазақстан ОPЕC+ құрамынан шыға ма?
Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОPЕC) 1960 жылы қыркүйекте құрылған. Оған Алжир, БАӘ, Венесуэла, Габон, Ирак, Иран, Конго, Кувейт, Ливия, Нигерия, Сауд Арабиясы, Экваториалды Гвинея қатарлы 12 мемлекет мүше. Ал біз сөз етіп отырған ОPЕC+ 2016 жылы қарашада құрылды. Қазақстан, Әзербайжан, Бахрейн, Бруней, Малайзия, Мексика, Оман, Ресей сияқты елдер мүше болып отыр. Ұйымды құруға Ресей бастамашы болғанын ескерсек, ОPЕC+-ке Қазақстан не үшін кіргенін болжауға болатын сияқты.
Әлемдік БАҚ Ақкенженовтің мәлімдемесінен кейін туындауы мүмкін екі түрлі сценарийді болжайды. Біріншісі, Қазақстан квотаны сақтамағаны үшін ұйымнан шығарылады немесе өз еркімен шығады. Екіншісі, Сауд Арабиясын ауыр баға соғысына тәуекел етеді. Эр-Рияд көп мұнай өндіріп, бағаны барынша төмендетуі мүмкін. Тіпті әлем нарығын арзан мұнаймен толтырып тастауға Арабияның өзінің де қауқары жетеді. Сарапшылар бұл ұйым ішіндегі тәртіп бұзушыларға қатаң ескерту болады деп санайды.
ОPЕC+ шартын бұған дейін Алжир, Ирак, БАӘ және Ресей бұзған. Бірақ Қазақстанға келгенде жағдай күрделі болып тұр. Астана ОPЕC+ міндеттемесін мүлде орындай алмайтынын жаздық. Орындай алмаса, не болатынын да айтып отырмыз. Енді соның салдарын және «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» мәселені шешу жолын қарастырып көрейік.
Қазақстан ұйымнан шықса, ОPЕC+ ішіндегі араздық ушығып, мұнай бағасы күрт төмендеуі мүмкін. Сауд Арабиясы 2014 жылы бағаны құлату арқылы АҚШ-тың сланецтік мұнайына соққы берген. Қазір де нарықты арзан мұнайға толтырамын деп сес көрсетіп отыр. Ал мұнай бағасының төмендеуі қазіргі бюджет тапшылығы кезінде Қазақстанға өте ауыр соққы болмақ. Одан да маңыздысы, мұндай қадам елдің сыртқы имиджіне кері әсер етіп, инвестициялық климатты нашарлатады. Қазақстан ОPЕC+ шартын мойындамай, өз бетінше шешім қабылдаса, Chevron, ExxonMobil сияқты шетелдік инвесторлардың біздің елге деген сеніміне селкеу түсуі мүмкін. Сондай-ақ елге геосаяси оқшаулану қаупі төнеді. ОPЕC+ экономикалық қана емес, саяси платформа. Бұл ұйымнан шығу – Қазақстанды Парсы шығанағындағы елдерден алыстатады. Қазіргі күрделі геосаяси кезеңде мұндай тәуекелге барудың қажеті шамалы.
Демек Қазақстан картальден шығуға асықпағаны жөн. ОPЕC+ квотасын орындауға Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз кеніші кедергі болып отырғанын айттық. Ендеше, картель мүшелерімен компромиске келіп, осы 3 кеніш өндірген өнімді квотадан тыс көрсетуге келісе алсақ, қалғаны оңайға соғар еді. Ақкенженовтің ұлттық мүддені басты орынға қоямын дегені орынды. Бірақ ол көз алдағы шешімді ғана ойлап, алыс болашақты естен шығаруға болмайтынын да ескергені жөн. Су жаңа министр аяғын аңдып баспаса, елімізді экономикалық және геосаяси тұрғыда тығырыққа тіреуі мүмкін...

«Ұйымнан формальды түрде шыға қоймайтын шығармыз, ал іс жүзінде әлдеқашан шығып кеттік, өйткені квотаны сақтамамай отырмыз. Қазақстан OPEC+-тің квота шартын бірінші рет бұзған ел ретінде жиі аталып жүр. Ұйым шартын неге орындай алмай отырмыз? Өйткені бізде жеке компаниялар мұнай өндіреді, оларға шектеу енгізу қиын. Біз тек мұнай тасымалдайтын құбырдың өткізу қабілетін реттей аламыз, бірақ бұл мемлекет кірісін азайтады, бұлай істеу бізге тиімсіз.
Кейінгі 10 жылда мұнай бағасы жоғары болды. Бірақ мұнай дәуірі аяқталып келе жатқанын көріп отырмыз, сондықтан баға жоғары кезде барынша көп мұнай өндіргеніміз жөн. Егер мұнай қымбат кезде түскен табысты норвегиялықтар сияқты ұлттық қорға салып, келер ұрпаққа қалдырсақ, керемет болар еді. Өкінішке қарай, біздің билікте олай ұзақты ойлайтын басшылар болған жоқ. Барлық табыс жұмсалып кетті. Қазір мұнай арзандап жатыр, мұнай қымбат болатын кезең өтті деп ойлаймын.
Стратегиялық тұрғыдан алғанда, мұнай өнімдерінің ең ірі тұтынушысы көлік құралы екені белгілі. Бірақ бұл сала электр энергиясына ауысып жатыр. Энергетика саласы да мұнай өнімдерінен бас тартты. Қазір мұнай химиясы, ұшақ, теңіз кемесі ғана қалды. Бірақ кемелер сутегіне ауысуы мүмкін. Сонда ұшақ қана қалды, бірақ бұл нарық үлкен емес. Демек мұнай бағасы төмендей береді. Нарықта ең арзан мұнай ғана қалады, ал арзан өнім Араб елдерінде жеткілікті. Егер мемлекетті көбірек табыс табуға күш салып жатқан компания деп есептесек, мұнайды барынша көп өндіру керек болады. Демек бізге OPEC+-тен шыққан тиімді», - дейді энергетика сарапшысы Әсет Наурызбаев.
Қуаныш Қаппас