Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:16

АҚШ-та TikTok жұмысын тоқтатты

TikTok
Фото: aa.com.tr

АҚШ-та TikTok-қа тыйым салу туралы заң 19 қаңтарда күшіне енді. Әлеуметтік желі америкалықтардың платформаға кіруіне шектеу қойды. 

TikTok америкалықтардың әлеуметтік желіге кіру мүмкіндігін шектеді, деп хабарлайды NBC News. Әлеуметтік желіге салынған тыйым ресми түрде күшіне енгенге дейін қолданба көптеген пайдаланушы үшін жұмысын тоқтатты. TikTok-тың АҚШ-та 170 миллионнан астам қолданушысы бар.

Қолданбаға кіруге тырысқан америкалықтарға «Кешіріңіз, TikTok қазір қолжетімсіз» деген хабарға тап болады. «АҚШ-та TikTok қызметіне тыйым салатын заң күшіне енді. Өкінішке қарай, бұл қазір TikTok қолданбасын пайдалана алмайтыныңызды білдіреді. Бірақ жаңадан сайланған президент Дональд Трамп қызметке кіріскен бойда TikTok-ты қайта жандандыру туралы шешіммен жұмыс істейтінін айтты. Жаңалықтарды күтіңіз!» – делінген хабарламада.

TikTok АҚШ-тың мобильді қолданбалар дүкенінен де жойылды. Бұған қоса, қытайлық ByteDance компаниясына тиесілі CapCut өңдеу қолданбасы да істен шыққан. АҚШ-тан кіруге тырысқан пайдаланушылар да жоғарыдағыдай ескертуге тап болады.

АҚШ Конгресі 2024 жылдың сәуір айында TikTok ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін болғандықтан бұғаттау туралы заң жобасын қабылдады. Сол айда Джо Байден заңға қол қойды. Қызметке иелік ететін ByteDance компаниясына қолданбаны америкалықтарға сатуға 270 күн уақыт берілген. Бұл мерзім Дональд Трамптың инаугурациясына бір күн қалғанда, 19 қаңтарда аяқталды.

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Қытай үкіметі АҚШ-тағы TikTok әлеуметтік желісін басқаруды бизнесмен Илон Маскке бермекші. Бірақ TikTok мұны жоққа шығарды. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Байден әкімшілігі әлеуметтік желіні бұғаттау шешімін Трамптың болашақ әкімшілігіне қалдырған.

Сонымен қатар, 17 қаңтарда АҚШ Жоғарғы Соты TikTok қысқа бейне платформасын ByteDance арқылы сатуды немесе ұлттық қауіпсіздікке байланысты АҚШ-та тыйым салуды талап ететін заңды қолдады.

Тегтер: