Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:50, 03 Маусым 2025

АҚШ-тың ең ірі инвестициялық банкінің басшысы Ленинді үлгі тұта ма?

Ленин
Фото: zhasalash.kz

JPMorgan банкінің бас директоры Джейми Даймон жастарға көп оқуға және саяхаттауға кеңес берді. 

Оның бұл пікірі Владимир Лениннің әйгілі “Оқы, оқы және тағы да оқы” деген сөзімен үндесіп жатыр. Frank Media Даймонның сөзін келтірген.

Fox Business телеарнасына берген сұхбатында Даймон жастарға сәттілікке жету үшін мынадай кеңестер айтты:

«Оқыңыз, оқыңыз, оқыңыз, оқыңыз. Барлығын оқыңыз. Барлығымен сөйлесіңіз. Барлық көзқарасты тыңдаңыз. Бір ғана идеологияның тұтқынына айналмаңыз. Саяхаттаңыз — бұл ғажап. Кей елдер керемет нәрселер жасап жатыр. Күн сайын адамгершілікпен және жүрекпен құрметке ие болуға тырысыңыз. Адамдар сізге сенгісі келуі керек. Егер сенсе, олар сіз үшін жұмыс істейді. Көшбасшылық — бұл адамдарға қысым көрсету емес».

Даймон жұмыста қарапайым қызметкерлерден бастап, бас директорларға дейін барлығымен сөйлесетінін айтты және кез келген адамға — күзетшіге де, даяшыға да — құрметпен қарау керектігін баса айтты. Сондай-ақ болашақ қаржыгерлер мен брокерлерге өмірден ләззат алып, «жол түзу болмаса да, жолдың өзінен рахат табу» керек екенін жеткізді.

Ол 1998 жылы өзінің компаниясы Citigroup-пен бірігіп, сол жерде жұмысынан айырылғанын еске алды. 15 жыл бойы құрған қаржылық империядан айырылғанымен, ол үмітін үзбей, әрі қарай еңбек етіп, бірнеше жылдан кейін JPMorgan басшысы атанды.

Даймон болашағы жайлы да пікір білдіріп, тағы бірнеше жыл жұмысын жалғастырып, уақыт келгенде орнын босататынын айтты. Сонымен қатар ол АҚШ-тың облигациялар нарығында дағдарыс болатыны сөзсіз, бірақ оның нақты қашан болатынын болжау қиын екенін жеткізді.

Тегтер: