Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:00

АҚШ Қарашығанақ, Теңіз және КҚК жобалары үшін «Лукойл» мен «Роснефтьке» операция жүргізуге рұқсат берді

Лукойл
Фото: Zima Nadezhda/Zoonar/IMAGO

АҚШ қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) санкцияға іліккен ресейлік «Лукойл» және «Роснефть» компанияларына Қазақстандағы Қарашығанақ, Теңіз кен орындары және Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) жобалары бойынша шектеулі операциялар жүргізуге рұқсат берді.

Бұл шешім екі ресейлік компанияның Батыс Қазақстандағы ірі мұнай-газ жобаларындағы үлестерін сатуына тосқауыл қойып отыр. OFAC мәліметінше, санкциядағы компаниялар Қарашығанақ пен Теңізді игеретін кәсіпорындарда және Қазақстан мұнайының 80 пайызы экспортталатын Каспий құбыр желісінде батыстық мұнай компанияларымен бірге жұмыс істейді.

«Лукойл» активтерін сату үшін уақытша жеңілдік алды

14 қарашада АҚШ «Лукойлдың» шетелдік бөлімшелеріне қатысты санкциялық тізімнен уақытша босату мерзімін кеңейтті. Бұл компанияға шетелдегі активтерін сату процесін жалғастыруға қосымша уақыт береді.

АҚШ қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, активтерді сату операцияларына қойылған шектеулер 2024 жылдың 13 желтоқсанына дейін тоқтатылады. Осы мерзімге дейін «Лукойл» иелігіндегі шетелдік жанармай бекеттерінің жұмыс істеуіне де рұқсат берілген.

Сонымен қатар АҚШ жаңа лицензия шығарып, әлемдік компанияларға «Лукойлдың» шетелдік активтерін сатып алу бойынша келіссөздер жүргізуге мүмкіндік берді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, ықтимал сатып алушылардың бірі – америкалық Carlyle инвестициялық қоры.

Болгариядағы бөлімшелерге жеке лицензия берілді

OFAC Болгариядағы «Лукойл» активтеріне – Бургас мұнай өңдеу зауыты мен ұшақтар мен кемелерді жанармаймен қамтамасыз ететін компанияларға 2026 жылдың сәуір айының соңына дейін жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жеке лицензия шығарды.

Бұған дейін Болгария үкіметі бұл активтерге қатысты Ұлыбритания санкцияларын 2026 жылдың ақпанына дейін тоқтата тұруға қол жеткізген болатын.

Қазақстандағы үлестер

«Лукойл» Қазақстандағы ірі мұнай-газ жобаларында елеулі үлеске ие:

«Теңізшевройл» консорциумында – 5%,

Қарашығанақ жобасының операторы (KPO) құрамында – 13,5%,

Kalamkas-Khazar Operating – 50%,

«Аль-Фараби Operating» – 49,99%.

Компания «ҚазМұнайГазбен» бірге Хвалынское және Орталық кен орындарын игеруге қатысады.

«Роснефтьтің» рөлі

«Роснефть» Теңіз және Қарашығанақ жобаларына аз үлеспен қатысқанымен, экспорттық инфрақұрылымда маңызды орын алады. Компания Каспий құбыр консорциумының (КҚК) 7,5 пайыз акциясына иелік етеді. КҚК – Қазақстан мұнайын Еуропа нарықтарына жеткізетін негізгі халықаралық мұнай артериясы.