Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

АҚШ пен Қытай сауда мәмілесі жасалды: енді не өзгереді?

Си Цзин Пин
Фото: zhasalash.kz

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон мен Бейжің арасындағы жаңа сауда келісімі бойынша келіссөздердің сәтті аяқталғанын жариялады. 

Бұл туралы ол өзінің Truth Social желісіндегі парақшасында жазды.

«Келісімге қол жеткізілді. Енді тек Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен менің тарапымнан ресми бекіту ғана қалды», - деп мәлімдеді Трамп.

Президенттің айтуынша, тараптар келісімнің негізгі тармақтары бойынша мәмілеге келген, бірақ құжатқа әлі ресми қол қойылмаған.

«Магниттер, сирек кездесетін элементтердің түр-түрін Қытай бірден жеткізіп тұрады. Бұған қоса, біз Қытайға келісім бойынша сұрағанын береміз. Оның ішінде біздің колледждер мен университеттерде оқитын қытай студенттері де бар», - деп мәлімдеді президент.

Екі күнге созылған Лондондағы келіссөздер түн жарымында аяқталып, тараптар «негізгі келісімге» (framework deal) келгенін мәлімдеді. Бұл қадам – соңғы бірнеше жылда ушығып кеткен сауда текетіресін бәсеңдетуге бағытталған маңызды стратегиялық шешім.

Сонымен бірге, Вашингтон мен Бейжің баж салығына қатысты ортақ келісімге келген. Атап айтқанда, АҚШ қытай тауарына баж салығын 145%-дан 55%-ға дейін түсіреді. Ал Қытай болса америкалық тауарға салынатын баж салығын 125%-дан 10%-ға дейін азайтады.

«Қарым-қатынас керемет! Осы мәселеге назар аударғаныңызға рақмет!» - деп түйіндеді Трамп.

Мұндай өзгеріс әлем экономикасына оң әсер етері анық. Себебі Дүниежүзілік сауда ұйымы, инвесторлар да әлемнің екі блокқа бөлінуінен қауіптенген.

Еске сала кетейік, бұған дейін мамыр айында Женевада өткен алғашқы келіссөздер кезінде кедендік тарифтерді уақытша тоқтату туралы уағдаластық жасалған болатын. Алайда араға уақыт салып, жағдай қайта шиеленіскен еді: Қытай сирек кездесетін элементтердің АҚШ-қа экспорты көлемін екі есеге қысқартса, Вашингтон Бейжіңмен байланысы бар деп есептелген қытайлық студенттерге виза беруді доғарған.

Жаңа құжаттың мазмұнына сәйкес:

  • Қытай АҚШ-тан импортталатын өнімдерге 10% көлеміндегі кедендік тарифті сақтайды;
  • Ал АҚШ Қытай тауарларына бұрын енгізілген 55% кеден салығын қалдыруға ниетті.

Экономистер бұл келісімді әлемдегі ең ірі екі экономиканың арасындағы сауда қарым-қатынасты реттеуге бағытталған оң қадам деп бағалап отыр. Бірақ нақты нәтижелер мен ықтимал өзгерістер құжатқа қол қойылғаннан кейін ғана белгілі болады.

Құрама Штаттардан келіссөздерге қаржы министрі Скотт Бессент, сауда министрі Говард Лютник және сауда өкілі Джеймисон Грир қатысты. Қытай делегациясын вице-премьер Хэ Лифэнбастап барды. Әлемнің екі ірі экономикасы екі күн ішінде ортақ келісімге келді.

Тараптар арасындағы ұзаққа созылған сауда текетіресіне нүкте қойыла ма, әлде бұл – уақытша бітім бе, оны алдағы күндер көрсетеді.

Тегтер: