Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:56, 30 Сәуір 2024

АҚШ студенттерінің тұншыққан үні

АҚШ студенттері
Фото: Justin Sullivan

Соңғы бір апта АҚШ-та беделді университеттерде студенттер Израильдің Газадағы әскери операциясын тоқтатуды талап етіп, бірінен соң бірі наразылық білдіріп жатыр.

Полиция кемі 500 тәлімгерді оқу орны аумағынан сүйреп әкетіп, қамап тастаған. Конгрестегі төменгі палата спикері Майк Джонсон Израиль әрекетін құптайтынын ашық мәлімдеп, студенттердің әрекетін сынай сөйледі. Қарашадағы сайлауда қараша халықтың дауысына мұқтаж Ақ үй қожасы Джо Байден тараптардың ешбірін жария қолдамай, аңдап басты.  

Американың Газадағы қырғынды тоқтатуға күш-жігер салмай отырғанын студенттердің сынап, түрлі қарсылық акцияларын ұйымдастырып келе жатқанына көп болған. Былтыр қазанда соғыс басталғалы толастаған жоқ деуге болады. АҚШ-та сөз еркіндігі, митинг өткізу тәртібінің жолға қойылғаны сонша, жүз-екі жүз адам жиналған наразылықтарға ешкім мән де бермейді. «Айтады, айғайлайды, кетеді» деп қарайды. Бұл жолы да солай болып келген. Бірақ өткен аптада Колумбия университетінің әкімшілігі полиция шақырып, 100 шақты студентін «тыныштық бұзды» деп ұстатып жіберген соң замандастарына елдегі атақты оқу орындарында білім алып жатқан мыңдаған студент қолдау білдіріп, ереуілге шықты. Наразылықтың ушығуына 20 сәуірде АҚШ конгресі Украина мен Тайвань аралына қосып Израильге де әскери көмек жіберетін заң жобасын мақұлдауы түрткі болды. Бұл оқиға – Таяу Шығыста бейбітшілік орнауын талап етіп келе жатқан жастардың үмітін үзгендей. Ақ үй саясатына тікелей әсер ете алмайтынын түсінген студенттер енді өздері оқып жатқан университет басшыларынан Израильге әскери қолдау көрсететін ұйымдар мен компаниялардан қайырымдылық мақсатында қаражат алмауды, қарым-қатынасты үзуді талап ете бастады. Бұған университеттердің әкімшілігі келіспейді. Алайда сөз бостандығы, академиялық пікір алуандығына кедергі келтірмеуді, сондай-ақ діни араздықты қоздырып алмауды көздеген оқу орындары үшін өздерінің беделін, бет-бейнесін сақтап қалу қиынға соғып жатыр.

BBC агенттігінің жазуынша, елдегі ең беделді, әлемге танымал университеттің бәрінде Израильге қарсылық акциясы ұйымдастырылған. Нью-Йорк, Йель, Гарвард, Джордж Вашингтон, Калифорния, Мичиган университеттері, Техастағы Остин университеті және Массачусетс технология институтында мыңдаған студент өздері оқитын кампус алаңқайларында шатыр тігіп, күні-түні қонуға бел байлаған. Бұл наразылықтарды ресми түрде ешбір университет әкімшілігі ашық қолдаған жоқ. Олар тәлімгерлердің әрекетін заңға қайшы деп есептейді әрі жылдам тарауға үндейді.

