АҚШ Донбасста демилитаризацияланған аймақ ұсынды – Зеленский
Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, АҚШ Украина шығысында демилитаризацияланған арнайы экономикалық аймақ құруды көздейтін жаңа бейбіт келісім жоспарын талқылауда.
Жоспарға сәйкес, Украина Қарулы күштері Донецк облысының оккупацияланбаған бөлігінен шығуы тиіс, ал Ресей бұл аймаққа өз әскерін кіргізбеуге міндеттеледі.
Зеленский Вашингтон ұсынған схема Ресейдің Донецк, Херсон және Запорожье облыстарынан әскер әкетуге міндеттелмеуін қарастыруы мүмкін екенін атап өтті. Алайда АҚШ жоспары бойынша Ресей Днепропетровск, Харьков және Сумы облыстарынан қарулы күштерін шығаруы қажет.
Келіссөздердегі ең күрделі мәселелер – Донецк облысының мәртебесі мен Ресей бақылауындағы Запорожье АЭС-інің болашағы. Зеленский бұл мәселелердің шешімі бүкіл халық талқылайтын деңгейде болуы тиіс екенін, яғни, сайлау немесе референдум арқылы екенін айтты.
Сонымен бірге Украина басшысы АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио және өзге де америкалық жоғары лауазымды шенеуніктермен ықтимал қауіпсіздік кепілдіктерін талқылағанын жариялады.
Үш апта бұрын ұсынылған АҚШ жоспары бастапқыда «Мәскеуге тым тиімді» деп сыналған еді. Кейіннен ол Киев пен Еуропа одағының талаптарымен қайта қаралды.