АҚШ Иран халқын қолдайды
Жұма күні кешке және сенбіге қараған түні Иранның көптеген қалаларында жаппай наразылық акциялары өтті. Елде наразылықтар соңғы екі апта бойы жалғасып келеді, ал билік оларға күш қолданып, таратуға тырысса да, соңғы күндері көшеге шыққандардың саны артқан.
Интернет қызметінің өшірілуіне қарамастан әлеуметтік желілерде наразылардың көп шыққанын дәлелдейтін видеолар жарияланды.
АҚШ президенті Дональд Трамп 9 қаңтарда кешке Вашингтоннан мәлімдеме жасап, жағдайды мұқият қадағалап отырғанын айтты. Ол жаппай наразылық басып-жаншылса және көп қан төгілсе, АҚШ Иран режимінің "осал тұсынан соққы береді" деп ескертті. Трамп АҚШ әскерін елге кіргізу мәселесі қарастырылып отырған жоқ екенін, бірақ шара қатаң болатынын айтты.
Иран билігі наразылардың бір бөлігі АҚШ мүддесіне қызмет ететін "бүлікшілер" екенін мәлімдеген. Ал Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи Трампқа қарсы қатал сес көрсетіп, оны "құлатамыз" деп ескертті. Ислам революциясы сақшылар корпусы да наразыларға қатаң ескерту жасады.
Қазіргі уақытта қаза болған және жараланғандардың нақты саны белгісіз. Әртүрлі ақпараттарға сәйкес, ұсталғандар саны 2 мыңнан асады. Азаттық радиосының Иран қызметі (Фарда радиосы) 35 адамның қаза болғанын хабарлады, құқық қорғау ұйымдары бұл санды 45 пен 65 аралығында көрсетеді. Олардың арасында жасөспірімдер мен күштік құрылым өкілдері бар.
9 қаңтарда Иран билігінің наразыларға шамадан тыс күш қолдануы Еуропалық Одақ елдерінің бірқатар жетекшілері тарапынан сынға ұшырады. Франция, Германия және Ұлыбритания басшылары ортақ мәлімдеме таратты.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио сенбі күні Twitter арқылы АҚШ "Иранның батыл халқын қолдайды" деп жазды.