Reuters агенттігі дерегіне қарағанда, университеттер аумағында қарсылық жиындарын ұйымдастырушы белсенді студенттердің көбін полиция ұстап әкеткен. Шамамен 550 шақты қыз-жігітке тәртіп сақшылары әкімшілік іс қозғалғаны туралы құжат берген. Колумбия университеті бастапқыда акцияларды күштеп таратуға тырысқан. Полиция шақырып, 93 студентті ұстатып, кейбірінің сабаққа қатысуына тыйым салған соң оқу орнындағы өзге, бейсауат жүрген тәлімгерлер үдере көтерілген. Оларға мұғалімдер қосылып, көп өтпей университет әкімшілігі күш қолдану саясатынан бас тартып, келіссөз тәсіліне көшкен. Әуелде «наразылық оқу орны жұмысына қауіпті» деп, полиция көмегіне жүгінген университет президенті Минуш Шафик алдыңғы шешімі отқа май құйғандай, шала бықсып жатқан шоқты үрлегендей болғаннан кейін енді «келіссөз жүріп жатыр, олардың өз талабы, біздің өз талабымыз бар» деуге мәжбүр. AFP (Франс пресс агенттігі) агенттігіне студенттердің бірі университет басшыларының кейбірі наразы жастарды «террорист» деп айыптағанын айтқан. Тағы бір студент «полицияның қаруы, таяғы, көзден жас ағызатын газ баллоны бар, ал біздің қаруымыз – үніміз ғана» деген. Белсенді студенттердің арасында христиан, мұсылмандар да аз емес. Бірақ Колумбия университетінде оқитын еврей жастарының көбі наразылықтан қауіптеніп қалған. Олар Израиль Газаға соғыс ашқалы оқу орны аумағында антисемитизм күш алғанын, сабақта, өзге жерлерде де қатарластары тарапынан кемсіту, жек көру мағынасында түрлі сөз еститінін айтқан. Тіпті арасында конгресс өкілдері бар түрлі топтар Израиль әрекетін қолдап, қарсы наразылық акцияларын ұйымдастырған. Алайда Газаның ашыққан, үй-жайынан айырылған, бомбалау мен атыстан көз ашпаған халқына тыныштық тілеп, наразылық білдіріп жатқан жастар «тұтас еврей ұлтын емес, Израиль билігін сынап келеміз» деп, бұны жоққа шығарады.

Жексенбіге қараған түні полиция Аризона штаты университетінің аумағына да баса-көктеп кіріп, 72 студенттің қолын байлап, алып кетті. Бірнеше сағат ұстап, бәріне қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін айыппұл салған. Ұлыбританиялық Daily Mail басылымының жазуынша, АҚШ-тағы студенттер наразылығының өрт сияқты лаулап, жалыны әлемнің өзге елдерін де шарпыған. Алдағы күндері Еуропа мен Австралиядағы оқу орындарында осыған ұқсас акциялар басталуы мүмкін.

АҚШ президенті Джо Байден елдегі ең беделді оқу орындарында болып жатқан оқиғаларды елеусіз қалдыруға тырысатындай. Саясаткерлерден пікір сауған журналистердің сұрағына жауап бергені болмаса, бұл тақырыпта арнайы баспасөз жиынын ұйымдастырып немесе шұғыл кеңес өткізген жоқ. Ол бейсенбі күні университеттердегі қарсылық акцияларына «антисемитизм» деп баға берген. Бірақ сөзінің арасында Палестинада қиындыққа тап болған халыққа жаны ашыған жастарды да түсіну керегін атап өткен. АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен «наразылық – демократияның визит картасы» деп, студенттердің акциясына қолдау көрсетсе де, олардың бір тарапты ғана айыптауына келіспейтінін аңғартқан. Ол Америка жастары Таяу Шығыста қазір болып жатқан соғысқа басты кінәлі Израиль емес, ХАМАС радикал тобы екенін түсінуге тиіс деген және Палестина жұрты ең алдымен өз ішіндегі террористерден тазармай, тыныштық таппайтынын айтқан. Ал АҚШ конгресінің өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон Газаға бейбітшілік талап еткен студенттердің әрекетін «ессіздік» деп атап, арғы бетке өткен. Ол сәрсенбі күні Колумбия университетіне барып, еврей студенттермен кездескен. Кейін оқу орны ұжымының алдында арнайы сөз сөйлеп, антисемитизмге жол бермеуге үндеген әрі университет президенті Минуш Шафикті отставкаға кетуге шақырған. Осы сәтте оның сөзін тыңдап тұрған студенттер спикер сөзін бөліп, ысқырып, наразылық танытқан. Джонсон Калифорния билігін «бақылауды қолдан шығарып алдыңдар», ал полициясын «наразылардың бәрін ұстап, қамамадыңдар» деп сынаған және «сөз бостандығын қолдаймыз, пікірдің әралуан болуына да қарсы емеспіз, бірақ мына жағдай еврей студенттердің өміріне тікелей қауіп төндіріп тұр. Олар далаға шығудан, көшеде жүруден қалып барады. Бұл – өте қауіпті» деген. Алайда АҚШ баспасөзі наразылық басталғалы бері бірде-бір еврей студенттің өлгені немесе соққыға жығылғаны туралы ешқандай ақпарат жазбады. Американың NBC News телеарнасы бірнеше күн қатарынан әртүрлі оқу орнындағы акциялардан тікелей эфирде хабар таратты. Эфирден мұсылман да, христиан да, билік «жәбір көріп жатыр» деген еврей студенттері де сөйледі. Еврей жастары оқу орны басшыларынан «үйден шықпаңдар» дейтін нұсқаулық алғанын жасырмайды, бірақ палестиналықтардың құқығын қорғап, қарсылық жиындарын бастаған замандастарының әрекетіне түсіністікпен қарайтындарын айтқан.

Қатардың Al-Jazeera телеарнасы АҚШ полициясының әрекетін «студенттерді тұншықтыру» деп баға берген. Алайда «америкалық жастардың Таяу Шығысқа байланысты көзқарасы қазір билікте отырған кәрі-құртаңдардың ұстанымына ұқсамайтынына» назар аударған. Телеарна сөйлескен Чикаго университетінің профессоры, әлеуметтанушы Еман Абделхади «жастардың қазіргі билікке жүйелі қарсылығын көріп отырмыз. Бұл Америка қоғамында Таяу Шығысқа деген пікірдің түбегейлі өзгеруіне қозғау салары сөзсіз. АҚШ тарихында қоғамның көзқарасын өзгерткен оқиғаның бәрі үнемі студенттердің осындай наразылықтарынан бастау алған» деп жауап берген. Қарап отырсаңыз, сөзінде дәлел, негіз бар.

Жалпы АҚШ-та университеттер өздерін әдетте саясаттан алшақ ұстайды. Бұл 1636 жылы негізі қаланған Гарвард университетінен басталған дәстүр. Бірақ студент атаулының бәрі қай заманда да, әлемнің қай бұрышында болса да үнемі саясиланған қауым. Саясат оларды айналып өтпейді. Саясаткерлер керек кезде пайдаланады, керек емес сәтте қысып ұстауға тырысады. Алайда АҚШ қоғамында 1960 жылы студенттердің саясатқа араласуына байланысты елеулі оқиға болды. Солтүстік Каролина университетінде оқитын қара нәсілді төрт жігіт жергілікті кафеге кіріп, бұған дейін ақ нәсілді адамдар ғана отыратын орындыққа жайғасып, өздеріне қызмет көрсетулерін талап еткен. Бұл кәдімгі саяси акция еді. Бұған оқу орны басшылығы наразы болып, төртеуін оқудан шығарып жібереді. Алайда акцияның соңы сотқа ұласады. Нәтижесінде, 1961 жылы сот студенттердің саяси жиындарға қатысып, сабақтан қалуы қылмыс емес деген үкім шығарады да елдегі жастардың бұдан кейінгі наразылық акцияларға емін-еркін қатысуына жол ашып береді. Арада 7 жыл өткенде қазір әлемнің назары ауып отырған Колумбия университетінің студенттері АҚШ билігін Вьетнамнан әскерді алып кетуге үндеп, оқу орны ғимаратының бірнеше бөлігін басып алады және факультет деканын кепілге ұстайды. Кейін бәрі полицияға берілді, бірақ сот наразылыққа қатысқан жастарға кешірім жасады. Мұндай саяси акциялар одан кейін АҚШ қоғамында тіпті жиіледі. Ішкі мәселе, экология, адам құқығы тақырыптарымен қатар АҚШ-тың сыртқы саясатына да қарсы наразылық жиындар жиі өтіп тұрады. 2000 жылдардың басында Ирак, Ауғанстан соғыстарын сынап, алыстағы өзге елдердің ішкі шаруасына араласуды доғаруға шақырды. 2018 жылы «Қаралардың да өмірі маңызды» дейтін әйгілі қарсылық жиындарының негізгі қозғаушы күші де осы студенттер болды. Ал былтыр қазанда ХАМАС радикал тобы Израильге шабуыл жасап, Израиль кек алу жолына түскеннен бері АҚШ университеттерінде маза жоқ деуге болады. Қазір болып жатқан оқиғалар содан бергі наразылық акцияларының заңды жалғасы. 7 қазан күні әлемді дүр сілкіндірген оқиғадан соң Гарвардтың бір топ оқытушылары мен студенттері оқиғаға Израильді айыптап, Ақ үйге хат жолдады. Соңынан жастар көппен бірге көшедегі наразылық акцияларына қатысты. Тіпті оқу орындарында Израиль билігіне қарсылық күшейіп, кей жерлерде еврей халқына геноцид жасауға шақыру фактілері тіркелген тұста, 5 желтоқсанда АҚШ конгресі Гарвард, Пенсильвания университеттері мен Массачусетс технология институтының президенттерін шақырып, тергеген. Пенсильвания университеті антисемитизм ұрандарының әсерінен 100 миллион доллар қайырымдылық қаражаттан да айырылған.

Айгүл Баба 

Фото: Justin Sullivan

 

 

 

Тегтер: