Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:50

АҚШ пен Иран арасындағы екі апталық бітім деэскалация ма, әлде саяси ойын ба?

АҚШ пен Иран
Фото: ЖИ / Жас Алаш

8 сәуірде АҚШ пен Иран арасындағы соғыс төңірегіндегі ең маңызды жаңалық екі апталық уақытша бітімнің жариялануы болды. Бұл шешім Дональд Трамптың 7 сәуірдегі мәлімдемесінен кейін жасалды.

Ол Иран талапқа көнбесе, «бүгін түнде тұтас бір өркениет жойылады» деп мәлімдеп, Тегеран Ормуз бұғазын қайта ашпаса, Иранның азаматтық инфрақұрылымына жойқын шабуыл жасалатынын ескерткен. Бірақ дәл сол межеге аз уақыт қалғанда Ақ үй бұл ұстанымын өзгертті. Трамп екі аптаға шабуылды тоқтатуға келісті, ал Иран бұғазды ашуға уағдаласты.

Трамп бұл шешімді Пәкістан басшылығының өтінішімен және Тегеранмен ұзақ мерзімді бейбітшілік келісіміне қол жеткізу мақсатында қабылдағанын мәлімдеді. Трамптың сөзінше, АҚШ «барлық әскери мақсаттарына жетті және одан асып түсті», ал Иран ұсынған бейбітшілік жоспарымен келліссөз жүргізуге болады. Келіссөздер алдағы жұма күні Исламабадта басталмақ.

Бұл бітімнің ең басты шарты – Иранның әлемдік мұнай тасымалының күретамыры саналатын Ормуз бұғазын қауіпсіз түрде ашуға келісу. Соғыс басталғалы бері Иран аталған бұғазды жауып тастап, әлемдік энергия нарығында дүрбелең туғызған еді. Бейбіт келісім жариялана сала, әлемдік нарықта мұнай бағасы күрт түсті. Мысалы, алдымен Brent маркалы мұнайдың бағасы шамамен 16 пайызға арзандап, барреліне 92-93 долларға төмендеді. Ал АҚШ-та жанармай бағасы бірден 10 пайызға түсті. Қазір Трамп үшін бұл өте маңызды экономикалық жеңіс болды деген болжам айтыла бастады. Себебі соғыстың шиеленісуі АҚШ пен Еуропадағы жанармай бағасын аспандатып, сайлаушылардың наразылығын тудыруы мүмкін еді.

АҚШ пен Иран
Фото: ашық дереккөз

Иранның 10 тармақтан тұратын бейбіт жоспары қандай?

Жоғарыда жазғанымыздай, алдағы келіссөздер үстеліндегі басты құжат – Иран ұсынған 10 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспары. Трамп бұл құжатты мақұлдауға бейім екенін байқатты. Жоспардың ішіндегі ең өзекті тармақтар мынадай:

1. АҚШ пен Иран арасындағы соғысты біржола тоқтату;

2. Аймақтағы (Ирак, Ливан, Йемен) барлық қақтығыстардың нүктесін қою;

3. Ормуз бұғазын ашу және навигация қауіпсіздігіне кепілдік беру;

4. Иранға салынған барлық санкцияларды толықтай алып тастау және бұғатталған активтерді қайтару;

5. АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскерін аймақтан шығару;

6. Иранның уранды байытуына тыйым салмау.

Бұл құжат сырттай қарағанда екіжақты ымыра сияқты көрінгенімен, сарапшылар оны Иран режимінің аман қалу үшін жасаған жанталасқан қадамы деп бағалайды.

Алайда Израиль факторы бұл әлсіз тепе-теңдікті одан сайын күрделендіреді. Израильдің премьер-министрі Беньямин Нетаньяху Трамптың екі апталық үзілісін қолдағанымен, Израиль бұл келіссөз Ливанға жүрмейтінін ашық мәлімдеді.

Reuters дерегінше, Хезболлаға жақын дереккөздер ұйымның шабуылдарды уақытша тоқтатқанын айтқан, бірақ Израиль үкіметі Ливан бітімге кірмейтінін ескертіп, оңтүстіктегі қалаларға жаңа эвакуация ескертулерін таратқан. Бұл Иранмен тікелей майдан уақытша саябырласа да, прокси соғыс әлі сақталып отырғанын көрсетеді. Қысқаша айтқанда, аймақтағы өрттің ошағы бір жерден екінші жерге ауысуы мүмкін. Осы тұрғыдан қарағанда, Израильдің ұстанымы АҚШ-Иран бітімінің шекарасын анық көрсетіп берді. Вашингтон мен Тегеран уақытша бітімге келуі мүмкін, бірақ Таяу Шығыстағы қақтығыс мұнымен тоқтамайды. Бұл АҚШ-тың да қолын байлайды. Өйткені Иран 10 тармақтан тұратын жоспарында Таяу Шығыста соғыс біржола тоқтауын қалайтынын білдірді, ал Израиль оған келіспейді. Демек, келіссөздің ең қиын қабаты тек ядролық тақырыпта емес, Иранның аймақтық серіктері мен одақтастарының болашағында екені анық.

Моджтаба Хаменеи
Фото: ашық дереккөз

«Моджтаба Хоменеи ес-түссіз жатыр»

Иранның дәл қазір кез келген шартпен бейбітшілікке ұмтылуының ең басты себебі – ел ішіндегі басқару дағдарысы. Батыс және Израиль барлау қызметтерінің мәліметтеріне қарағанда, Иранның жаңа Жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хоменеи Құм қаласындағы жасырын ауруханалардың бірінде ауыр халде ес-түссіз жатыр. Ол 28 ақпанда әкесі Әли Хоменеи қаза тапқан әуе соққысы кезінде ауыр жарақат алған. Кейбір дереккөздер оның аяғынан жарақаттанғанын жазды. Соғыс басталғалы бері ол халық алдына шыққан жоқ, ал эфирден тек жазбаша мәлімдемелер ғана берілген. Тіпті ел алдында Моджтаба жасады деген үндеудің өзін басқа лауазымды тұлға жазып берген болуы мүмкін деген де болжам бар. Бұл жағдай Ирандағы Ислам революциясы сақшылары корпусының (ИРСК) билікті толықтай өз қолына алуына себеп болды. Президент Масуд Пезешкиан іс жүзінде шешім қабылдау процесінен шеттетілген. ИРСК генералдарын қазір идеологиялық соғыстан гөрі, ішкі тұрақтылық пен өздерінің билікте қалуы көбірек алаңдатады. Елде Жоғарғы көшбасшының жараланып, ауруханада жатуына байланысты туындаған саяси вакуум жағдайында сыртқы жаумен соғысу – өзін-өзі өлімге итерумен тең. Сондықтан олар дипломатиялық жолмен соғысты тоқтатып, ішкі билікті бөлісу процесін бейбіт түрде өткізіп алуды көздеуі мүмкін.

Бақытгүл Базарқұлова
Бақытгүл Базарқұлова. Фото: Жас Алаш

Бақытгүл Базарқұлова, ирантанушы:  Бұл – деэскалация

– Соғыстың басталғанына бір айдан асып кетті. Иран әлсіз емес екенін, қарсылық көрсете алатынын дәлелдеді. Меніңше, АҚШ пен Иран арасындағы екі апталық уақытша бітім – нақты деэскалация. Уақытша бітім болғанымен, соғыс осымен аяқталады. Себебі бұл соғыста АҚШ Иранды жеңе алмайтынына көзі жетті. Егер соғысты күшейтіп, Трамп айтқандай, Иран өркениетін жою саясатын ұстанса, Иран да қарап қалмай, Израильге, араб монархияларына тура сондай соққы жасауы мүмкін еді. Сондықтан бұл соғыс аймақ елдері мен АҚШ үшін ғана емес, бүкіл адамзатқа қауіп төндіріп тұр. Осыны түсінген татуластырушы елдер Пәкістан, Түркия мен Мысыр АҚШ пен Иранды өзара келісімге келтіру саясатын жалғастырады деп ойлаймын. АҚШ-тың әлемде осындай жағдайға тап болуы бірінші рет емес, Вьетнам соғысын, Ауғанстандағы тәлібтермен соғысты айтуға болады. Сондай-ақ Трампқа АҚШ-тың өзінде, әлемде наразылық артты. Соғысты жалғастыру екі тарапқа да тиімсіз. Олар соғысты тоқтатуға мүдделі деп ойлаймын.

Иранның талаптары толық қабылданады. Егер толық қабылданса, бұл Иранның жеңісін білдіреді. Иран АҚШ қойып отырған талаптарын толық қабылдамайды, себебі соғысты АҚШ бастады, көп адам өлді, шығын шаш етектен. Сондықтан екі тарап та өзара ұсыныстарды ішінара орындау арқылы соғысты тоқтатуға мәжбүр.

Соғысты уақытша тоқтату және Ормуз бұғазын ашу негізгі шарт болды. Алайда бұғаз толық ашылды деп айта алмаймыз. Қазіргі жағдайда бұғаз арқылы Иранмен достас елдердің Қытай, Үндістан, Ирак кемелері өтіп жатыр. Ал басқа елдердің кемелері (мысалы, Малайзия) Иран билігімен келсіссөз жүргізу арқылы өтіп келді. Иран жалпы осы бұғаз арқылы өтетін барлық кемелерді бақылауда ұстайды. Қазір бұл бұғаз геосаяси қысым құралына айналды. Иран бұғазды толық бақылауында ұстап, аймақ елдеріне және әлемдік экономикаға әсерін тигізеді.

Иран өзіне қарсы соғысты АҚШ пен Израильдің бастағанын және геостратегиялық орналасуының тиімділігін пайдалана отырып, Ормуз бұғазын бақылауға көшті. Жалпы, бұл бұғаздың, бір жағында, Иран, екінші жағында, Оман орналасқан. Оман – араб монархияларының ішінде Иранға байланысты өзгеше саясат ұстанып отырған мемлекет. Сондай-ақ әлемде осындай бұғаздардың жекелеген елдердің бақылауында болу тәжірибесі бар. Иран бұғазды толық ашпай, өз бақылауымен реттеу моделін ұсынады. Бұғазға байланысты нақты келісім жоқ, сондықтан халықаралық құқық тұрғысынан қаншалықты легитимді екенін айту қиын. Сондықтан Иран осыны пайдаланып, Ормуз бұғазын пайдаланудың қазіргі моделін болашақта заңдастыруды ұсынуы мүмкін.

Ормуз
Фото: Amr Alfiky/REUTERS

Ормуз бұғазы – геосаяси қару

Тарихта географиялық нүктелердің саяси қаруға айналған мысалдары аз емес. АҚШ пен Иран арасындағы екі апталық уақытша бітімнің басты шарты ретінде Ормуз бұғазының ашылуы әлемдік дипломатиядағы осы су жолының рөлін түбегейлі өзгертті. Енді ол жай ғана мұнай тасымалдайтын дәліз емес, геосаяси қысым мен жаһандық бопсалаудың абсолютті құралына айналды. Жалпы, әлемдік мұнай өндірісінің бестен бір бөлігі (шамамен 20-21 млн баррель) күн сайын өтетін бұл бұғазды Иран бұған дейін де жабамын деп сан рет қорқытқан. Бірақ дәл осы көктемдегі эскалация кезінде Тегеран бұл қоқан-лоқыны іске асырып, өзінің ең үлкен көзірін үстелге тастады. Бұл қадам бұғазды ашық қақтығыс кезіндегі «жаһандық кепілге» айналдырды. Сондықтан Иран режимінің логикасы түсінікті, «егер біз өмір сүрмесек, әлемдік экономика да қансырайды» дегенге саяды. Тегерандағы билік вакуумына (Моджтаба Хоменеидің ес-түссіз жатуы) және инфрақұрылымның талқандалуына қарамастан, Иран бұғазды жабу арқылы АҚШ-ты өзімен санасуға мәжбүрлей алды. Бұл Ормуздың геосаяси қысым құралы ретіндегі тиімділігін 100 пайызға дәлелдеді.

Ал АҚШ президенті Дональд Трамп үшін уақытша бітімге келудің басты және бұлтартпас шарты осы бұғазды дереу әрі қауіпсіз түрде ашу болуы кездейсоқ емес. Экономикалық прагматизмге сүйенетін Вашингтон үшін Иранды жермен-жексен етуден гөрі, мұнай бағасының тұрақтылығы мен ішкі сайлаушылардың көңіл күйі маңыздырақ. Оның үстіне бұғаздың жабылуы АҚШ пен Еуропада жанармай бағасын шарықтатып, инфляцияны үдетіп, саяси дағдарыс тудыруға шақ қалған еді. Демек, Тегеран өз мақсатына жартылай болса да жетті, Иран әлемнің ең осал тұсын дөп басып, АҚШ-ты келіссөздер үстеліне отыруға көндірді. Бұл жағдай АҚШ-тың әскери қуаты қанша мықты болса да, жаһандық экономика алдында бітімге келуге мәжбүр екенін көрсетті.

Енді Иран ұсынған 10 тармақтан тұратын бейбіт жоспар қабылданып, ұзақ мерзімді келісім жасалса да, бұғаздың қауіпсіздігі ұзақ жылдар бойы үрейдің көзі болып қала бермек. Өйткені халықаралық саясатта бір рет қару ретінде қолданылып, нақты нәтиже берген құрал ешқашан геосаяси арсеналдан алынып тасталмайды.

Ұшақ
Фото: ашық дереккөз

Жанармай арзандай ма?

The New York Times басылымының жазуынша, Ирандағы соғыстан кейін әлемдік авиация қалпына келу үшін бірнеше ай қажет. Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) басшысы Уилли Уолштың айтуынша, Ормуз бұғазы толық ашылған күннің өзінде әлемдік азаматтық авиация бірнеше ай бойы жанармай жеткізу түйткіліне тап болады. Әлемдік сарапшылар «Парсы шығанағы елдерінен мұнай тасымалданатын негізгі бағыттардың бірі саналатын Ормуз бұғазының ашылуы барлық мәселені шешпейді» деп болжайды. Әсіресе соғыс кезінде зақымданған мұнай өңдеу зауыттарының жағдайы күрделі күйінде қалып отыр. Сондықтан алдағы уақытта әлемдік нарықта шикі мұнай бағасы төмендеуі мүмкін, алайда мұнай өнімдерінің, соның ішінде авиациялық жанармайдың бағасы қымбат күйінде қалады. Себебі қақтығыс барысында Иран Кувейттің, Сауд Арабиясының, БАӘ-нің, Израильдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасады. Ал АҚШ пен Израиль Иран аумағындағы мұнай өңдеу инфрақұрылымына, соның ішінде Харк аралындағы нысандарға бірнеше рет соққы берді. Осының салдарынан Еуропада авиациялық және дизель отыны күрт қымбаттады, кейбір елдерде рейстер жаппай тоқтады, Парсы шығанағы елдерінің әуе компаниялары да қиындыққа тап болды. Мұның зардабын азаматтық авиация ұзақ уақыт тартуы мүмкін.

Жәнібек Көпжасар
Фото: Жас Алаш

Жәнібек Көпжасар, ирантанушы: Бұл бітім уақытша ғана, соғыс жалғасады

– АҚШ пен Иран екі аптаға соғысты тоқтатамыз деп шешті. Менің ойымша, екі аптаға жетпей, екі жақтың бірі, бәлкім,Израиль келісімді бұзады. Иран қойған шарттардың екеуін (Иранның ядролық бағдарламасын жалғастыру және АҚШ-тың аймақтан кетуі) АҚШ ешқашан мойындамайды. Сондықтан бұл тек саяси маневр деп есептеймін.

Иранда билік ауысқан жоқ. Әлі де бұрынғы жүйенің адамдары билеп отыр. Сондықтан «не үшін соғыстық?» деген сұрақ туады да, бұл алдағы уақытта Трампқа импичмент жариялауға алып келуі мүмкін. Сондықтан бұл жүйені құлатпайынша АҚШ Ираннан кепейді, соңына дейін барады. Екі апталық үзіліс бір жағынан халықаралық жағдайдың қатты ушығып бара жатқанынан болды. Сондықтан Трамптың Иран ұсынған 10 шартын бірден қабылдай салуы аздаған уақыт алып, барлау жұмысын жандандырып, Иранды қазір басқарып отырған кімдер екенін анықтап алып, солардың көзін жою үшін жасалуы мүмкін. Мақсаты – олардың орнына мүлдем жаңа адамдарды немесе жүйе қалса да, АҚШ-пен келісімге келе алатын Хасан Рухани сияқты адамдарды билік басына алып келу.

Ал дәл осы жағдайда «Хоменеиді өлтірдік» деп кетіп қалу АҚШ-тың жеңілісі болады. Бұған Трамп әкімшілігі бармайды. Тек уақытша үзіліс алып отыр. Бітім екі аптадан аз болуы да мүмкін дегенім сондықтан. Егер келісім болып жатса, оған келіспейтін Израиль қайтадан соғысты бастап кетуі ғажап емес.

Иран
Фото: 9 канал Израиль телеграм арнасы

Таяу Шығыстағы соғыс қашан тоқтайды?

АҚШ пен Иран арасында жарияланған екі апталық уақытша бітім әлемдік қоғамдастыққа жеңілдік сыйлағанымен, саяси сарапшылар арасында үлкен күмән туғызды. Тегеранның екі апталық үзілісті місе тұтпай, бірден ұзақ мерзімді бейбітшілік келісіміне және Иран ұсынған жоспарға басымдық беруі оның қазіргі мүшкіл халін айқын көрсетеді. Бір қарағанда, бұл шешім аймақтағы қақтығыстың бәсеңдегенін, тараптардың келіссөз жолына бет бұрғанын көрсететіндей әсер қалдырады. Алайда тереңірек талдасақ, бұл бітім соғыстың біржола тоқтауына кепіл бола алмайтыны анық. Ең алдымен, бітімнің табиғатына назар аудару қажет. Бұл толыққанды бейбіт келісім емес, нақты шарттарға байланған уақытша келісім ғана. АҚШ тарапынан әскери соққыларды екі аптаға тоқтату туралы шешім қабылданса, Иран Ормуз бұғазын ашуға келісті. Бірақ басты мәселе – соғыстың негізгі себептері шешілген жоқ. Санкциялар, ядролық бағдарлама, аймақтық ықпал үшін күрес сияқты түйінді мәселелер сол күйінде қалды. Демек, бітім тек салдарды уақытша тоқтатты, ал себептер өзгеріссіз қалды.

Саяси тұрғыдан алғанда, бұл бітімді «деэскалация» деп атауға болатындай, бірақ оған да күмән бар. Себебі қазіргі бітім қақтығыстың қарқындылығын азайтты. Мұндай келісімдер тарихта жиі кездеседі, тараптар тікелей соққыдан уақытша бас тартып, күш жинауға немесе жаңа келіссөз форматын әзірлеуге мүмкіндік алады.

АҚШ үшін бұл үзіліс бірнеше мақсатқа қызмет етеді. Біріншіден, мұнай нарығындағы дүрбелеңді басады. Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнайдың үлкен бөлігі өтетінін ескерсек, оның тұтастай жабылуы немесе қауіп бұлты сейілмеуі жаһандық экономикадағы тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін еді. Бітім жарияланғаннан кейін мұнай бағасының күрт төмендеуі осы қауіптің уақытша сейілгенін көрсетеді. Екіншіден, Вашингтон дипломатиялық алаңда позициясын күшейтіп, Иранды келіссөзге мәжбүрлеуді көздейді.

Иран үшін де бұл бітім – стратегиялық мүмкіндік. Тегеран уақытша тыныштықты пайдаланып, ұзақ мерзімді келісімге қол жеткізуге тырысады. Олар ұсынған 10 тармақтан тұратын жоспар – соғысты тоқтату ғана емес, Таяу Шығыстағы тәртіпті қайта қарау талпынысы. Бұл талаптар арқылы Иран өз қауіпсіздігін ғана емес, аймақтағы рөлін де заңдастыруға ұмтылады. Сондықтан Иранның уақытша емес, тұрақты келісімге басымдық беруі оның саяси ойынға басымдық беріп отырғанын көрсетсе керек.

Алайда бұл жерде тағы бір маңызды фактор бар, ол – Израиль. Жоғарыда жазғанымыздай, Тель-Авив Иранмен тікелей қақтығыстың бәсеңдеуін қолдағанымен, Хезболлаға қарсы операцияны жалғастыратынын мәлімдеді. Бұл жағдай бітімді географиялық және саяси жағынан алып қарағанда, күшінің шектеулі екенін аңғартады. Яғни АҚШ пен Иран арасында уақытша тыныштық орнағанымен, аймақтағы прокси соғыстар тоқтаған жоқ. Демек, Таяу Шығыстағы жалпы әскери динамика сақталады.

Сонымен қатар Иран ішіндегі саяси тұрақсыздық та жағдайды күрделендіреді. Мұндай белгісіздік келіссөздерге де әсер етуі мүмкін, өйткені ішкі саяси факторлар сыртқы саясатқа тікелей ықпал етеді. Егер тараптар осы уақыт ішінде нақты келісімге келмесе, қақтығыс қайта күшеюі әбден мүмкін. Ал егер келіссөздер нәтижелі болса, бұл екі апталық үзіліс тарихта үлкен соғыстың алдын алған сәт ретінде қалуы ғажап емес. Бірақ әзірге бұл әрекеттер дауыл алдындағы тыныштыққа көбірек ұқсайтындай.

Тұрсынбек БАШАР