Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:12

АҚШ Таяу Шығысқа теңіз жаяу әскерлері мен әскери кемелер жіберіп жатыр

АҚШ кемесі
Фото: Reuters

Пентагон Таяу Шығысқа мыңдаған теңіз жаяу әскерін және әскери кемелерден тұратын қосымша күштерді жіберуде.

Axios басылымының хабарлауынша, АҚШ бұл қадам арқылы Иранға қарсы әскери операция жүргізу мүмкіндіктерін кеңейтуді көздеп отыр.

13 наурыз, жұма күні The Wall Street Journal газеті үш америкалық шенеунікке сілтеме жасап, Пентагон Иран тарапынан Ормуз бұғазын бұғаттау әрекеттері күшейген кезде өңірге қосымша теңіз жаяу әскерлері мен әскери кемелер жіберіп жатқанын хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, АҚШ-тың аймақтағы күштеріне жауапты Орталық қолбасшылықтың тиісті сұранысын қорғаныс министрі Пит Хегсет мақұлдаған. Бұл сұраныс десанттық топ пен экспедициялық бөлімді орналастыруды қарастырады. Мұндай құрамда әдетте шамамен 5 мың теңіз жаяу әскері мен теңізші, сондай-ақ бірнеше әскери кеме болады.

Екі шенеуніктің айтуынша, Жапонияда орналасқан USS Tripoli десанттық кемесі және ондағы теңіз жаяу әскерлері қазір Таяу Шығысқа қарай жолға шыққан. Сонымен қатар теңіз жаяу әскерлерінің бір бөлігі қазірдің өзінде өңірде орналасқан.

Associated Press агенттігінің мәліметінше, АҚШ әскери ведомствосындағы дереккөзге сүйенсек, Таяу Шығысқа шамамен 2,2 мың әскері бар 31-экспедициялық теңіз жаяу әскерлер корпусы және USS Tripoli кемесі жіберілген. Қазіргі уақытта бұл кеме және әдетте Жапонияда орналасатын басқа кемелер Тынық мұхиты аймағында тұр. Олардың Иранға жақын аймаққа жетуі үшін шамамен бір апта қажет болады.

Associated Press бұл қадам өңірдегі әскери күштердің айтарлықтай артқанын көрсеткенімен, бұл Иран аумағында құрлық операциясы міндетті түрде басталады дегенді білдірмейді деп атап өтті.

Сондай-ақ теңіз жаяу әскерлерінің экспедициялық бөлімдері тек десант операцияларын ғана емес, елшіліктерді қорғау, бейбіт тұрғындарды эвакуациялау және табиғи апаттардың салдарын жою сияқты міндеттерді де орындай алады.

Дегенмен Axios порталының дереккөзі АҚШ Орталық қолбасшылығының бұл сұранысы нақты Иранға қарсы әскери операциялар жүргізу мүмкіндігін кеңейту үшін жасалғанын айтты. Оның сөзінше, қосымша теңіз жаяу әскерлерімен бірге басқа әскери кемелер мен F-35 жойғыш ұшақтары да Таяу Шығысқа жеткізіледі.

Еске сала кетейік, 2026 жылдың 28 ақпанында АҚШ пен Израиль Иран аумағына соққы жасай бастағаннан кейін, Тегеран үкіметі мұнай мен газ жеткізу үшін аса маңызды Ормуз бұғазы арқылы қозғалысты іс жүзінде шектеп, бұғазды «толық бақылауда ұстап отырғанын» мәлімдеген.

Бұл жағдай энергия тасымалдаушылар бағасының қымбаттауына әкелді. Соның салдарынан АҚШ Ресейге қарсы кейбір санкцияларды уақытша жұмсартуға мәжбүр болды.

Вашингтон Тегеранды бұғазды миналауға айыптаған. Ал Еуроодақтың бірқатар елдері, The Financial Times мәліметінше, өз кемелерінің бұғаздан қауіпсіз өтуі үшін Иранмен келіссөз жүргізіп жатыр.

Тегтер: