Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:30

Йемен астанасында әуе шабуылынан 12 адам қаза тапты

Йемен әуе соққысы
Фото: Khaled Abdullah/REUTERS

Йемендегі қарулы қақтығыстар ушығып барады. 20 сәуір күні Сана қаласындағы жасалған әуе шабуылынан кемінде 12 бейбіт тұрғын қаза тапты, 30-дан астамы жараланды.

 Бұл туралы хуситтер бақылауындағы Йемен Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Йемен астанасы Санада 20 сәуір күні таңертең әуе шабуылы тіркелді. Al-Masirah хуситтік телеарнасының хабарлауынша, екі соққы қаладағы сауда алаңдарының біріне тиген. Әзірге шабуылды кім жүзеге асырғаны ресми расталмағанымен, күдік АҚШ Қарулы күштеріне бағытталып жатыр.

 Бұдан бөлек,
– Қызыл теңіздегі Камаран аралында нысандарға бірнеше соққы жасалды;
– Сананың шығысындағы аймақтарға үш шабуыл тіркелген.

АҚШ әзірге бұл соққыларға қатысы барын ресми түрде мойындаған жоқ.

 Рас-Иса портына жасалған соққы

20 сәуірдегі оқиғаға дейін, 18 сәуірге қараған түні CENTCOM (АҚШ Орталық қолбасшылығы) Йеменнің солтүстік-батысындағы Рас-Иса мұнай портына әуе шабуылы жасағанын мәлімдеді. АҚШ бұл порттың хуситтер тарапынан отын саудасы арқылы әскери операцияларды қаржыландыруға пайдаланылып отырғанын айтып, шабуылды ақтауға тырысты.

"Бұл отын – Йемен халқына арналуы тиіс. Хуситтер оны билікті ұстап тұру, әскери операциялар мен заңсыз табыс көзі ретінде пайдаланып отыр", – делінген CENTCOM мәлімдемесінде.

Ал хуситтік дереккөздер бұл шабуылдан 58 адам қаза тауып, 126 адам жараланғанын хабарлады.

Хуситтердің әрекеті мен аймақтық қауіп

Хуситтер Йемен аумағының ауқымды бөлігін бақылауда ұстап отыр. 2023 жылдың қазан айынан бастап олар Израильге қарсы зымыран және дрон шабуылдарын бастады. Мұндай әрекеттерін олар ХАМАС-қа "қолдау көрсету" деп түсіндірді.

Сондай-ақ хуситтер Аден шығанағы мен Қызыл теңіз бойындағы сауда кемелеріне де шабуылдар жасап келеді. Бұл – әлемдік сауда үшін стратегиялық маңызы бар Суэц каналы арқылы өтетін бағыттарға елеулі қауіп төндіріп отыр. Көптеген жүк тасымалдаушы ел бұл маршруттан уақытша бас тартып жатыр.

 Сарапшылардың пікірінше, Йемендегі жағдай аймақтық соғыстың жаңа фазасына өтуі мүмкін. АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс, Израиль мен Палестина жанжалы, Сауд Арабиясы мен БАӘ-нің қатысуы – бәрі де қақтығыстың ауқымын кеңейтуде.

Йеменнің өзінде гуманитарлық жағдай ауыр күйде. Соғыс, аштық, отын мен дәрі-дәрмек тапшылығы – бейбіт тұрғындарды тығырыққа тіреп отыр.

Тегтер: